Табиғаттың сирек құбылысы: СҚО-дағы ормандардың бірінде ерекше қара қайың өседі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Еліміздің табиғи жағдайында кездеспейтін қара қайыңдар Солтүстік Қазақстан облысындағы Михайловка елді мекені маңындағы орманнан табылған.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Ақ қайыңдар өлкесі аталып кеткен СҚО-да қара қайыңның да өсетінін көпшілік біле бермейді. Оны алғаш рет ауылдан 9 шақырымдай жерде егістік алқабында жұмыс істеп жүрген механизатор Александр Чупрасов байқаған. Екінші күні қайыңның қабығын ұлы мектепке алып келеді. Сирек кездесетін ағаш жергілікті география-биология пәндерінің мұғалімдері Петр және Галина Шанауриндердің қызығушылығын тудырып, бірнеше жылдық зерттеуге арқау болады. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

- Қайыңдардың жер жүзінде бізге белгілі 120 түрі бар. Соның ең кең тараған түрі – қотыр қайың. Қазақстанда қайыңның 12 түрі кездеседі. Біздің өңірде негізінен осы қотыр қайың мен түкті қайың өседі. Біріншісінде жас бұтақтарында ұсақ сүйел тәрізді «қотырлары» болады және бұтақтары төмен қарай салбырап тұрады. Ал түкті қайыңның қабығын жұмсақ, майда түктер жауып тұрады. Бұтақтары да жоғары немесе жан-жаққа қарай бағытталып өседі. Сондықтан қабығы қою сұрдан қара қоңыр түске дейін өзгеретін ерекше қайыңдар бірден біздің назарымызды аударды, - дейді Петр Шанаурин. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Петр Михайлович қазір зейнет демалысында болса, Галина Петровна Михайловка орта мектебінде еңбек етеді. Ұстаз оқушыларымен бірге қара қайыңға қатысты ғылыми еңбек те жазған екен. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

- Оқулықтарды ақтарып, жергілікті университеттің оқытушыларымен, Мамлют орман шаруашылығы қызметкерлерімен кездесіп, қара қайың туралы ақпараттың өте аз екеніне көз жеткіздік. Олардың басым бөлігі мұндай қайың туралы тіпті естімеген болып шықты. Бұл - өте сирек кездесетін табиғи құбылыс деген тұжырым жасауға негіз болды, - дейді Галина Шанаурина. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Зерттеушілер орманнан қара қайыңның 100-ден астамын тапқан, олардың жартысында 4-5 ағаш бір түптен тараған. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

- Бізге белгілі қара қабықты Даур қайыңы бар. Бірақ бұл оған ұқсамайды, жапырағында, діңінде өзгешеліктер бар. Ағаш сүрегі ашық түсті, бірақ сарғыш реңкті. Зерттеу барысында қара қайыңның сүрегі түкті қайыңға қарағанда екі есе берік екенін анықтады. 

Бұл ағаштар көбіне тез шіриді. Қара қабықты қайыңдар қолайсыз табиғи жағдайларға төтеп бере алмай, уақыт өте жойылуы мүмкін. Өйткені олардың қабығында ақ түс беретін және қатты аяздан қорғайтын бетулин жоқ, - дейді мұғалім. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Зерттеу барысында қоршаған ортада қандай да бір ауытқу байқалмаған, топырақ құрамының да бұл ерекшеліктің пайда болуына әсері жоқ деген қорытынды жасалған. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Сонымен қатар қара ққайыңның жас өскіндері басқа аумақтардан кездеспеген. Бұл ағаштардың дәл осы жерде ғана өсетінін көрсетеді.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

- Егер қара қайың генетикалық мутация нәтижесінде пайда болған болса, біз бақылауға алған 15 жыл ішінде оның кем дегенде бір жас өскіні шығуы тиіс еді. 

Жалпы, сирек кездесетін өсімдіктердің барлығы бірдей Қызыл кітапқа енгізіле бермейді. Михайловка маңындағы қара қайың өсетін орман алқабына ерекше мәртебе беріп, оны Солтүстік Қазақстан облысының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының қатарына қосуды ұсынамыз.

Қара қайыңдарды табиғат ескерткіші ретінде жариялап, ол өсетін орман алқабын қорғауға алу - сирек табиғи құбылысты сақтап қалудың маңызды қадамы. Бұл ағаштар табиғаттың біз әлі тани қоймаған қырларының бірі болып отыр, - дейді Шанауриндер. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар 12 табиғат ескерткіші мемлекеттік қорғауға алынғанын жазған едік.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform