17:13, 22 Сәуір 2009
Сыбайласқан жемқорлық фактілерді дер кезінде анықтайтын және олардың сапалы тергелуін үйлестіретін штаб құрылатын болады ? ҚР Бас прокуратурасы
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Отырысқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің, Ішкі істер, Әділет, Қаржы және Төтенше жағдайлар министрліктерінің басшылары қатысты.Қ.Мәмидің атап өткеніндей, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, әсіресе азаматтардың әлеуметтік және экономикалық құқықтарын қорғау, заңдық және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құқық қорғау қызметін үйлестіру күшейтілетін болады.Бас прокурордың пікіріне қарағанда, құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесі қылмыспен күресті күшейтудің мейлінше тиімді құралы болуы тиіс және Кеңес мүшелерінің жауапкершілігін едәуір арттыра түсу қажет.
Кеңестің ұйымдастыру және функциялық өкілеттігін заңды түрде бекіту жөнінде шешім қабылданды. Бас прокуратура жанынан тұрақты жұмыс істейтін Үйлестіру Кеңесінің хатшылығын құру мәселесі қаралды, оның құрамына еліміздегі барлық құқық қорғау органдарынан бір-бірден тағайындалған өкілдері кіретін болады. Бұдан басқа, Кеңестің жұмыс жоспарына өзгерістер енгізілді.