Су үнемдеу технологияларын қолданбайтын аграршылар субсидиядан қағылады

АСТАНА. KAZINFORM — Су үнемдеу технологияларын қолданбайтын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 2029 жылдан бастап субсидиядан қағылады. Бұл туралы су үнемдеу тақырыбына арналған іс-шара барысында Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су үнемдеу технологияларын дамыту департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Нұриханова мәлім етті.

Фото: Kazinform/ЖИ

Оның айтуынша, бүгінде су қауіпсіздігі мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі факторларының біріне айналып отыр. Бұған климаттың өзгеруі, халық санының өсуі, ауыл шаруашылығы қажеттіліктерінің артуы және экожүйелердің деградациясы әсер етіп жатыр.

— Су ресурстары тапшылығының күшеюі кешенді әрі заманауи шешімдер қабылдауды талап етеді. Қазақстан үшін трансшекаралық су ресурстарының маңызы Қазақстан үшін бұл мәселелердің маңызы ерекше. Өйткені өзен ағынының едәуір бөлігі ел аумағынан тыс жерлерде қалыптасады. Негізінен, өзендеріміз трансшекаралық болғандықтан, қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалану қажет. Сондықтан суды үнемдеу және су үнемдеу технологияларына көшу өзекті. Бұл мәселені Мемлекет басшысы да жыл сайын көтеріп, Үкімет пен мемлекеттік органдардың алдына су үнемдеу технологияларына көшу жөнінде нақты міндеттер қойып келеді, — деді ол.

Департамент директорының орынбасары су ресурстарын басқару жүйесін реформалаудың негізін Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы құрайтынын айтады. Ал екінші негізгі құжат — 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы. Сонымен қатар Су ресурстарын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленген. Жоспарда осы бағыттағы іс-шаралардың негізгі тетіктері қамтылған. Су үнемдеу жөнінде үш жылға арналған жеке Жол картасы да бекітілген. Үш жылға жоспарланған іс-шаралар осы құжатта қарастырылып, жаңа Су кодексі қабылданған. Онда су ресурстарын ұтымды пайдалану қағидаттарына, су пайдаланудың тиімділігін арттыруға және су үнемдеу технологияларын енгізуге баса мән берілген.

Ауыл шаруашылығы — судың негізгі тұтынушысы

Бүгінде ең ауқымды жұмыс ауыл шаруашылығы саласында жүргізіліп келеді. Өйткені бұл сала су ресурстарының негізгі тұтынушысы саналады. Шығындалатын судың шамамен 60 пайызы аграрлық секторға тиесілі. Сондықтан негізгі басымдық осы салаға беріліп, жыл сайын кемінде 150 мың гектар жерді су үнемдеу технологияларына көшіру қолға алынған.

Су үнемдеудің негізгі технологиялары:
— тамшылатып суару жүйесі;
— жаңбырлатып суару әдісі.

Қарлығаш Нұриханованың мәліметінше, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласында су ресурстарының негізгі тұтынушыларының бірі — күріш дақылы. Басқа дақылдарға, атап айтқанда көкөніс және дәнді дақылдарға орта есеппен гектарына 6,5–7 мың текше метр су жұмсалса, күріш алқаптарына гектарына шамамен 30–35 мың текше метр су қажет.

— Осыдан күріштің суға ең көп тәуелді дақылдардың бірі екенін көруге болады. Сондықтан суды тұтынуды азайту үшін лазерлік тегістеуіштер сияқты технологиялар қолданылып жатыр. Осындай заманауи технологиялар мен әдістерді ауыл шаруашылығында кеңінен пайдалану қажет, — деді министрлік өкілі.

Су үнемдейтін шаруаларға қолдау

Су үнемдеу технологияларына көшу үшін мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қолдау көрсетіледі. Тамшылатып суару және жаңбырлатып суару жүйелерін сатып алған кезде шығындардың 80 пайызына дейіні өтеледі. Бұл ретте тек жабдықтың құны ғана емес, қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындар да өтеліп жатыр. Сонымен қатар мемлекет аграршыларды қолдау мақсатында суға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өз мойнына алып отыр. нақтырақ айтқанда, егер су үнемдеу технологиялары қолданылса, онда субсидия мөлшері артады. Қазір оның көлемі 60 пайыздан 85 пайызға дейін жетеді.

— Су үнемдеу технологияларын қолданбайтын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін субсидия көлемі жыл сайын 10 пайызға қысқартылып отырады. 2029 жылдан бастап мұндай нормаларды толығымен алып тастау жоспарланып отыр, — деді департамент директорының орынбасары.

Қабылданған шешімдер қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отыр. Бірнеше жыл бұрын су үнемдеу технологияларымен қамтылған алқаптардың жыл сайынғы өсімі шамамен 30 мың гектар болса, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш жылына шамамен 150 мың гектарға жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптардың көлемі 143,5 мың гектарды құрады. Биыл да ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің су үнемдеу технологияларына көшу бағытындағы жұмысы жалғасып жатыр. 9 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 158 мың гектарға жетті.

— 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларымен қамтылған алқаптардың көлемін 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Алдын ала есептеулер бойынша, бұл шамамен 2 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан қаржыландыру қамтамасыз етіледі. Соңғы 3 жылда осы бағыттағы қаржыландыру көлемі шамамен төрт есеге артты, — деді ол.

Өнеркәсіптегі су айналымын тұйықтау

Оның атап өтуінше, суды ең көп тұтынатын екінші сала — өнеркәсіптік кәсіпорындар. Сондықтан жаңа Су кодексінде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды кезең-кезеңімен айналымды сумен жабдықтау жүйесіне міндетті түрде көшіру қарастырылған.

— Айналымды жүйе дегеніміз — суды тұйық циклде қайта пайдалану. Демек, су жүйеден шығарылмай, қайта айналымға жіберіледі. Ал тазартылған суды қайта пайдалану жаңа судың алынуын азайтуға жол ашады. Мысалы, тазартылған суды көгалдарды суаруға немесе шаңды басуға қайта пайдалануға болады. Өнеркәсіп саласында осындай шаралар Су кодексінде қарастырылған. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың осы жүйелерге көшуі және оларды пайдалануы үшін нақты талаптар белгіленген, — департамент директорының орынбасары.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта су үнемдеу

Суды тұтыну көлемі жағынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы үшінші орында тұр. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл — біздің күнделікті су тұтынуымыз. Сол себепті су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру да маңызды. Осы мақсатта өткен жылы мектеп оқушылары мен студенттер арасында экосағат өткізілді. Акция алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Іс-шараның негізгі мақсаты — әрбір азаматтың бойында су ресурстарын ұтымды әрі үнемді пайдалану мәдениетін қалыптастыру.

Суды үнемдеу мәдениеті — суды тек үнемдеп пайдаланумен ғана шектелмейді. Бұл — су айдындарына және қоршаған ортаға деген жауапты көзқарас та. Өзендер, көлдер, бұлақтар мен жағалау аумақтарының ластану мәселесін қозғамай, су ресурстарын сақтау туралы айту мүмкін емес. Сондықтан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Мөлдір бұлақ» атты ауқымды экологиялық акция өткізіледі. Оның негізгі мақсаты — бұлақтар мен жағалау аумақтарын тазарту, абаттандыру және суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.