«Табыс төлқұжаты Атырауда жүзеге асуда» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 1 наурыз, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Есеп комитетінің бақылау іс-шаралары өңірлерге бөлінетін трансферт көлемінің ұлғайғанын көрсетеді. Алайда, аталған қаражат әрдайым тиімді пайдаланыла бермейді. Жергілікті бюджет қаражатын ұтымды пайдалануда өңірлердегі сыртқы мемлекеттік аудит органдары - тексеру комиссияларының рөлі ерекше. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесінің тиімділігі мен сапасын арттыруға Мемлекет басшысының тұрақты көңіл бөлуінің арқасында тексеру комиссиялары қалыптасу жылдарында жергілікті бюджет қаражатының ұтымды пайдаланылуына үлес қосқан толыққанды құрылымдарға айналды.

Тексеру комиссияларының мемлекеттік орган ретінде қалыптасуы және өткен жылдың қараша айында қабылданған «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңның олардың қызметіне әсері жөнінде Есеп комитетінің мүшесі Ерлан Тұрлыбековпен болған сұхбат оқырман назарына ұсынылып отыр.

«Ең алдымен, заңда мемлекеттік аудиттің сыртқы және ішкі болып бөлінгенін атап өту қажет. Сыртқы аудиттің негізгі міндеті - ұлттық ресурстардың тиімді пайдаланылуын бағалау. Бұл мәселелермен Есеп комитеті және өңірлердің тексеру комиссиялары айналысатын болады. Ішкі аудитті ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган, сондай-ақ, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ішкі аудит қызметі жүргізеді. Тексеру комиссияларымен өзара іс-қимылымызға келсек, Есеп комитеті тексеру комиссияларына әдістемелік көмек көрсетуді бұрынғысынша жалғастырады. Біз тексеру комиссияларына әрдайым қолдау білдіріп, оларға ақпараттық, консультациялық көмек көрсетіп, қызметіне озық стандарттар енгіздік. Бұған қоса, жыл сайын бірлескен бақылау іс-шараларын (аудиторлық іс-шараларды) жүргізіп отырамыз, бұл тексеру комиссияларының қызметкерлеріне Есеп комитетіндегі әріптестерінен практикалық тәжірибе алуға, қойылған міндеттерді барынша сапалы шешуге, яғни қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді»,-дейді Ерлан Қабыкенұлы.

Бас басылымның бүгінгі саны Алғыс айту күніне арналып отыр. Осы орайда «Бұл күн - ел халқы ұйысқандығының нышаны» деген тақырыппен берілген мақалада еліміздегі бірқатар этномәдени бірлестіктер төрағаларының құттықтаулары жарияланған.

«1937 жылдан бері 80 жылға жуық уақыт өтті. Біздің ақсақалдарымыз Қазақстан жеріне күштеп көшірілген сәтті әлі күнге дейін үлкен күйінішпен еске алады. Сол жылдары көптеген этностар сталиндік репрессияның құрбандығына айналды. Осындай қиын-қыстау кезеңде қазақтардың меймандостық қасиеті менің туған-туысқандарымның өмірін құтқарып қалды.Біз біртұтас қазақстандық отбасы ретінде тың және тыңайған жерлерді игеріп, қалалар мен елді мекендер тұрғызып, зауыттар мен фабрикалар салып, одан кейін жас, егемен мемлекеттің іргесін қалап, нығайтуға атсалыстық. Біз сол бір тағдыршешті кезеңде қайырымдылық пен ізгіліктің үлгісін танытып, көмек қолын созған қазақ халқына үлкен құрметпен қараймыз. Бұл - бүгінгі бейбіт өмір мен тыныштықтың негізі. Нұрсұлтан Әбішұлы, осы күн үшін Сізге үлкен рахмет!»,-дейді «Қазақстан корейлері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Дмитрий Ким.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында Павлодар облысында «Бозшакөл» кен-байыту орны іске қосылған болатын. Араға екі ай салып алғашқы мыс концентраты өндірілді. Бұған дейін комбинатта өндірілген кеннің құрамында 70 мың унция алтын және 469 мың унция күміс анықталған. Бұл металдар қайта өңделіп, мыс концентратының құрамында қосымша өнім ретінде өткізіледі. Комбинат жыл соңына дейін 45-65 мың тонна катодтық баламадағы кен және 50-70 мың унция алтын дайындауды жоспарлап отыр. Ал өнімнің бірінші партиясы наурыз айында экспортқа шығарылмақ.

