Талдықорғанда Дінмұхамед Қонаевқа арналған ескерткіш ашылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Талдықорғанда көрнекті мемлекет қайраткері, қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдық мерейтойына орай ескерткіш ашылды.

Оның ашылуына «Д.А.Қонаев халықаралық қоры» ҚҚ бастамашы  болды.

 «Ескерткіш үш метрлік граниттік тұғырдан тұрады, оның үстінде Д.Қонаевтың қола мүсіні орнатылған. Тұғырға өтетін жерлер де гранитпен өңделіп, гүлзарлармен қоршалған. Бұл Алматы облысында Д.А. Қонаевқа арналып салынған үшінші ескерткіш болып табылады, бұған дейін олар Балқаш ауданында және Қапшағайда ашылған болатын. Мүсіннің авторы, Қазақстанға еңбегі сіңген сәулетші Қаби Баулықов», - деп хабарлады Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов.

 Жыл басынан бері Д.Қонаевтың 100 жылдың мерейтойына орай Алматы облысында «100 жыл - 100 шара» акциясы аясында көптеген жарқын істер ұйымдастырылуда. Ал негізгі мерекелік шара Д.Қонаевтың туған жері - Балқаш ауданында 21-22 қыркүйек күндері өтеді.