Тағдыр тәлкегіне ұшыраған тәжік мигранттары

АТЫ. 13 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Биыл Кеңес өкіметінің ыдырағанына 20 жыл толғалы отыр.

Алып империяның құрамында болған елдер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап егемендігін алып, өз бағыттарымен даму жолына түсті. Осы тұста Қазақстан да көптен аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз мәселесін өзі шеше бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономикасы аздап тұралаған еліміз Елбасымыз бен білікті мамандарымыздың, халқымыздың шыдамдылық танытып, аянбай еңбек етуінің арқасында қиын күндерді өткеріп, дамудың даңғыл жолына түсе білді. Алайда КСРО-ның құрамында болған кейбір елдер әлі күнге дейін экономикасын түзей алмай, сырттан көмек сұрап отырғаны белгілі. Ол әсіресе Орталық Азия елдерінде көрініс табуда. Көрші Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінде жағдай мәз емес. Елдегі жұмыссыздық пен кедейшіліктің тауқыметінен осы мемлекеттердің азаматтары күнкөріс қамымен Ресей мен Қазақстанға ағылуда. Алайда, сырттан жұмыс іздеп келетіндер барған елдерінде көптеген қиындықтарға ұшырап, ақыр-соңы өз отандарына жету мұңға айналатын кездер де жиі ұшырасады. Ол жайында басылымдарда жазылып та жатыр.

Осы тұста айта кетерлігі, БҰҰ-ның әйелдер құрылымы мен Еңбек миграциясы жөніндегі халықаралық ұйымның және Ұлыбритания өкіметінің қолдауымен Дүниежүзілік банк 3-6 мамыр аралығында Тәжікстанның Худжанд қаласында «Қауіпсіз еңбек мигранты» атты медиа тур өткізді. Оған Ресей, Грузия, Қазақстан және Тәжікстанның БАҚ өкілдері шақырылды. Аталған шараның мақсаты - еңбектенуші мигранттардың құқығын қорғап, олардың заңды түрде қаражат табу жолын қамтамасыз ету. Сондай-ақ қоғам арасында еңбектенуші мигранттарға деген кері көзқарасты өзгерту. Бұл жобаның үйлестірушісі Әлия Ілиясованың айтуынша, Ресей мен Қазақстан Орталық Азия еңбек мигранттарының қаражат табатын көзіне айналған. «Қазір өзбек, тәжік немесе қырғыз десе елдің бәрі оларға ұрлықшы, қылмыскер немесе келімсек деген көзқараспен қарайды. Мұндай пікір олардың құқықтарының жиі бұзылуына әкеп соғады, тіптен жұмыс берушілердің құлына айналып кетіп жатады. Міне, біздің жобаның негізгі міндеті - қоғам арасында еңбек мигранттарына деген теріс ойды өзгертіп, халықты оларға да адамгершілікпен қарауға шақыру», -дейді Ә.Ілиясова.

Аталған жиынды ұйымдастырушылар Ресей мен Қазақстан тарапы өз экономикаларындағы жетістіктерге еңбек мигранттарының да тигізіп жатқан септігін және оларға деген сұраныстың бар екендігін айтқанымен, еңбегі пайдаланылып жатқан мигранттардың құқығын қорғауға аса құлық танытыпай отырғандығын айтады.

Дүниежүзілік банктің келтірген соңғы дерегіне сай, Ресей әлем бойынша келімсектерді қабылдауда АҚШ-тан кейін екінші орынды иеленіп отыр екен. Ал Қазақстан бұл санатта тоғызынша орыннан көрінуде. Бүгінгі күні елімізде 300 мыңнан 1 миллионға дейін сырттан келген еңбек мигранттары жұмыс істейді екен. Олардың 40-50 пайызы әйелдер. Болжам бойынша олардың қатары 2015 жылы 1,8 миллионға жетпек. Елімізде 2007-2015 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы бекітілгенін, бұл олардың әлеуметтік құқығын қорғау бүгінгі күні өзекті мәселе екенін аңғартады.

