Сынға ұшыраған «Самұрық-Қазына» әлемдік «Fortune-500» тізіміне кіре ала ма? - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 10 қазан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Брюссельге сапары үлкен табыспен қорытындыланды. Қазақстан Республикасы Еуропалық одақпен екінші буын келісіміне қол қоятын Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекетке айналды. Бұдан бұрын хабар­лан­ғанындай, кеше Брюссельде Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық комиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен кездесті.

Айта кетейік, Еуропалық одақ (ЕО) осы құрлықта орналасқан мемле­кеттердің әлемдегі аса ірі саяси-экономикалық бірлестігі болып табылады. Бұл одақтың құрылуының басты жаңалығы - оған мүше мемлекеттер өздерінің ұлттық егемендіктерінің бір бөлігінен осы саяси бірлестіктің мүддесі жолында бас тартып, оны Одақтың өкілетті құрылымдарына беруі. Өйткені, Одаққа мүше елдер енді оған тән бір басқару құрылымының аясында өмір сүретін болды.

Одаққа бүгінде 28 мемлекет мүше болып табылады. Оның жалпы аумағы 4381 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Хал­қының саны - 505 миллион адам.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қаты­нас­тардың құқықтық негізі 1999 жылғы Әріптестік және ынты­мақ­тастық туралы келісім арқы­лы қалыптасқан болатын. Мұнан кейін 2011 жылғы 11 мау­сымда Брюссель қаласында ынты­мақ­тастық пен әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа келісімді әзірлеу жөніндегі келіссөздер ресми түрде бас­тау алды. Сөйтіп, 2011 жылғы маусымнан бастап осы уақытқа дейін жаңа келісімнің мәтінін әзірлеу бойынша келіссөздердің 8 ресми кезеңі өткізілді. Қорытынды кезең 2014 жылғы 9-11 қыркүйекте Ас­тана қаласында болып, содан кейін оны дәйектеу, қол қою және ратификациялау бойынша рәсімдер өткен еді.

Ал Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропалық комиссияның төр­а­ғасы Жозе Мануэль Барро­зудың Брюссельде өткен осы жолғы кездесуінде сол келіс­сөздердің қорытындысы шыға­рылып, үш жылдан астам уа­қыт­тан бері даярлану үстіндегі маңыз­ды құжат мәтінінің толық әзір­ленгендігі мәлім болды. Қазақ­стан Президенті мен Еуро­па­лық комиссия төрағасы осы оқи­ғаға байланысты екіжақты қарым-қатынастың кең көлемді мәселелерін талқылады. Мақала «Серіктестіктің серпінді кезеңі» деген тақырыппен беріліп отыр.

Аталған басылымның қос бетіне «Менің ағаларым» сериясымен Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығына арналып «Жаужүрек» атты көлемді зерттеу материалы беріліп отыр. Осы материалды даярлау барысында Рақымжан Қошқарбаев ерлігіне қатысты ақиқат шындықты тарих тереңінен аршып алу үшін біз бір кездегі КСРО Қорғаныс министрлігінің, қазір РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына (РФ ҚМОМ) арнайы өтініш жолдап, батырға қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған әскери құжаттарды алдырғанбыз, деп жазады мақала авторы Мұхтар Құл-Мұхамед.

Оның жазуынша, Жеңіс туы тігілген оқиғаның ізі суымай-ақ алғашқы баянатты Рақым­жанның полк командирі Плеходанов жазған. Онда былай делінген: «Командир взвода разведки 1 сб л-нт КАШ­КОРБАЕВ и разведчик взвода полковой разведки кр-ц БУЛАТОВ в 14.30 водрузили знамя над Рейхстагом. В 14.40 1 и 2 сб полностью вошли в Рейхстаг, очищая нижний этаж и подвальные помещения» (РФ ҚМОМ, 1390-қор, 1-тізім, 76-іс, 174-175-беттер. Ұрыс жағдайынан дәл хабар беретін әскери мұрағат құжаттарын түпнұсқа тілінде келтіруді жөн санадық). Екі парақтан аспайтын әскери тілмен қысқа да нұсқа жазылған «Описание боя за Рейхстаг» атты бұл құжатта шабуылдың барысы әр минутына дейін дәлме-дәл көрсетілген, соңына «Плеходанов» деп сия қарындашпен шиыршықтап қол қойылған. Тіпті, баянат соңында «что будет врать Зинченко проспавши в подвале» деген сөздер жазылған. Егер полк командирі қол қойған ресми құжатқа төменгі шенді офицерлердің өзгеріс түсіре алмайтынын және баянатта комдив қолымен жазылған ескертпелер жоқтығын ескерер болсақ, мұндай әскери этикаға сыймайтын кекесінді тіркесті Плеходанов жазуы мүмкін деп шамалауға болады, дейді автор. Соғыс жағдайында әр дивизияның барлық әскери қимылы мұқият тексеріліп, өзге баянаттармен, оның ішінде барлаушылар мағлұматымен салыстырылғаннан кейін әбден нақтыланған деректерді қаттап отыратын «Журнал боевых действий» дейтін арнайы құжаты болады. Енді Рақымжан шайқасқан 150-атқыштар дивизиясының осындай журналына үңіліп көрейік.

