Сұмдық судан шыққалы тұр» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 17 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 17 шілде, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, биылғы жылдың тамыз айының 4-10 күндері Афина қаласында «Философия - өмір салты және таным формасы» тақырыбына арналған XXIII әлемдік философиялық конгресс өтпек. Конгресте екі мыңнан астам ғалым жиналып, өткір әлемдік және аймақтық мәселелерді шешудегі философияның рөлі, ондағы жаңа бағыттар мен мектептер, әдіснамалық және дүниетанымдық талдаулар жасалмақ. Оған елімізден бір топ философ өздерінің қызғылықты баяндамаларымен бармақ. Сөйтіп, әлемдік философиядағы өзіміздің ұлттық философиямыздың орны мен рөлін көрсету мақсаты да тұр. Содан кейін қыркүйек айының 27-28 күндері Алматыда І қазақстандық философиялық конгресс өтпек. Бұл жиын «Қазіргі әлемдегі философия: даму стратегиясы» тақырыбына арналған. Алдымен әлемдік, содан кейін оның жалғасы ретінде қазақстандық конгресс өз жұмысын өткізеді. Осы конгрестің аясында Қазақстан философия қоғамын құру жоспарлануда. Бұл мақала «Қазақ философиясының рухани бастаулары» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Әскери саладағы әріптестік жалғасады» атты материал басылды. Кеше Астанада Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжоу Лимен кездесті.

- Тату көршілік және достық қарым-қатынастық негізіндегі Қазақстан-Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жемісті дамуын қанағаттанғандықпен атап өтемін. Екі мемлекет басшылары Қазақстан мен Қытай арасындағы барлық бағыттағы өзара іс-қимылды, оның ішінде әскери-техникалық ынтымақтастық саласын нығайту мен кеңейтуді жалғастыру туралы келісімге келді, - деп атап өтті Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы. Қазіргі уақытта екі ел қорғаныс министрліктері арасындағы байланыстар қол жеткізілген әскери-техникалық өзара іс-қимылды, сондай-ақ әскери мамандар даярлау саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырудан тұрады. Бүгінде Қытайда 20 қазақстандық әскери қызметші білім алуда.

***

«Нақты деректерге сүйеніп сөйлер болсақ, жұмыр жердің 70 пайызын су басып жатыр. Соған қарамастан әлем халқының 70 пайызы суға зәру. Бұл жағдай 2025 жылға қарай ушыға түспек. Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, алдағы уақытта мемлекетаралық қақтығыс, жанжал, соғыс та судан шығуы мүмкін. Қысқасы, алдағы 10-20 жылда су мәселесі ғаламда ең басты проблемаға айналады»,-деп жазады «Айқын» газеті «Сұмдық судан шыққалы тұр» деген мақалада. Мәселен, су мәселесін зерттеп жүр­ген АҚШ профессоры Аароном Воль­фом: «Әлемнің 45,3 пайызында өмір сүріп жатқан 145 мемлекет 263 транс­шекаралық өзендерді пайдаланады. Қа­зір осы мемлекеттер арасында су дауы қатты көтерілуде. Мұның арты үл­кен қақтығыстарға алып келуі әбден мүм­кін» десе, «Water initiatives» журналы «соңғы кезде әлемде су тапшылығы қатты білінуде. Ашық соғысқа алып келмесе де, текетірес ошақтары пайда бола бастады. Әсіресе, бұл мәселе Афри­ка елдерінде ушығып тұр. Мәселен, Афри­ка, Эфиопия, Гана, Мали, Танзания, Перу, Үндістан, Израиль, Палестина т.б. Бұл елдерде «суды басып алу» мәселесі өте өзекті. Сондай-ақ, су мәселесі Орта Азияда да қатты сезілуде. Соның ішінде Әмудария мен Сырдарияны қа­тар еміп жатқан Қырғызстан, Тәжік­стан, Өзбекстан, Қазақстан, Түрікменс­тан арасында да текетірес бар» деп жазады.

Осы басылымда «Өлген итті өлтіріп көрдіңіз бе?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Сіз өлген итті өлтіріп көрдіңіз бе? Көшедегі итті емес, ішіңіздегі итті... Таяуда теледидардан «Вот где зарыта собака» деген сөзді «Міне, итті қайда көмгенін көрдің бе?» деп аударғанына куә болғанбыз. Қазақтан артық сөз айтқан ел бар ма? Мұны бір-ақ ауыз сөзбен «Ішінде ит өліп жатыр» деді. Қандай зор мағына? Бүгінде әркімнің ішінде бір ит өліп жатқан сияқты... Менің де ішімде бір өлген ит жатыр. Оның өлгеніне көп бола қойған жоқ. Жақында ғана өлді. Алматының ірге­сіндегі «Апорт» сауда орталығына, оның ішіндегі «Спортмастер» дүкендер желі­сінің ішіне кіре қойғанымыз сол: бала­ларға волейбол добын, секіртпек алға­нымыз да сол, есеп айырысуға барғанда кассадағы оператор қыз салған жерден орысша шүлдірлеп, біздің мемлекеттік тілдегі өтінішімізге құлақ аспады. Тіпті «Қайда барсаңыздар онда барыңыздар, маған мемлекеттік тілді біл деп ешкім де талап қоя алмайды, ал сіздердікі тіл жағынан қысым көрсету болып табылады» деп безірейген бетінен танған жоқ. Амал жоқ, дүкен басшысын шақыруға мәжбүр болдық. Негізгі басшылары Астанада отырады екен, Нияз деген азамат опе­ратор қызға шық жуыт­пады. «Оған мем­лекеттік тілді білудің қажеті жоқ, мұнда орыс тілінде қызмет етуге болады, орыс тілін білмесеңіз - өзіңіздің сорыңыз» деген уәж айтты. Күйесіз бе? Жанасыз ба? Өртенесіз бе?»,-деп жазады мақала авторы.