Конференция барысында діни экстремизмнің, соның ішінде «тәкфіршіліктің» алдын алуға, оған қарсы әрекет етуге қатысты өзекті мәселелер талқыланып, қазақ халқының рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және елдегі конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтудың тиімді жолдары мен тетіктері қаралды.
Шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, діни бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері, дінтанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының және БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияның жалпы отырысында ҚР Дін істері агенттігінің Төрағасы Қайрат Лама Шариф, «Әзірет Сұлтан» мешітінің имамы, наиб мүфти Қайрат Жолдыбайұлы, «әл-Азхар» университетінің шариғат және құқықтану факультетінің профессоры, Египеттің Ислам істері жөніндегі Жоғарғы кеңесінің шариғат және құқықтану комитетінің төрағасы доктор Махмуд Абдел Рахман, Ауғанстан астанасы Кабул қаласындағы орталық мешітінің имамы Мұхаммед Аяз Ниязи, Ресей Федерациясының Дағыстан Республикасы діни ұйымдармен байланыс, ар-ождан бостандығы комитетінің төрағасы Мурад Заргишиев, ҚР ҰҚК облыстық департаменті антитеррористік орталықтың бөлім бастығы М.Қалиев, ҚР ІІМ Қарағанды академиясының аға оқытушысы Қ.Мұқыш және тағы басқа мамандар қатысты.
Дін істері агенттігінің Төрағасы Қайрат Лама Шариф өз баяндамасында «тәкфіршілдік діни радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің туындауы мен таралуының қайнар көзі. Оның көздегені - діни емес, керісінше саяси мақсаттар» екендігін атап өтті.
Шара қорытындысы бойынша конференцияға қатысушылар үндеу қабылдады.