Онда: «Лейтенант КОШКАРБАЕВ и разведчик 674 сп БУЛАТОВ первыми подползли с полковым красным знаменем и в 14.25 30.4.45 водрузили его на площадки лестницы главного центрального входа в Рейхстаг с западной стороны. Только с наступлением сумерков 30.4.45 в здание Рейхстага с южной и центральной части ворвались 674 сп; с северной 1/756 сп», - делінген (Сонда, 1390 қор. 1-тізім, 1-іс, 22-23 беттер), деп жазады М. Құл-Мұхамед.

Мақалада РФ қорғанвыс министрлігінің мұрағатынан алынған құжаттардан дәлелдемелер келтіріле отырып, Рейхстагқа ең алғашқы болып батыр бабамыз Рақымжан Қошқарбаевтың ту тіккені жан-жақты зерттеледі.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Қымыз - халық медицинасының атасы» деген тақырыппен Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шармановпен эксклюзивті сұхбат беріліп отыр. «Жылқыны қазақ жануар деп атамай, қасиет тұтқан. Келісті сұлу сымбаты, жалын желбіретіп, дала­мыздың төсінде көсіле шапқан бейнесі халқымыздың байырғы көшпенді заманынан қалыптасқан символындай. Ауыз әдебиетімізден келіп жеткен мұраға сай Ақан серінің өзінің сенімді серігі Құлагерге көңілін қайғы-мұң сарынды жыр-жоқтаумен жеткізуі бекер емес. Ерттеп мінсең - мүлтіксіз көлік, сіңімді еті - тіл үйірер тағам, балдай қымызы - шипалы сусын, жылқыны қай тарапынан алсаң да, мінсіз деуге тұрарлық. Қазақ халқының шыққан тегі - ежелгі сақ, ғұн тайпаларының кең далада тіршілік етіп, жан сауға­лауына жылқының себепші бол­ғандығы туралы тарихтан белгілі. Байырғы батырларымыздың астында желдей есіп, жаумен бірге шайқасқан, еркіндіктің жеңіс туын желбіретуде үлесі зор болған, содан бері қазақпен бірге қилы заманды бастан өткізген жылқының киесіне күмән бар ма?» дейді академик.

Оның айтуынша, бие сүтінің ерекшеліктерін тізіп айтсақ, басты төрт қасиетіне тоқталуға тұрарлық: ақуызының «альбуминдік» - сіңімді, нәзік табиғаты; жеңіл әрі зиянсыз майқышқылдық құрамы (көп қанықпаған май қышқылдары); жұқ­палы ауруларды, мысалы тубер­кулез таяқшасын жоятын табиғи анти­биотик - лизоцимнің болуы; ашыту ба­ры­сында бактериялар мен вирус­тарға қарсы тұратын С дәруменінің (аскорбин қышқылының) мол кө­ле­мінің түзілуі.

Бұл - ана сүтіне ғана тән қасиеттер, сондықтан, ана сүтін алмастыру үшін сиыр сүтіне қарағанда бие сүтінің жа­рам­дылығы ғылыми тұрғыдан дә­лел­денген, дейді Т. Шарманов.

Осы басылымның жазуынша, «Нұр Отан» партиясы орталық аппа­ратында саяси ұйымның «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасының «Халық бірлігі» бағыты бойынша сараптама тобының кезекті отырысы өтіп, маңызды тақырыпты арнайы тал­қыға салды. Мақала «Терминді кім түгендейді?» деген тақырыппен берілген.

Гезеттің жазуынша, отырыста биыл мемлекеттік тілдің үстемдік құрғанына 25 жыл толғанын атап өткен топ жетекшісі Серік Сейдуманов маңыз­ды міндетті жүзеге асыруда айтулы же­тіс­­тіктерге жеткенімізге тоқталып, келең­­сіз­дік­тердің де кемімей тұрғанын қоз­ғады.

