Сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғамдық кеңестің атқарар маңызы зор - Батыс Қазақстан

ОРАЛ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында құқық қорғау саласын реформалауға ерекше назар аударды.

Бұл ретте сыбайлас жемқорлықпен күресте «Нұр Отан» ХДП жанынан құрылған қоғамдық кеңестердің атқарар маңызы зор. Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Самат Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, кеңес құрылғаннан бері біраз жұмыс атқарылды. Жариялылық пен ашықтық, шенеуніктердің сыбайластық әрекетін назардан тыс қалдырмай, тиісті шаралар алу қоғамдық кеңес жұмысына деген жұртшылықтың сенімін бекітті. «Құқық қорғау органдарының жұмысын қайта құру, сөз жоқ, біздің қоғамдық кеңестерге де ықпал етеді. Себебі біз осы органдармен тығыз байланыстамыз, шараларды бірлесіп өткіземіз. Бұл, түптеп келгенде, біздің ортақ ісіміздің сапасы мен нәтижелілігін арттырмақ», деді ол.