Тағамдағы пайдалы және зиянды заттар қалай анықталады – тамақ ДНҚ-сын тексеретін маманмен сұхбат

АСТАНА. ҚазАқпарат – Күнделікті тұтынатын тағамдардың құрамы, оның организмге пайдасы мен зияны туралы сұрақ кім-кімді болса да толғандыратыны анық. Дегенмен көпшілік дүкен сөрелеріндегі тағамның сапасы қалай тексерілетінін біле бермейді. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының білікті маманы Әлия Ибараевамен сұхабат құрды. Ол 14 жылдан бері осы салада қызмет етіп келеді. Маман күнделікті тұтынатын тағамдардың стандарттарға сай келетінін немесе оның зиянды екенін анықтау бойынша ДНҚ сараптама жасайды. Әлия Ибараеваның қажырлы еңбегі мен кәсіби кеңестерін ҚазАқпарат тілшісінің материалынан оқи отырыңыз.

- Әлия Темірбекқызы, сіз балалық шағыңызда және мектеп кезінде қай саланың маманы болуды армандайтын едіңіз?

- Мен Семей қаласының тумасымын. Сол жақта жалпы орта білім беру мектебін бітірдім. Бала кезімде және есейе келе мен көп нәрсені армандайтынмын. Бұл орайда менде ол сала маған ұнаса, ол іс маған бақыт сыйласа деген ойлар болатын. Кейін Семей қаласының Медициналық университетін санитарлық дәрігер, эпидемиолог мамандығы бойынша тәмамдадым.

- Сіз ПТР тест арқылы тағамның ДНҚ-сын тексересіз. Жалпы, бұл бірегей мамандық. Оған деген қызығушылыққа не себеп болды?

- Күн сайын таңертең мектепке оянғанда маған анам түрлі таңғы ас дайындайтын. Менде әрқашан «Неге ерте тұру керек? Одан да ұйықтап алайын» деген ой болушы еді. Сол кездері маған анам «Сүйіспеншілікпен дайындалған пайдалы тағам әрқашан бойға қуат болып сіңеді. Сапалы тамақ бұл күні бойы жұмсайтын күш. Пайдалы тағам - денсаулық пен сұлулық кепілі» деп жауап беретін. Осылайша, мен ненің пайдалы екенін және тамақтану өмір сүру ұзақтығына қалай әсер ететінін білгім келді. Эмоционалды және физикалық белсенділіктен басқа, бұл - ДНҚ деңгейіндегі жасушалардың құрылымына әсер етеді екен. Ұзақ өмір сүретін ген дегеніміз не және сұлулықты қалай сақтауға болады? Осы сұрақтар мені медициналық университетке түсуге, болашақ мамандығымды таңдауға жетеледі.


- Қазір қызмет етіп жүрген еңбек орныңыз туралы айтып берсеңіз. Қанша жыл бойы аталған ұйымда жұмыс атқарып келесіз?

- Орталықтың қызметі тамақ өнімдеріне, суға, топыраққа, микробиологиялық, паразитологиялық, радиологиялық, токсикологиялық зерттеулерге сараптама жүргізеді. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында еңбек етеміз. Біздің кешенде ең озық жабдықтар бар. Декреттелген топтарға санитарлық-гигиеналық оқыту жүргізеді. Менің қызметім зертханалық зерттеу жүргізу және өлшеу әдісімен жаңа аспаптар мен зертханалық жабдықтарды сынап көру, оны қолданысқа енгізуге негізделген. Менің жалпы еңбек өтілімім - 14 жыл. Ал, біздің орталықта мен шамамен 7 жыл жұмыс істеймін.

- Жеңіл тілмен айтқанда, сіз тағамның тазалығын, стандартқа сай келуін анықтайсыз. Бұл процес қалай жүреді? Қандай тамақтардың ДНҚ-сын тексересіз?

- Біз полимеразды тізбекті реакция (ПТР) әдісімен жұмыс істейміз. Ол жоғары дәлдіктегі диагностикалық тәсіл. ПТР талдауы ең дәл және сезімтал әдіс болып саналады, тіпті ДНҚ-ның аз концентрациясын анықтайды. Қазіргі уақытта ПТР зертханасы тамақ өнімдерін азық-түлік шикізатын өсімдік және жануарлардан алынатын өнімдерге сынақтар жүргізеді. Атап айтсам, ГМО скринингі, өсімдік тектес ДНҚ анықтамасы, генетикалық түрлендірілген соя мен жүгері тұқымын тексеру. Сондай-ақ, біз шикізаттың, жартылай фабрикаттардың және дайын тағамдардың ДНҚ-сының бұрмалануын анықтаймыз.