Аймақтың географиялық жақын­дығы, еңбекақының жоғарлығы мен уақытында төленуі, жұмыстың көптігі және мәдениеті, тілінің жақындығы, әрі туысқан ел болғандықтан көрші Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан еңбек мигранттарының елімізге ағылып жатқандығы белгілі. Сырттан келушілер көбіне саудада, ауылшаруашылығында және өзіміздің азаматтар бара бермейтін түрлі ауыр жұмыстарда, құрылыстарда тіркелмей жұмыс істеп, салықтан жасырынуда. Сонымен қатар жасырын келіп, әрі қолында еңбек шарты сияқты ешқандай құжаты болмағандықтан әрқашан қауіптеніп, жасырын жүреді.

Жалпы еңбектенуші мигранттар заңды жолмен ақша табуды жөн санайды, бірақ та салынатын салықтың жоғарлығын, оны ақтай алмайтындықтарын алға тартады. Осы тұста Үкімет оларға салынатын салықты егер төмендетіп, оларды тіркеу жүйесін жеңілдететін болса заңсыз жүрген мигранттардың қатары азаяр еді деген пайымға келесің. Екіншіден, қалада салынып жатқан құрылысты тіміскілеп, мигранттардан ақша талап ететін кейбір полицейсымақтардың қалтасы жұқарып, орнына үкімет қазынасы толыға түсетін еді. Сондықтан еңбек мигранттары жөніндегі заңнамалар әлі де жетілдіре түсуді қажет етуде.

Тәжікстандағы жағдайға келсек, бұл елде жұмыссыздық пен күнкөрістің төмендігі салдарынан 1,5 миллионнан астам адам өзге елде жұмыс істеуде. Ел бюджетінің үштен екісі сыртта жұмыс істеп жүргендер есебінен толығуда. Жерінің 90 пайыздан астамы таулы аймақ болып табылатын Тәжікстан елі кедейшілікте өмір сүріп жатқаны бұрынан белгілі. Сондықтан ондағы жұмысқа жарамды адамдардың 92 пайызы Ресейге, қалған 8 пайызы Қазақстан, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде еңбек етіп жүр. Олар өз отбасын асырап қана қоймай, ел қазынасына да пайдаларын тигізіп жатыр. Мәселен, 2010 жылы тек Согдиан облысына банк арқылы 1 млн. 640 мың доллар аударылған.

Сондай-ақ жыл басынан бері осы облыстан 143 мың адам шет елге жұмыс іздеп кеткен. Оның 2 пайызы Қазақстанға кетсе, қалғаны Ресейге бет алған. Худжанд қаласындағы «Қоғамды дамыту қоры» қоғамдық ұйымының директоры Бохтияр Абдуджаббаровтың мәліметінше, 2010 жылдан бері отбасымен бірге өзге елге жұмыс іздеп кететіндердің үлесі арта түскен. «Осы жылы Истаравшан ауданынан 180 отбасы күнкөріс қамымен шекара асып кетті. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 50 адамға жоғары», -дейді ол. Сонымен қатар ол қазіргі таңда ресейлік жұмыс берушілер арасында бала еңбегін заңсыз пайдалану фактілері өсіп бара жатқандығы да байқалатындығын айтады. «Осы жылы өзге елге кету үшін бізге құжат толтыру қамымен кеңес алуға 45-ке жуық кәмелеттік жасқа толмаған 15-17 жастағы азаматтар жүгінді»-дейді Б.Абдуджаббаров.

