Облыс әкімі Серік Ахметов актив жиынын өткізіп, онда кадрлық өзгерістер туралы хабарлады.
«Талғат Әбілда Амангелдіұлы агроөнеркәсіп кешені, табиғатты пайдалану, жер қатынастары, шағын және орта бизнес, халықты әлеуметтік қорғау салаларына жетекшілік жасайтын болады. Сонымен қатар Жезқазған мен Сәтбаев қалалары, Ұлытау мен Шет аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарларын жүзеге асыру барысын бақылайтын болады», - делінген облыс әкімі таратқан хабарламада.
Облыс әкімі жаңа орынбасардың алдына бірқатар міндеттер қойып, жұмысына табыс тіледі.
Төлеутай Рақымбековтың «ТКШ дамыту және жаңғыртудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалуына байланысты ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және менің өкіміммен облыс әкімінің орынбасары қызметінен босатылды, - деді аймақ басшысы.
Ол өз сөзінде Төлеутай Рақымбековтың қызмет атқарған кезінде тұрғын үй-коммуналдық сала, агроөнеркәсіп кешенінде, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша елеулі еңбек еткенін тілге тиек етті.
Серік Ахметов оған алғысын білдіріп, облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.
Талғат Әбілда Амангелдіұлы 1971 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. 1996-2009 жылдары коммерциялық құрылымдарда еңбек еткен: «Ақмола Мұнайгаз сауда» ЖШС директоры, «Құлагер» сауда үйі» ЖШС бас директоры, Қарағандыдағы «Водоканал» АҚ коммерциялық директоры, «Нұр-Астық-2004» ЖШС директоры, «Абылайхан» ЖШС директоры қызметтерін атқарды. 2009-2010 жылдары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ бас сарапшысы, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ корпоративті хатшысы болып істеген.
2010 жылдың сәуір айынан бері мемлекеттік қызметте. Тағайындалғанға дейін Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болып, экономика, бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерімен шұғылданды.