Сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейтіле түсетін болады - БҚО

ОРАЛ. 12 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейтіле түсетін болады. Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП Бөрлі аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткізілген «Сыбайлас жемқорлық - әлеуметтік кесел» атты форумда айтылды.

Аудандық филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Олег Перегудовтың мәлім еткеніндей, өңірде лауазымды тұлғалардың қатысуымен қабылдаулар, партиялық бақылау бекеттерінің тексерулері ұйымдастырылып, азаматтардың арыз-шағымдары да аяқсыз қалмайды. Мәселен, Бөрлі ауданында құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарға партиялық бақылау жасау мақсатында рейдтер ұйымдастырылды. Бөрлі қазақ мектебі жанындағы интернатын күрделі жөндеуге «Жол картасы» бағдарламасына сәйкес республика бюджетінен 29 млн. тенге, облыс қазынасынан 15 млн. теңге, барлығы 44 млн. теңге қаржы бөлінген. Тексеру барысында белгілі болғанындай, мұнда есік-терезесі ауыстырылып, су, электр, кәріз, жылу жүйелері жөнделген, ғимараттың қабырғасы әктеліп, ауласына тақтатас төселген. Мердігер «Эксперимент» ЖШС (басшысы Ақсерік Әйтімов) нысанды уақтылы пайдалануға тапсырды. Сондай-ақ «Балапан» бағдарламасы бойынша Ақсай қаласындағы №6, №7 балабақшалардағы жұмыстар тексерілді. Жөндеу жұмыстарын «Жайықауылқұрылысы» ЖШС (Ерденбек Рахметов) жүргізіп жатқан №6 балабақшаға 143 млн. теңге бөлінсе, №7 балалақшаны қалпына келтірумен айналысқан «Болашақ-Т» ЖШС (Қайдар Қощанов) 147 млн. теңгені игерді. Екі нысанның да есік-терезелері ауыстырылып, электр, кәріз және жылу жүйелері жөндеуден өткізілді, ғимараттың алдыңғы жағы мен қоршауы ретке келтірілген. Приурал ауылындағы «Таза су» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес су құбырын қалпына келтіру жұмыстарына мемлекет қазынасынан 60 млн. теңге бөлінді. Тексеру сәтінде аталған нысанға бөлінген қаржының 36 млн. теңгесі игерілгендігі белгілі болды. Жұмыстарды жүргізіп жатқан «Батысгазстрой» ЖШС нысанды 2010 жылдың аяғына дейін тапсыруды жоспарлап отыр.

ҚР тұрғын үй құрылысы жөніндегі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Ақсай қаласының Қарашығанақ ықшамауданындағы 30 пәтерлік бес қабатты үйдің құрылысына республика бюджетінен 89,463 млн. теңге бөлінген. Оралдық мердігер «Жайықауылқұрылысы» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2010 жылдың 15 желтоқсанына дейін аяқтап, пайдалануға бермек. Бөрлі ауылындағы колледждің бұрынғы жатақханасын 50 орындық қарттар үйі ретінде қайта құру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 89 млн. теңге бөлініп, құрылысын «Болашақ-Т» ЖШС жүргізуде.

Жалпы, екі жылға жетпейтін уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық кеңестің қызметі нақты, тұрақты әрі жүйелі жоспар бойынша жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта да сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шешімдердің орындалуы қатаң бақылауға алынатын болады.

Форум барысында «Нұр Отан» ХДП Бөрлі аудандық филиалының төрағасы Ибрагим Ізмағамбетов облыстық филиалдың бастамасымен аудандық филиал мен білім беру бөлімі 9-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы сурет байқауының қорытындысын жария етті. Байқау қорытындысында Ақсай қаласындағы №1 орта мектеп оқушысы Динара Аманғалиева бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге дипломдар табыс етілді.