18:58, 03 Сәуір 2009
Талап босаңсыса, заң бұзушылыққа жол беріледі - Облыстық тәртіптік кеңес отырысы
ҚЫЗЫЛОРДА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ –Кеше "Нұр Отан" ХДП облыстық филиалының мәжіліс залында "Облыстағы денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте заңнама талаптарының сақталуы" тақырыбында облыстық тәртіптік кеңестің отырысы болып өтті.
Оған "Нұр Отан" ХДП партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қоғамдық кеңес отырысында облыстық тәртіптік кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев баяндама жасады.
? Ресми мәліметтерге сүйенсек, сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық жайлары бойынша өткен жылы 217 лауазымды тұлға жазаға тартылды. Оның 45-і білім саласы, 19-ы денсаулық саласының үлесіне тиіп отыр, ? деді баяндамашы. ? Облыстық қаржы полициясымен бірлесе жүргізілген тексеру нәтижесінде Жаңақорған ауданындағы №163 мектеп директорының пара талап еткені, мектеп ғимаратын жалға беруде заң бұзушылықтар жасағаны, сөйтіп мемлекетке едәуір залал келтіргені анықталды. Нәтижесінде мектеп директоры қызметінен босатылды. Сондай-ақ №7 кәсіптік-мектеп директоры О.Қуанышбаев мектепке жүргізілген күрделі жөндеу құрылысын қабылдамай тұрып, "Жабдықтау" ЖШС-нің директорынан қолхат арқылы 2 млн. теңгені қарызға алып, бүгінге дейін қайтармай келген. Оның қызметіне әділ бағасын береді деген облыстық білім басқармасының бастығы оны бір жерден алып, екінші бір мектептің директорлығына отырғыза салған. Кеңесте жасалған баяндамада көрініс тапқандай, аймақтағы жетекші саланың бірі ? білім беру мекемелерінде орын алған кемшіліктер жеткілікті. Өткен жылы жүргізілген тексеру қорытындысында білім саласы бойынша 49 тәртіптік жаза, 12 әкімшілік шара қолданылып, 12 қылмыстық іс қозғалған. Олардың ішінде 2 аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, 16 мектеп директорының бары көңіл құлазытады. Олардың жасаған қылмыстарының дені бөлінген бюджет қаражатын, мемлекет мүлкін талан-таражға салудан, қарамағындағылардан пара алудан, қызмет дәрежесін асыра пайдаланудан көрініс береді. Үстіміздегі жылдың өткен үш ай мерзімінің өзінде облыс бойынша қозғалған 8 қылмыстық істің 3-і мектеп директорларына қатысты. Қынжыларлығы сол, білім саласында жыл өткен сайын қылмыстың саны артып келеді. Тәртіптік кеңес отырысына қатысушыларды облыстық денсаулық сақтау басқармасында орын алған түрлі қылмыстық іс-әрекеттер бей-жай қалдыра алмады. Отырыста облыс прокурорының орынбасары Нұрлан Бижанов, облыстық медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау департаментінің директоры Алмат Құрманғали, облыстық экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Кемелбеков және басқа хабарламашылардың мәлімдеуінше, аймақтағы денсаулық сақтау саласында да "әттеген-ай" дегізерліктей оқиғалар орын алған. Тексеру барысы акушер-гинекологтар мен бала дәрігерлерінің жетіспеушілігінен алдын алу шаралары кеш өткізілген, онда әйелдер мен балалардың толық қамтылмағанын айғақтайды. Мұндай жағдай, әсіресе ауылдық жерлерде көбірек орын алған. Денсаулық сақтау саласындағы орын алған ендігі бір кемшілік, тұрғындарға тегін және жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында берілетін қомақты қаржының дер кезінде әрі тиімді игерілмейтіндігі. Сондай-ақ мемлекеттің қыруар қаржысына сатып алынған соңғы үлгідегі медициналық аппаратуралар мен құрал-жабдықтар пайдаланылмай тұр. Соңғы үш жыл көлемінде жоспарлы түрде облыстың 191 емдеу мекемелері тексерілді. Соның нәтижесінде 2006 жылы - 6535101 теңге, 2007 жылы - 15623110 теңге, 2008 жылдың алғашқы жарты жылдығына 2664496 теңге мемлекет есебіне қайтарылды. Өткен жылдың өзінде сыбайлас жемқорлыққа байланысты 11 қылмыстық іс қозғалып, 5 лауазым иесі жұмысынан босатылды.
Қоғамдық кеңес отырысында облыстық білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы Руслан Чагай мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Болатбек Баймахановтың хабарламалары тыңдалды. Жетекші сала басшылары бүгінгі айтылған кемшіліктерден тиісті қорытынды шығаратындықтарын атап көрсетті. "Нұр Отан" ХДП партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рақымбеков сөз алып, осыншалықты кемшіліктерге жол берген басшы қызметтегі жауапты жандардың партиялық мәселесін қарауды, өздерінің құзыры жетпейтін кейбір қиын түйіндерді жоғары жаққа ұсынуды жөн санайтынын айтты. Кеңес отырысын қорытындылаған "Нұр Отан" ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес төрағасы Өлмесхан Болатбеков жетекші екі саланың алдағы міндеттері мен атқарылар ауқымды істеріне тоқталды. Қоғамдық кеңес отырысына қатысушылар бүгінгі мәселеге орай өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.