Ал арнайы баяндама жасаған Мәдениет және спорт министрлігі Тіл­дерді дамыту және қоғамдық-саяси жұ­мыс комитеті төрағасының орын­басары Серік Сәлемов заңнама, ғылым, жаңа технологиялар және басқа сала­лардағы терминдерді реттеу мәселе­лерінің кезек күттірмейтінін, соның ішінде министр­лік жанынан терми­но­логия институтын ашу қажеттілігін алға тартты.

Терминологиялық жұмыстарды ұйым­дастыру, терминқорды қалыптастыру Қа­зақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарлама­сының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Осы бағдарламаға сәйкес 2014 жылы қазақ тілінің реттелген термино­логиялық қорының үлесі 20%-ға, 2017 жылға қарай - 60%-ға, ал 2020 жылға қарай - 100%-ға жеткізу міндеті алға қойыл­ған. Ал басы түгенделмеген тер­миндерді санап шығу дегеніңіз қиямет-қайымға айналып тұр.

Отырыс қорытындысы бойын­ша арнайы терминология инс­ти­ту­тын ашу, оны республикалық бюд­жеттен қаржыландыру, еліміздің аумағында шығарылатын барлық сөздіктердің арнайы терминоло­гиялық институтта сараптамадан өтуін міндеттеуді заңдастыру секіл­ді өзекті бастамалар «Нұр Отан» партиясы «Халық бірлігі» бағыты бойынша сараптама тобы тарапы­нан толық қолдау тапты. Енді атал­ған келеңсіздіктер мен кедергілерді жоюға елдегі ең беделді партия кірі­сіп отыр.

***

Заңсыз тендер өткізетін, тауар бағаларын заңсыз көтеретін, алпауыт компаниялардың мүддесін көздейтін, жолдарды жөндемейтін, науқаншылдыққа ұрынатын, жұмысқа жас мамандарды тамыр-таныс арқылы алатын, кәсіпкерлерді сансыз тексерумен тұншықтыратын, ең бастысы, қарапайым халыққа тиесілі қаражатқа қол салатын шенеуніктерді сынға алған Президент Үкіметке келеңсіздікті жоюды тапсырды, деп жазады «Түркістан» газеті бүгінгі санындағы «Сынға ұшыраған «Cамұрық - Қазына» әлемдік «Fortune-500» тізіміне кіре ала ма?» атты мақалада.

Басылымның атап өтуінше, Ақордаға Үкімет мүшелері мен әкім-қараларды жинаған ҚР Пре­зиденті Н.Назарбаев шенді-шек­пендіні қатаң сынға ал­ды. Шенеуніктер арасындағы нау­қан­шылдық пен жемқорлықтан тү­гел хабардар екенін ашық айт­қан Елбасы құзырлы органдарға келең­сіз­діктерді жоюды тапсырды. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының жетекшісі Өмірзақ Шөкеев Қордың форумында жас мамандарды білімі мен білігіне қарай емес, «көкелерінің» қоңырауына қарай жұмысқа алатынына қатысты да Елбасының сынына ұшырады. «Ана жоғары жақта маған жұмысқа тұрғысы келетін жастардың тізімі мен суреттерін көрсетті. Оларды компанияға қалай келтіру керек деген сұрақ - маңызды мәселе. Қызметкерлерді біліміне, тәжірибесі мен талпынысына қарай мансап табалдырығымен қалай жоғарылату керек? Қазір бізде тамыр-таныстықтың арқасында жұмысқа орналасу проблемасын қоңырау шалу арқылы-ақ шешетін жағдайлар жиі кездеседі. Ал жұмысқа тұрғызған адамы қолын қусырып, ештеңе істемей отырады. Ең басты мәселе - осы! Шөкеев мырза, мойныңа жүктелген міндетпен айналысасың. Егер қолыңнан келмесе, жұмыс істемейсің. Не керектің бәрін береміз. Жұмыс істе!», - деп нығырлай тапсырған Назарбаевқа Шөкеев олқылықты қысқа мерзім ішінде жоюға уәде берді, деп жазады мақала авторы.

Форумда айтылған басты мәсе­лелердің бірі - 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 50 пайызға жеткізілуі тиіс. Бұл орайда, әсіресе, «Самұрық-Қазынаға» артылатын шаруа көп. Қор өзінің әрбір компаниясының айналасында шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасауы қажет. Трансформация осы міндетті жүзеге асыруға жағдай жасайды, өйткені Қорда тек негізгі бизнес қана қалуы тиіс, ал қосалқы міндеттер шағын және орта кәсіпкерлікке жүктеледі.