Талдықорған прокуратурасы зағиптардың құқықтарын қорғады

ТАЛДЫҚОРҒАН. 15 наурыз. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Талдықорған прокуратурасы «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жетісу оқу-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейтін 64 мүгедектің құқықтарын қорғады.

Талдықорған прокуроры Бауыржан Сауғабаевтың айтуынша, 2011 жылдың ақпан айында Талдықорғандағы №8 ясли-бақшасы балаларға арналған көрпе-көрпешелер, төсек жаймалары мен асхана сүлгілерін тігуге лот жариялаған. Бірақ «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жетісу оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС басшылығының тендерге қатысу туралы өтінішін тапсырыс беруші тарап көзге ілмеген және басқа фирманы таңдаған. «Бірақ «Мемлекеттік сатып алулар туралы» ҚР Заңы бойынша, тапсырыс беруші алдымен Мемлекеттік сатып алулар бюллетеніне осы тауарларды мүгедектердің республикалық қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардан сатып алу ниеті туралы хабарландыру жариялауы тиіс. Одан кейін, заң талабы бойынша 15 күн күтеді. Егер осы аралықта мүгедектер ұйымдарынан өтініш түспесе, тапсырыс беруші тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ҚР Заңына сәйкес басқалардан сатып ала алады», - деп түсіндірді прокурор.

Ал балабақша басшылығы бұл талаптарды орындамаған. Аталған заң бұзушылықтар бойынша қала прокуратурасы мемлекеттік сатып алулардың қорытындысын бекіту жөніндегі заңсыз шешімге наразылық білдірді. Нәтижесінде, заңсыз шешімнің күші жойылды, ал №8 ясли-бақшаның басшылығы мүгедектер қоғамымен 2 819 300 теңгеге келісімшартқа отырды. Сондай-ақ, прокуратураның ұйғарымы бойынша, балабақшаның басшысы мен есепшісі тәртіптік жауапқа тартылды.