ОРАЛ. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Сырымдық кәсіпкер, «Аруай-2020» несие серіктестігінің басшысы Ілияс Құдайбергенов «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында 12 миллион теңге несие алды.
Ілияс биылғы жылы кәсібінің аясын одан әрі кеңейте отырып, өзіне тілеулес әріптестері Бақытжан Мұқанов, Темірғали Төлеуов, Шаттық Бисенғалиевамен бірігіп 12 миллион теңге несиеге аудан орталығынан 250 орындық тойхана құрылысын салмаққа бекінген.
Кәсіпкер Ілияс Құдайбергенов бүгінде әріптестерімен ақылдаса отырып, ауданда өткізілген аукционда сатылған жер теліміне қол жеткізіп, негізгі жұмыстарына да кірісіп кетті.
Кәсіпкер түрлі мәдени-көпшілік шараларға демеушілік етумен бірге ауданда өткізілген тендердің жеңімпазы ретінде танылып, аудандық ауруханадағы емделушілерді күнделікті тағамдар, көкөніс түрлерімен қамтамасыз етуді де үзіліссіз жүргізіп келеді.
-Аудан орталығында бой көтергелі отырған тойхана құрылысын жүргізуге жергілікті жерден құрылысшыларды тартамыз. Орталық құрылысы аяқталып, халыққа қызмет етерлік жағдайда 20-ға жуық түрлі мамандық иесіндегі адамдар жұмыспен қамтылады деп отырмыз,- дейді кәсіпкер Ілияс Құдайбергенов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).