Сындарлы кезең сынының келелі міндеттері

ҚЫЗЫЛОРДА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Әлемді жайлаған қаржы-экономикалық дағдарыс салдарының тигізер ауыртпалықтарын жеңілдету, жұмыссыздықты болдырмау біздің елімізде, жекелеген өңірлерде қалай жүргізіліп жатыр? Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоңғаров

ҚазАқпарат тілшісіне Сыр өңірінде атқарылып жатқан осы бағыттағы жұмыстар туралы әңгімелейді.? Мадияр Алдиярұлы, Елбасы биылғы Жолдауында әлемді шарпыған қаржы дағдарысы жағдайында ел бірлігін, тыныштығын сақтаудың, келеңсіз құбылыстарға қарсы күрес жүргізудің маңыздылығын айрықша атады. Ал аймақта саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін, әлбетте, жан-жақты ойластырылған, тиімді жұмыс істеуге қабілетті іс-шаралар жоспары қажет. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыс барысынан хабардар етсеңіз. ? Шаруашылық жүргізудің дүние жүзінде қалыптасқан бүгінгі жүйесі әлемді жайлаған осынау келеңсіздіктен жеке дара сытылып шығу мүмкіндігі жоқ екендігін күн өткен сайын айқын дәлелдей түсуде. Бұл туралы Мемлекет басшысының бірнеше рет басылым беттерінде өзінің байсалды ұстанымға құрылған пайымдауларын жария еткені қалың жұртшылыққа мәлім. Елбасының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында 2008 жылдың қазан айында «Қызылорда облысының экономикалық тұрақтылығын, әлеуметтік игілігін және экономикасын жаңартуды қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі шаралар туралы» қаулысы қабылданды. Сондай-ақ еңбек нарығында қызметкерлерді жаппай қысқартуды болдырмау және тұрақтандыру шараларын іске асыру мақсатында облыста жұмысшы тобы құрылды. Бүгінгі таңда облыстың экономикалық белсенді халық саны 304 мың адамды, оның ішінде жұмыспен қамтылғандар саны 282,9 мың адамды құрайды. Соңғы деректерге жүгінсек, облыс бойынша 63 адам қысқартуға ұшырап, 347 адам ақысыз демалысқа жіберіліп, 344 адам жартылай жұмыспен қамтылып отыр. Осынау күрделі кезеңде жұмысшы-қызметкерлердің жалақы берешегіне жол бермеу маңызды міндет болып табылады. Облыс бойынша жыл басында жалақы қарыздары 128,4 млн. теңгені құрайтын еді. Бүгінгі күнге ол бар болғаны 6 млн. теңге. Бұл қолданылған шаралардың нәтижеге жеткізгенін көрсетеді. Осы орайда «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік кәсіпорны жұмысшы-қызметкерлерінің қордаланған жалақы қарызы өтелгенін атап өткім келеді. Әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу бағытында мекемелерде ұжымдық шарттар жасасу жалғасын табуда. Облыс әкімдігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті, облыстық кәсіподақтар кеңесі, облыстың өнеркәсіпшілері және кәсіпкерлері арасында барлығы 45 Меморандумға қол қойылды. Облыста жұмыс істейтін ірі кәсіпорындар жұмысына ұдайы мониторинг жүргізіледі. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру жөніндегі 2008-2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес 2009 жылы облыс бойынша 9445 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде. Өздеріңізге мәлім, үстіміздегі жылдың 26 ақпанында облыс әкімі Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар министрлігінің «Селденқорғау құрылыс» мекемесімен меморандумға қол қойған болатын. Меморандумға сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысындағы Көксарай су тоспасында жұмыс істеуге қызылордалық 1000 адамды жұмысқа қабылдау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. «Селденқорғау құрылыс» мемлекеттік кәсіпорны бүгінгі таңда тұрақты жұмысқа барлығы 52 маманға сұраныс жасады. Олар негізінен шетелдік жүк тасымалдау техникаларының, экскаватор жүргізушілері болып табылады.Сондай-ақ, қосалқы мердігер ? "Базис ? А", "Ақсу" кәсіпорындары 500 жұмысшы маманды Қызылордаға келіп іріктейді. Жұмыс вахталық әдіс бойынша жүргізіліп, жұмысшылар бір ай жұмыс істеп, бір ай демалады. Айлық табысы 50 мың теңге шамасында, тамағы, жатын орын, жол ақысы тегін.Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап 22 адам бірінші вахтада жұмысты бастап кетті. ? Мемлекет басшысы мен үкімет қазіргі таңда дағдарыстан шығудың басты жолы ретінде кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Облыс өңірінде жүзеге асыру көзделіп отырған жобалар төңірегінде не айтасыз? Олардың қатарында Сыр өңірінің болашағын айқындайтын индустриялық-инновациялық бағыттағы жобалар бар ма? ? Дамыған шағын және орта бизнес ел экономикасы дамуының негізі болып табылады. Осы орайда, Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне айрықша мән беріп, оны қолдаудың ауқымды міндеттерін белгілеп берді. Облыста кәсіпкерлікті дамыту мен оны қолдау «Қызылорда облысының 2007-2010 жылдарға арналған аймақтық индустриялық-инновациялық бағдарламасы» аясында жүргізіліп келеді. Саланы дамыту мен алға жылжытуда кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымын құрудың маңызы ерекше. Осы ретте, облыстың Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарында бір орталықтан кәсіпкерлерге қажетті кеңестер мен бағыт бағдарлар беретін бизнес орталықтар (инкубатор) ашылғанымен, оның ішінде тек Қармақшы ауданында бизнес орталық тұрақты жұмыс жасауда. Қалған аудандар бойынша бизнес орталықтарды құру шарасы алдағы уақытта жандандырылатын болады. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда қаржы несиелік қолдаудың алатын орны ерекше. Себебі шағын және орта бизнестің қалыптасуына бірден бір негіз болатын ? бұл қаржы-несиелік ресурстар. 2008 жылы республикада «Даму -Аймақ» бағдарламасы бойынша бөлінген 28 млрд. тенгенің 2 млрд. теңгесі Қызылорда облысының еншісіне бұйырды. Ал 2009 жылы осы бағдарлама аясында облысқа «Даму» қоры арқылы 1,8 млрд. теңге бөлініп, облыстың 4 екінші дейгейлі банктеріне орналастырылды. 2008 жылы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жобаларын несиелендіруге 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Әріптес банктермен «Даму» қоры арқылы аударылған 500 млн. теңгенің 107 млн. теңгесі игеріліп, барлығы 9 жоба жылдық 13 пайызбен несиелендірілді. Бірақ, осы несиені алу кәсіпкерлерге оңай соқпай тұр. Банк талаптарын орындауда, қажетті құжаттар әзірлеуде, әсіресе, кепілдік мүлікпен қамтамасыз етуде банктердің бастапқы бизнесті несиелеуден бас тартуы, құжаттарды ұзақ қарап, жобаларды көп уақыт таңдауы кәсіпкерлерді көлденең қиындықтарға кезіктіруде. Осының салдарынан көптеген кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеге қолдарын жеткізе алмайды. 2009 жылы кәсіпкерлікті қолдауға 250 млн. теңге бөлінді. Бөлінген қаражатты толық игеру, елді мекендердегі кәсіпкерлердің несие ресурстарына қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы арқылы несиелеу тетігін енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Себебі бұл құрылым ауылдық жердегі кәсіпкерлерге несие алудың, оған қол жеткізудің тиімді жүйесі болып табылады. Елбасының қазақстандық, оның ішінде жергілікті тауарөндіруші шағын және орта бизнес салаларын қолдау мақсатында берген тапсырмасына сәйкес, жергілікті тауарөндіруші шағын және орта бизнестің реестрі әзірленді. Реестрге сәйкес жергілікті тауарөндірушілердің шығаратын өнім сипаттамасы бар тізім ұлттық және облыстың ірі компанияларына жолданып, облыс әкімдігінің веб сайтында орналастырылды. 2009 жылы жүйеқұраушы кәсіпорындардың жоспарларына сәйкес тауарлар, қызмет және жұмыстарды сатып алуға 197,5 млрд теңге бөлінеді. Алдын-ала болжам бойынша оның 138,2 млрд теңгесіне қазақстандық мазмұндағы тауарлар сатып алу жоспарланып отыр немесе бұл қаралған қаржының 70 пайызын құрайды. Шағын және орта кәсіпкерлік тауарларын өткізу үшін ұлттық және облыстың ірі компанияларының басшыларымен кездесу өткізіліп, компаниялардың сатып алу көлемінде қазақстандық тауарлар үлесін арттыру бағытында өзара түсіністік пен ынтымақтастық меморандумдары жасалуда. Бұл орайда, жүйеқұраушы мұнай компаниялары мен жергілікті тауарөндірушілердің арасында меморандумдар жасау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 56 млрд теңге құрайтын 40 меморандумға қол қойылды. Жыл соңына дейін бұл сома ұлғаятын болады. