Сыртқы көші-қонның мәселелері көп - ЮНИФЕМ қоғамдық қорының сарапшысы

АЛМАТЫ. 10 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қазақстан қазір Орталық Азия аймағында көшбасшы мемлекеттердің бірі саналады. Оны көршілес елдерден келетін еңбектенуші мигранттардың тасқынынан да айқын аңғаруға болады.

Бұрын олар ел аймағында 3 айға дейін еркін жүріп-тұруға құқылы болып келсе, биыл оның мерзімі 1 айға қысқартылды. Алайда, мұндай шектеулер шеттен келетін еңбектенуші мигранттардың ел аумағында заңсыз жүріп-тұруына тосқауыл бола алмай отыр. Оны көп жағдайда жұмыс берушілер өз пайдасына пайдалануда. Осыған орай, Халықаралық көші-қон ұйымы мен ЮНИФЕМ қоғамдық қоры мерзімді басылымдардың қызметкерлері үшін өткен аптада Шымкент қаласында «Қазақстанның мерзімді БАҚ-да еңбек мигранттары тақырыбының көрініс табуы» деген тақырыпта семинар-тренинг өткізді.

ЮНИФЕМ қоғамдық қорының сарапшысы Вадим Нидің айтуынша, сырттан келетін еңбектенуші мигранттар төмен ақыға жұмыс істейді және олардың жұмыс күні басқаларға қарағанда ұзақ. «Көбінде біз сырттан келетін еңбектенуші мигранттары Көші-қон ережелерін бұзып, ұзақ мерзім жүрді деп жатамыз. Бұл жерде олардың жұмыс берушілердің кінәсінен немесе белгілі бір адамдардың қолына өтіп, ақыр-аяғы мемлекет аумағынан шыға алмай қалатындығына мән бере бермейміз. Айта кетуіміз керек, мемлекет сырттан келетін еңбек мигранттары ел экономикасына әсер етіп, жұмыс тапшылығы орнайды деп ойлайды. Дегенмен, бір жәйтты мойындауымыз керек, кейбір ауыр жұмыс түрлерін ел азаматтары істегілері келмейді. Сондықтан, жұмыс берушілер көбінде сырттан келетін еңбектенуші мигранттарға жүгінеді», - дейді Вадим Ни.

Жалпы, Оңтүстік Қазақстан еңбектенуші мигранттардың ең көп шоғырланған аумағына жатады. Мұнда көрші Өзбекстан елінің өкілдері жұмыс істеп, өз нәпақаларын табуда. Дегенмен, олардың құқығы барынша қорғала бермейді екен. Аталған тренинг аясында Оңтүстік Қазақстан облысындағы шеттен келген еңбектенуші мигранттардың құқығын қорғаумен айналысатын "Сана- сезім" әйелдер бастамасы құқықтық орталағының атқаратын жұмысымен танысуға мүмкіндік туды. Бұл орталық соңғы кезде Өзбекстаннан жұмыс істеуге келіп, белгісіз жайттарға байланысты жеке бір адамның құлына айналып, әртүрлі құрылыс нысандарында ақысыз жұмыс істеп келген Хусан есімді 23 жасар жігіттің құқығын қорғаумен айналысуда.

Хусанның айтуынша, ол ағымдағы жылдың 16-шы маусымында Қазақстанға жұмыс істеуге келіп, бірнеше жерде ақысыз жұмыс істеге мәжбүрленген. Ақыры еліне қайтуға зар болған.

«Сана-сезім» ҮЕҰ-ның заңгері Марат Жақыповтың айтуынша, мұндай жағдайда ҚР ҚК 128-бабы бойынша адам саудалау ісі қозғалуы керек екен. «Осы іс аяқталғанша Хусан біздің ұйымның қамқорында болады. Негізінен оның осы уақытқа дейін істеген жұмысының ақысын өндіруге талпынамыз», - дейді заңгер.

Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында азаматтардың тең құқылығы мен еңбек бөлінісінің әділдігін қамтамасыз етудегі игі қадамдар жасалып жатқаны белгілі. Орталық Азия мемлекеттері арасында демократиялық үрдістерге бір табан жақындаған Қазақстан сыртқы миграция тасқыны садарынан орын алып отырған мұндай келеңсіздіктерді қоғамдық ұйымдардың әлеуеті арқылы шеше алады. Қазіргі кезде бұл бағытта алғашқы түрен салған үкіметтік емес сектордың ішінде адам құқығын қорғаумен айналысатын «Сана- сезім» сияқты ұйымдардың бой көрсете бастағаны қуантады.