деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжіліске қатысушылар Мемлекет басшысының жемқорлықпен күресті күшейту жөніндегі тапсырмалары мен жемқорлықпен күреске бағытталған 2006-1010 жылдарды қамтитын мемлекеттік бағдарлама бойынша 2009 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын талқылауда. Сондай-ақ онда мемлекеттік органдардағы жемқорлық әрекеттерінің деңгейін бағалауға арналған рейтингінің нәтижелері қаралады.
Басқосуда күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты сөз қозғаған Мемлекеттік хатшы, өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде Елбасының жемқорлықпен күресті күшейту жөніндегі стратегиясына сәйкес атқарылған жұмыстардың барлық мемлекеттік органдарда айтарлықтай жетілгендігін атап көрсетті. «Бұл бағыттағы жемісті нәтижелер еліміздің барлық аймақтарына бірдей қатысты. Қазір Қазақстанның осы бағыттағы жұмыстары халықаралық деңгейдің өзінде жақсы бағаланып отыр. Яғни жемқорлықпен күрес комиссиясы мен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі өздерінің міндеттерін тиімді атқара білді. Мемлекет басшысы биылғы жылғы Жолдауында мемлекет әрі қарай дамуы үшін құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіріп, оны толығымен жаңғырту қажеттігін атап көрсетті. Бұл әрине біздің комиссиямызға да қатысты да айтылған сөз. Сондықтан біздің биылғы қызметіміз Елбасының осы бағыттағы міндеттерін орындауға жұмылдырылуы тиіс», деді Қ.Саудабаев.
Сондай-ақ сөзінде, еліміздің биылдан бастап Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырғандығын жеткізген Мемлекеттік хатшы «Бұл бір жағынан Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы қол жеткізген жетістіктеріне берілген баға болса, екінші жағынан еліміздегі азаматтардың құқықтарының қорғалу деңгейінің көрінісі», деді.
Мемлекеттік хатшы осы басқосуда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі комиссия мүшелеріне комиссияның құрамына жаңадан тағайындалған Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Нұрпейісов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әділ Шаяхметовты таныстырды.