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған мемлекеттік стратегиясы аясында облыстың экономикасын әрі қарай жаңғырту және әртараптандыру мақсатында Қызылорда облысының 2007-2010 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамуының өңірлік бағдарламасы қабылданған болатын. Өткен жылы «Қызылорда қаласындағы жылу-энергия көздерін және тұрғын секторды ілеспе газға көшіру» жобасы жүзеге асырылды. Сөйтіп электрстансы құрылысының аяқталуымен облыстың энергетикалық тәуелсіздікке бағытталған алғашқы қадамы жасалды. Бұл жоба аймақтық индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басым бағыттары ? өңдеуші өнеркәсіптің қарқынды дамуына жол ашты. 2007-2008 жылдары аймақтық индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында 42 жобамен жұмыс жүргізіліп, 15 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 2008 жылы жалпы сомасы 8,8 млрд. теңге құрайтын 8 жоба іске қосылды. Жаңа нысандарды ашу және өндірісті кеңейту арқасында 880 жаңа жұмыс орны ашылды. Облыста соңғы екі жыл ішінде өңірдегі мұнай компанияларының күшімен бірнеше тиімді жобалар жүзеге асырылды. Олардың қатарында қиыршық тас зауыты, пластикалық қысымды ұстау, Қызылқия кенішінде мұнай және газ жинақтау жүйесі, мұнай дайындау және газ компрессорлық станса, керамикалық кірпіш зауыты, темір-бетон зауыты жобалары жүзеге асырылды. Сонымен бірге уран өндіру, балық өңдеу, газдалмаған су шығару, күріш өнімінен жылдам әзірленетін кеспе өндірісі секілді жобаларды аймақтың индустриялық-инновациялық бағыт бойынша өркендеуіне қосылған лайықты үлес ретінде мақтанышпен айтуға болады. Ал үстіміздегі жылы облыста жалпы құны 43,8 млрд. теңге құрайтын 9 жоба іске асырылады деп күтілуде. Бұған қосымша 2 жаңа өндіріс ошағының құрылысы басталады. Осының барлығы 1220 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын жобалар қатарына ілеспе газ өңдеу құрылғысын пайдалануға беру, сұйытылған газ тасымалдау терминалының, уран кенішін кеңейту, вагон зауытының құрылыстары, ванадий өңдеу, каучук брусчатка, пластикалық құбыр шығару, "Оңтүстік" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы кірпіш зауыттарын салу қолға алынады. Сондай-ақ "ҚазМеко" ЖШС метанол өндірісі мен мұнай өңдеу зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Облыстың серпінді жобалар қатарына "Уран кен орындарын кеңейту және күкірт қышқылы зауытының құрылысын салу", "Арал вагон жасау зауыты" жобаларын енгізу бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Осы жобалар облыстың индустриялық-инновациялық бағытта дамуына жаңа серпін береді. Аталған мақсаттарға 570,1 млн. АҚШ доллары және 120 млн доллар инвестиция салу жоспарланған. ? Облыс әкімінің қолдауы нәтижесінде биыл бюджетті қалыптастыру кезінде әкімшілік шығындар қысқартылып, оның есесіне жол жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржы өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе артып отыр. Жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жол жөндеу салаларында атқарылатын жұмыстар ауқымының негізгі бағытына тоқталып өтсеңіз? - Өздеріңізге мәлім, биылғы бюджетті қалыптастыру кезінде облыс әкімі Болатбек Қуандықов әкімшілік шығындарды едәуір қысқартып, әлеуметтік бағыттағы шараларға қаржы көзін көптеп қарастырған болатын. Үстіміздегі жылы облыстық және аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен көшелерді орташа жөндеуге 2,7 млрд. теңге қаралып отыр. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 6,3 есе жоғары. Сонымен бірге 2009 жылдың облыстық бюджетін нақтылау барысында жергілікті маңыздағы автомобиль жолдары мен қала көшелерін жаңғыртуға және жөндеуге бөлінетін қаржы көлемін бірнеше есеге өсіру көзделуде. Осының барлығы дағдарыс жағдайында халықты жұмыспен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, қалалар мен елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға, сөйтіп, жылдар бойы қордаланған проблемаларды кезең-кезеңмен шешуге мүмкіндік береді.