Худжанд қаласындағы мигранттармен ықпалдастық орталығының үйлестірушісі Азалхон Алимов шетелге жұмысқа барушы мигрант Тәжікстан Республикасының заңына сәйкес алдымен барғалы тұрған елдегі жұмыс берушімен келісімшартқа отыру керектігін айтады. Алайда жұмыс берушілерге ондай шартқа отыру тиімсіз көрінеді, сондықтан көптеген еңбек мигранттары сол елге барған соң ғана жұмыс іздеуге кіріседі екен. Соңғы жылдары еңбектенуші мигранттардың көбі шетелде жұмысқа орналастырумен айналысатын жекеменшік агенттіктерге жүгінетін болған. Сондай-ақ жақын және алыс шетелге еңбек мигранттарын жеткізумен шұғылданатын ұйымдар да жұмыс істеуде. Олар негізінен жоғары білімі бар, шетел тілін меңгерген жастарды ғана жіберіп тұрады екен. «Алайда Ресейге еңбек мигранттарын жіберіп тұратын агенттіктердің жұмысын зерделей келе біз олардың «бригадир» қызметін атқарып жатыр деген пайымға келдік. Өйткені олар жұмысшы топты жинап, ресейлік серіктестерімен келісе отырып, тірі тауарды жіберіп, орнынан ақша алады. Бұл агенттіктер мен олардың ресейлік серіктестері мигранттардың келісімшарты, олардың жұмыс беруші алдындағы құқығы жөніндегі жауапкершілікті және жұмыс барысындағы еңбек жағдайын қадағалауды өз мойындарына алмайды. Ресейде жұмыс істеп келгендердің көбі ондағы агенттіктер төлқұжатты жинап алып, дұрыс тұрғылықты жағдай жасамай, тек жұмысқа салатындықтарын айтады», -дейді А. Алимов.

Барған елінің тілін, мәдениетін және заңнамаларын білмеу еңбек мигранттарының тұрғылықты жеріне тіркелмей, жұмысқа рұқсат алмауы және тағы басқа мәселелер бойынша олардың заңсыз жұмыс істеуіне әкеледі екен. Бұны делдалдар өз пайдаларына шешіп, оларға жалған тіркеу мен жұмысқа рұқсат құжаттарын беріп алдайды. Ал заңсыз жүрген мигранттар өз кезегінде жұмыс берушілерге өте тиімді екені белгілі.

Аталған шара барысында Согдиан облысына қарасты Қысықкөз ауылдымекен жұртшылығының жағдайымен жақын танысуға мүмкіншілік болды. Бұл ауылдағы әр шаңырақта кем дегенде бір адам өзге елде жұмыс істейді. Тіптен кейбір отбасында 3-тен 8 адамға дейін сыртта еңбек етіп жүргендігіне куә болдық. Соның бірі 82 жастағы қария Бахиор Бобажанов. Оның 3 ұлы Ресейдің Краснаяр қаласында еңбек етуде екен. Қарияның айтуынша, ұлдары құрылыста жұмыс істейтін көрінеді. Екі баласының жоғары оқу орнын бітіргендігін, жұмыстың жоқтығы мен күнкөрістің төмендігіне байланысты олардың жат елде қара жұмыста жүргендігін қария өте қынжылыспен айтып берді.

Отбасын асырау қамымен шекара асатындардың тағдыры көп жағдайда қайғылы оқиғамен аяқталады екен. Қысықкөз ауылының тұрғыны Биосима Құдайбердиева күйеуін көрмегеніне 12 жыл толғанын айтады. Бұл әйелдің жұбайы 1999 жылы Ресейдің Валгоград қаласына жұмыс істеуге кеткен. Содан бері Биосима ерінен еш хабар алмаған, тіптен оның не өлі, не тірі екенін де білмейді. Екі баласымен қалған әйел барлық заң органдарына барған, бірақ олардан мардымды жауап ала алмаған. Мұндай оқиға бұл ауылдымекенде көптеп кезігеді. Жөн сұрасқан әйелдердің бірінің баласы, бірінің күйеуі көптеген жылдар сыртта ақысыз жұмыс істеп, құлдықтан еліне әрең дегенде оралған.

Ресейдегі еңбек мигранттары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде олар қауіптің 51 пайызы тәртіп сақшыларынан, 39 пайызы скинхеттерден, яғни ұлтшылдардан болатындығын айтқан. Ресейдің әлеуметтік зерттеу орталығының мәліметінше Тәжікстаннан келетін еңбек мигранттарының 15-20 пайызы әйелдер. Жұмыс іздеп барғандардың құқығы жөнді қорғала бермейтіндігін, оның арты кейде қайғылы оқиғаға ұласатындығын жоғарыда айтып өткен едік. Тек 2010 жылдың өзінде Ресейден 58 тәжік әйелінің мүрдесі жеткізілген. Бұл Ресей өкіметінің еңбек мигранттары құқығын қорғауға немқұрайлық танытып отырғандығын көрсетеді.