- Біздің күнделікті жеп жүрген тағамдарымыздың құрамы стандартқа қаншалықты сай келеді?

- Гендік модификация - бұл ХХ-ХХІ ғасырдың таңғажайып жаңа технологиясы. Ол адамзатты қауіпсіз, пайдалы тағаммен қамтамасыз ету үшін жасалған. Өкінішке қарай, бізде генетиканы маңызды деп қабылдамайды. Көбі оны қандай да бір қолданбалы құрал ретінде түсінеді. Мәселен, баланың жынысын анықтайды, эко жасайды. Генетика барлық сала үшін маңызды. Соның ішінде ол күнделікті тағамдардың тазалығын анықтауда үлкен рөл атқарады. Кез-келген өнімде ДНҚ молекулалары бар. Ең гендік модификацияланған өнімдер - бидай, жүгері, рапс, картоп, соя. Мысалы, бидайда глютен және агглютинин бар. Бұл модификацияланған бидай ұрығының ақуызы. Ақуыз біздің денемізге жат болғандықтан, оны организм қабылдамайды. Сонымен бірге, ол иммундық жүйені әлсіретеді және қабыну процесін жылдамдатады. Мұны аса дұрыс деп айта алмаймын. Бұл тек бидайға ғана тән құбылыс емес. Ол бұршақ дақылдарында да бар. Өңделген тағамдардың көпшілігінде соя ақуызы немесе жүгері крахмалы бар. Олар - шұжықтар, кондитерлік өнімдер, тұздықтарда. Мұндай мысалдар өте көп. Мен мынаны айтқым келеді: тағам зиянды немесе пайдалы болмайды. Жүйесіз әрі дұрыс емес тамақтану болады.


- Өзге елден импорттауға немесе елімізде өндірілген тағамдарды сатылымға шығаруға рұқсат беру үшін қандай талаптар сақталуы тиіс?

- ГМО өнімдері үшін тиісті зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Яғни, сараптамалық қорытынды, ғылыми негіздеме және өзге де жұмыстар. Сарапшылар тарапынан қолдауға ие болғанан кейін, оған мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беріледі. Қазақстанда гендік-модификацияланған организмдердің айналымына рұқсат беру үшін олардың нормасы 0,9%-дан аспауы тиіс. Құрамында ГМО-сы бар өнімдерді мемлекеттік тіркеуден өткен соң, оны ел аумағына әкелуге ресми түрде рұқсат етіледі. Бүгінгі күні Қазақстан аумағында ГМО айналымы, оның ішінде әкелу, тасымалдау, сақтау, таңбалау, өткізу тетіктері бірқатар нормативтік-құқықтық құжаттармен реттеледі. Олар - ҚР Экологиялық кодексі, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі, «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» ҚР Заңы және Кеден одағының техникалық регламенттері.

- Оқырмандарға қандай кеңес бересіз? Әрине, қандай тағамдарды көбірек тұтынып, қай тамақтарды аз жеу қажет?

- Менің арнайы рационым бар. Дұрыс тамақтану – бұл тағам мен сусынға деген саналы көзқарас. Сіз ағзаңызға барынша пайдалы тамақ пен сусындарды таңдауыңыз қажет. Тағамды дайындаудың аз зиянды немесе мүлдем зияны жоқ әдістерін қолданыңыз, күделікті режимді сақтаңыз. Қарапайым ереже - дүкен сөрелеріндегі өнімді бірден сатып алмас бұрын, жапсырмаларын және оның мерзімін қараңыз.


- Балаңыз сіздің жолыңызды ұстанып, осы сала маманы болуға ниетті ме?

- Менің қызым бар. Ол қазір өзінің болашақ мамандығын таңдайтын жаста. Биологияға деген қызығушылығын түсініп, ол өзінің болашағын осы мамандықпен байланыстырғысы келді. Дегенмен бүгінде ол психотерапияны таңдап отыр. Жоғарыда аталған генетикаға деген сүйіспеншілік, ПТР диагностикасы – мұның барлығы менің жұмысыма тікелей байланысты. Сондықтан да бұл іс менің жаныма жақын.

- Әлия Темірбекқызы, сұхбатыңызға рахмет!