Талдықорғанда 4,5 келі мефедронмен ұсталған азамат 10 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында мефедрон өндіретін жасырын есірткі зертханасын ұйымдастырған Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Тінту кезінде одан 4,5 килограмнан астам психотроптық зат тәркіленген. Бұл туралы өңірдегі прокуратура мәлім етті.

Фото: Norma.uz

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен Шығыс Қазақстан облысының тұрғынына қатысты айыптау үкімі шығарылды. Ол адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды заңсыз дайындағаны үшін кінәлі деп танылды.

— Сотталған азамат 2025 жылы «Telegram» мессенджері арқылы байланыста болған адамдардың ұсынысымен Талдықорған қаласына келіп, жеке үйді жалға алған және онда мефедрон дайындайтын жасырын зертхана ұйымдастырған, — делінген хабарламада.

Тінту барысында 4,5 килограмнан астам мефедрон анықталып, тәркіленген.

Мемлекеттік айыптаушы ұсынған дәлелдемелерді, сондай-ақ аса ауыр қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот прокуратураның ұстанымын қолдап, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жетісу облысының прокуратурасы есірткі заттарын дайындаумен, өткізу мақсатында сақтаумен келген «жеңіл ақша» ауыр зардаптарға әкелетінін ескертеді. Мұндай әрекеттер аса ауыр қылмыс болып табылады және ол үшін 15 жылғадейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Айта кетейік, былтыр Қостанайда 214 адам есірткі қылмысы үшін сотталды.