Болған жайтқа оқиға орнында қалалық ТЖД баспасөз қызметінің маманы Нұрбек Қожахмет түсініктеме берді.
«Бүгін қалалық ТЖД-ге түскі сағат 14:11-де өрт туралы хабарлама түсті. Қызыл жалын 450 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиға орнынан 250 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір өрт ауыздықталды. Жапа шеккендер жоқ. Қазір өрттің неден тұтанғаны анықталу үстінде», - деді баспасөз маманы Н.Қожахметов.
Оның айтуынша, 2015 жылдың 26 қаңтарында аталған нысан өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау бойынша тексеруден өткен болатын. Тексеру нәтижесінде ғимаратта өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмағанына байланысты шаруашылық істері бойынша проректорға 15 АЕК есебінде айыппұл салынған. Келесі жоспар бойынша тексеріс 2015 жылдың сәуірінде өткізіледі.
Өртті сөндіруге 10 негізгі техника, 12 арнайы техника жұмылдырылып, 70 маман атсалысты.
Оқу орнының студенттерінің айтуынша, өрт шыққан мезетте ғимарат алдында киіз үй тұрғызылып, дастархан жайылып, Наурыз мерекесі тойланып жатқан.
«Біз бірінші қабатта отырған едік. Бір уақытта өрт сөндірушілер келіп, тезірек шығуды бұйырды. Ол кезде біз өрт болып жатқанын білмедік. Біз ең соңғы болып шықтық. Ғимаратта заттарымыз, костюмдеріміз қалды. Менің ойымша электр желісінің қысқа тұйықталуынан болды. Өрт жоғарғы қабаттан шықты. Онда режиссура факультетінің студенттері оқитын. Көп компьютер, электронды техника орналасқан, - деді театр факультетінің 4-курс студенті Татьяна Пак.