Сыртқы істер министрлігіне Қазақстанның шетелдердегі елшіліктерінде көші-қон процестеріне жауапты лауазымды тұлғалар тағайындау туралы ұсыныс жасалды

АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат - Сәрсенбі, тамыздың 25-інде Астана қаласында өткізілген «Оралмандар: көші-қон және бейімделу проблемалары» тақырыбында өткізілген дөңгелек үстел отырысында оған қатысушылар Сыртқы істер министрлігіне Қазақстанның шетелдердегі елшіліктерінде көші-қон процестеріне жауапты лауазымды тұлғалар тағайындау туралы ұсыныс жасалды.

«Сыртқы істер министрлігіне Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері мен өкілдіктерінде көші-қон процестеріне жауапты лауазымды тұлғалар тағайындау қажеттілігі туралы мәселені қарастырғаны жөн», - делінген дөңгелек үстел отырысының қорытындысында қабылданған жазбаша ұсыныста.

Қатысушылар осы секілді ұсынымдарды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ішкі істер, байланыс және ақпарат министрліктеріне, жергілікті өкілетті және атқарушы билік органдарына жібермек.

Дөңгелек үстелді «Нұр Отан» ХДП Парламентаризим институты «Идея плюс» қоғамдық қорымен бірлесе отыра оралмандарды қолдау және этникалық көші-қонды реттеу аясында мемлекеттік саясатты жетілдіру мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырып отыр. Оның жұмысына «Нұр Отан» ХДП басшылығы, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ҚР Президенті Әкімшілігінің, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың және тағы басқаларының өкілдері қатысты.