Талдықорғанда мас екі ер адам Ұлттық гвардия әскери қызметшілеріне қол көтерді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда күдікті тұлғалар мен Ұлттық гвардия әскери қызметшілері арасында кикілжің орын алды. Қазіргі уақытта полицейлер билік өкіліне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінде хабарлағандай, Талдықорған Ұлттық гвардия батальонының әскери қызметшілері күн сайын қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша полицейлермен бірлесіп қала көшелерін торуылдайды.

«Үш әскери қызметшіден тұратын әскери наряд «Жетісу» ауданын торуылдап жүріп, көшеде айналасындағы елдің мазасын алып жүрген екі мас ер адамды кезіктіреді. Олар тірек пунктіне апармақшы болған сарбаздардың заңды талабынан бас тартып, оларға жұдырығын ала жүгірді. Мас ер адам сарбаздың бірінің киімін зақымдады. Олардың қарсыласқанына қарамастан, әскери наряд екі тәртіп бұзушыны ұстап, Талдықорған ІІБ-ға жеткізді» , - деп түсіндірді ІІД.

Билік өкіліне қатысты күш қолдану фактісі бойынша сот алды тергеу басталды.