- 2016 жылғы шығын көлемі 270 миллион доллар көлемінде болады деп жоспарланған. Ал нақты капиталды шығын көлемі 2,15 миллиард долларды құрамақ. Бұл алдын ала жоспарланған сомадан 50 миллион долларға кем. «Бозшакөлден» алғашқы өнім алынды. Енді өндіріс көлемін ұлғайтып, экспортқа шығару бағытында жұмыс істейміз, - дейді құрамына «Бозшакөл» кен-байыту орны кіретін KAZ Minerals тобының басқарма төрағасы Олег Новачук. Комбинаттың жылдық жобалық куаты 30 миллион тоннаны құрайды. Кен орнын 40 жылдан астам уақыт бойы пайдалануға болады. Бұл материал «Экспортқа шығарылмақ» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Табыс төлқұжаты Атырауда жүзеге асуда» атты мақала жарияланды. Қазақстанда алғаш болып әлем елдеріндегі Халықаралық жастар қорының «Табысқа жету төлқұжаты» атты жобасы Атырау өңірінде жүзеге асуда. «Табысқа жету төлқұжаты» - жағдайы төмен отбасында тәрбиеленетін, ата-анасы жоқ және тәрбиесі қиын балалармен жұмыс істеуге тәлімгерлер дайындауды және қорытындысын қадағалауды, жастарға сенімділік, мақсатқа жету жолдары және жеке тұлға қасиеттерін үйрететін дәрістер өткізуді мақсат еткен арнаулы бағдарлама.

Жуырда өткен жылдың қараша айында басталған оқудың бірінші бөлігі тәмамдалды. Осыған орай Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде мағыналы шара ұйымдастырылды.

Салтанатты рәсімге облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, әлем елдерінің балалары оқып жатқан білім беру жобасының ерекшелігіне тоқталды.

- Бүгін «Табысқа жету төлқұжаты» бағдарламасының алғашқы түлектеріне сертификат табыс етіп отырмыз. Біздің білім жүйесінің кемшілігі - білімге үйретеді, оны өмірде қалай пайдалануды үйретуді ұмытып кетеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Шеврон» компаниясының демеушілігімен АҚШ-тың Балтимор қаласына барып, Халықаралық жастар қорының жұмысымен танысқаным бар. Қорда жастарға жетістікке жетудің жолдарын көрсету үшін өмір дағдыларын үйрететін «Мансапты жоспарлау», «Уақытты басқару», «Командада немесе жеке жұмыс жасау», «Ашуды ауыздықтау», «Адамдармен тіл табысу» сияқты өмірлік дағдыларды үйрететін компоненттер бар. Былтыр күзде шетелдік мамандар келіп, бізде оқытушылар тәрбиелеп, Атыраудың бірқатар оқу орындарында қараша айынан бастап «Табысқа жету төлқұжаты» курстарын бастап кеткен едік. Курсқа 250 жас қатысты. Қазақстанда алғаш Атыраудан басталған Өмір дағдыларын енді еліміздің білім жүйесіне енгізуді ұсынбақпыз, - деген Шыңғыс Жұмабекұлы білімді, белсенді, көп тілді меңгерген жастың қай кезде де қоғамнан өз орнын табатынын атап айтты. Осы жайында толық білгіңіз келсе, мақаланы оқып шығыңыз.

***

«Қоғамда «Қазіргі жастар кітап оқымайды» деген түсінік бар. Меніңше, олай емес, жастар оқиды, бірақ өкінішке орай, қазақ тілінде емес. Ол қазақтілді жаңа кітаптар таралымының аз болуына байланысты. Сондықтан қазақ тіліндегі кітаптар туралы көп жастарымыз біле бермейді. Өйткені жарнама жасалмайды, кітап дүкендерінде де аз. Ғылыми еңбектер туралы осыны айтуға болады»,-деп жазады «Ана тілі» газеті бүгінгі санындағы «Қазақша кітаптарды көбейтуіміз керек» атты мақаласында.

Тағы бір мәселе ғаламтордағы қазақ­тілді сайттардың көп еместігі. Қазір адамдар ақпаратты негізінен ғаламтордан іздейді, бүкіл әлемнің жаңалықтарын да ғаламтор арқылы біліп отырады. Мысалы, шетелде жарық көрген кітаптарды да сонан табады. Ал қазақтілді шығармалар туралы ғаламтордан ақпарат табу қиын, бұл бағытта бір жүйелілік жетіспейді. Тек кітаптар мен кинолар емес, өмірдің басқа да салаларына байланысты арнайы сайттар жоқтың қасы.

«Балаларға арналған қазақтілді мультфильмдердің де аздығы өз әсерін тигізуде. Мәселен, Ресей шетел мультфильмдері мен бағдарламаларын өз тілдеріне аударып алады. Ал біздің ел орыстілді аудармаларды пайдаланады. Қазақша да бар, әрине, бірақ аз. Осындай себептің салдарынан жас балалар қазақ тілін емес, орыс тілін үйреніп өседі»,-дейді мақала авторы.