Жалпы тәжік әйелдерінің құқығы өз елінде де жиі бұзылуда. Ауылды жерде тұратын еркектердің басым бөлігі әйеліне үй шаруашылығымен айналысатын күңі ретінде қарайды. Сондықтан әйелдер күйеулерінен және олардың туған-туыстарынан көрген қорлыққа шыдамай өздеріне қол жұмсауға барады. Сондай-ақ әйелдердің басым бөлігі күйеуінің туыстары тарапынан жасалатын азапқа шыдауға мәжбүр, өйткені салт бойынша туыстары атына сөз келтіруден, қоғамда жаман атты атанудан қорқады. Әйелдерге күйеуінен ажырасқанда тұрып жатқан үйінен еш үлес ала алмауы өте ауыр тиеді екен. Өйткені шаңырақ көтерген ер адам үйін және тағы басқа жылжымайтын мүліктерін шешесіне немесе аға-інілерінің атына аударып тастайды. Сондай-ақ жаңадан үйленгендер заңды түрде тіркелмей, тек дін жолымен некелерін қидыра салады. Бұл өз кезегінде олардың ажырасуында еш қиындық тудырмайтындығы белгілі. Сырт елге жұмыс істеуге кетіп, сонда басқа жанмен көңіл жарастырған еркектер, елде қалған әйелімен СМС хат арқылы ажырасып, одан үйді босатуын өтінеді екен. Мәселен, 33 жастағы Бизумурат Мағлонова күйеуінің Ресейге кеткеніне 9 жыл толғанын айтады. Свердловск қаласына жұмыс істеуге кеткен оның күйеуі алғашқы 1,5 жылдай қаражат жіберіп тұрған, кейін ақша жіберуді қойып, әйеліне хабарласуды доғарған. Тек сол ауылда тұратын ағасына немесе інісіне телефон соғып, ауылда қалған екі баласының халін сұрайтын көрінеді. Ал әйелі Бизумурат ата-енесін бағып, солардың қолында тұрады. Ағалары оның 9 жыл бойы еліне қайтпай жүргеніне еш қынжылыс білдірмейді дейді ол. Әйел, сондай-ақ «жарым басқа жанмен отбасы құрып кетпесе жарар еді» деген күдігін де айтып қалды.

Елдегі осындай келеңсіздіктердің алдын алып, әйелдердің құқығын таптатпау мақсатында «Әйелдер және қоғам» қауымдастығы құрылған. 2010 жылдың қазан айынан бастап бұл қауымдастық Худжант қаласындағы жағдайы төмен 1540 еңбек мигрантының әйелдеріне өз жеке ісін ашуға 2-3 пайыздық несие алып беруге көмектесуде. Согдиан облысы бойынша әйелдер ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Ранохан Бобожанова тәжік әйелдерінің бұл бастамаға белсене кірісіп жатқандығын айтады. «Мәселен күйеуі Ресейге жұмыс іздеп кеткен Б.Ғафуров ауданында тұратын Сардинисо есімді әйел жобаға келіп, өз кәсібін ашуға қаражат керек екендігін байқатты. Екі күндік білім беру тренингінен өткеннен кейін ол еш кепілсіз 225 доллар алды. Оған түгелдей мата алып, қазір киім тігіп сатуда», -дейді Р.Бобожанова. Мұндай игі бастамалар тәжік әйелдерінің ешкімге тәуелсіз, өз ісімен еркін айналысуына септігін тигізуде.

Елімізде тұратын көптеген ұлттардың бірлігін сақтап, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға сәтті төрағалық етіп, тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде толағай табыстарға жетіп, алдағы даму жолын айқындай білген Қазақстан, әлем алдында өз беделін жылдан-жылға арттырып келе жатыр. Осынау жаһандану дәуірінде еліміз жұмыс іздеп, күнкөрістің қамымен бізден үміт күтіп келген Орталық Азия халықтарын қабылдап, оларға қол ұшын созып отырғандығын әлем алдында абыроймен айта алады. Дегенмен, Қазақстан сырттан келіп жатқан келімсектердің құқығын қорғай алмай, жиі бұзылуына жол беретін болса ол елдігіміз үшін сын болатыны белгілі. Сондықтан көші-қон төңірегіндегі мәселерді шешу үшін әлі де жұмыс істей түсу керек.