- Ботагөз Мағжанқызы, өзіңіз жайында айтсаңыз, қайда дүниеге келдіңіз, қайда оқыдыңыз?
- Мен Петропавл қаласының тумасымын. Осы шаһарда мектепті тәмамдадым. Кейін 1975 жылы медициналық училищеге оқуға түстім. Оны қызыл дипломмен тәмамдап, білімімді әрі қарай жетілдіремін деп шештім. Осылайша 1978 жылы ол кезде Целиноград, қазіргі астанамызда орналасқан мемлекеттік медициналық институтқа оқуға түстім. Жоғары оқу орнын 1984 жылы аяқтап, еңбек жолымды ауылда педиатр болып бастадым.
- Мамандығыңыз кім және бұл салада жүргеніңізге неше жыл?
- Терапевт-дәрігермін. Бұл салада жүргеніме биыл 38 жыл болады екен. Дәрігерлік және медицина менің өмірімнің ажырамас үлкен бір бөлшегіне айналды. Бұл мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін.
- Дәрігер мамандығын таңдауға не себеп болды?
- Бала кезгі арманым деп айта алмаймын. Бұл саланы ойда-жоқта таңдадым. Менің дәрігер болуыма анам себепші. Ол бірде науқастанып қалды, мен қолымнан келгенше көмектесіп бақтым. Кейін маған «медучилищеге түскенің дұрыс, мені емдейсің» деді.
- Балалық шақта кім болғыңыз келді, арманыңыздың орындалмағанына өкінесіз бе?
- Кішкентай кезімде саяхатшы болғым келетін. Үлкен кемелермен жүзіп, әлемді көргім келді. Әрине, балалық арман ғой.
- Жұмысыңыздың ең қиын және ұнайтын тұстары қандай?
- Дәрігер мамандығы асқан жауапкершілікті, шыдамдылықты қажет етеді. Ең өкініштісі, сен сырқатты жаныңды салып емдегеніңмен, өлімге араша түсе алмауың. Мұндайда еңсең түседі. Бірақ сырқатыңа қолданған емің нәтиже беріп, беті бері қарағанда сенен асқан бақытты адам жоқ. Менің жұмысымдағы ең кереметі – сырқатымның «рахмет, дәрігер!» деген алғысы! Шынайы ризашылықты ешқандай байлықпен өлшеуге болмайды. Жалпы еңбектің жемісті болуы ұжымға да байланысты ғой. Облысымызға танымал, жаңашылдыққа жаны құмар басшы Юрий Белоногтың қарамағында жұмыс істегенімді мақтан тұтамын. Әріптестерім де өз кәсібін сүйетін мейірбан жандар.
- Дәрігер - қиын мамандықтардың бірі, жұмыста жылайтын кездеріңіз бола ма?
- Әрине, біз де алдымен адамбыз. 2020 жыл біз үшін, дәрігерлер үшін өте қиын жыл болды. Бұрын естіп-білмеген коронавирус індетімен бетпе-бет келдік. Былайша айтқанда білмейтін «жау». Ол кезде емдеу протоколдары болған жоқ, қалай емдеу керек, нені қолдану қажеттігін білмедік. Ешкім білмеді. Ал сенен нәтиже күтеді. Өте қиын болды. Өте қорқынышты. Қолымыздан келер шара болмағандықтан талай жыладық. Мысалы, туберкулезді не болмаса онкологияны алайық, қалай емдеу керек екенінен хабарың бар. Сырқаттанғандардың туыстары да тәулігіне 24 сағат телефон соғады, бұл да әсер етеді, шаршатады.
- Адамдармен жұмыс істейтін мамандардың көпшілігі уақыт өте келе психологияны да жақсы меңгеріп жатады, мұның себебі неде?
- Қай салада болмасын адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан психолог болуға міндеттісің. Түрлі сырқаттар бар, кейбіріне тезірек тәуір болуы үшін көңіл, жай әңгімелесу жетпей жатады. Енді біріне өмірге деген құштарлығы ояну үшін ұрысу қажет.
- Өз жеке тәжірибеңізден, коронавирус қандай ауру? Тезірек тәуір болудың алғышарттары неде?
- Қазір бекітілген емдеу тәсілдері бар. Сондай-ақ аурумен күресте вакцинацияның рөлі орасан. Нәтижесін көріп жатырмыз. Менің өзім де екпе салдырдым, кейін ревакцинациядан өттім. Осылайша, мен өз-өзімді қорғадым. Вакцина салдырғаннан кейін де ауырдым. Бірақ ол айтарлықтай жеңіл өтті. Мұрнымнан су ақты, тамағым жыбырлап ауырды. Үш күннің ішінде тәуір болып, аяққа тұрдым. Отбасымызбен «омикронмен» ауырсақ та, тез тәуір болдық. Вакцинаның өзі коронавирустан қорғамайды, бірақ аурудың жеңіл өтетінін сеніммен айта аламын.
- Бос уақытыңыз бола ма, оны қалай өткізесіз?
- Бос уақытымның барлығы менің отбасыммен байланысты. Өйткені болмысы ерек әйел заты кәсібімен қатар үй шаруасын қатар жүргізуі қажет. Бала тәрбиесі тағы бар. Тіпті шаңырақта жанға жайлы көңіл-күйдің болуы да әйелге байланысты. Үйде мен сүйікті жар, ең жақсы ана және мейірімді әжемін. Жолдасым Сәбит Рақымұлымен отасқанымызға биыл 40 жыл. Түсіністік пен сыйластықтың арқасында бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз. Ұлым Саят – әскери қызметші. Балаларым ер жетіп мамандық таңдайтын кез келгенде оларға медицинаға бармауға кеңес бердім. Өйткені, дәрігер – жауапкершілігі мол, қиындыққа толы мамандық. Кейін, уақыт өте келе ұлым хирург болуды армандағанын айтты. Қызым Салтанат Еуразия университетін халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірді.
- Халықаралық әйелдер мерекесіне орай әріптестеріңізге, ақ жаулықты аналарға, қыз-келіншектерге не тілер едіңіз?
- Ең алдымен, әрине, денсаулық тілеймін! Әр әйел бақытты болуға лайық. Ұсақ нәрселерге қуанып үйренейік!
- Әңгімеңізге рахмет!