«Тамақ өнеркәсібі бойынша сүт өнімдерімен бірге қант, шұжық, макарон, жарма өнімдерінің, жеміс-жидек консервілерінің импорты өсіп барады. Бұған өзімізде шығарылатын тамақ өнімдерінің жеткіліксіз болуы және отандық кәсіпорындардың бәсекеге төтеп бере алмауы әсер етіп отыр. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030-шы жылға дейінгі тұжырымдамасында шығыстарды субсидиялау, шикізат базасын дамыту, салық преференциялары және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі қажет», - деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құру үшін өңдеу секторының негізгі ірі жобаларының тізбесін айқындады. Оған металлургия, химия, мұнай-газ химиясы, автомобиль жасау және басқа да салалардың жобалары кірді. Барлығы – 17 жоба. Аталған жобалар шикізатты терең өңдеуге бағытталған. Сонымен қатар өндірістік салалардың және бүкіл экономиканың дамуына ықпал ететін болады.
«Әрбір жоба бойынша тиісті іске асыру жоспары қабылданды, оларды барлық мүдделі мемлекеттік органдар қатаң бақылауда ұстауы қажет. Жалпы өңдеу секторын дамыту бойынша барлық негізгі бағыттар мен міндеттер айқын. Біз шикізатты емес жоғары өңделген тауарларды өндіруіміз қажет. Сонда ғана табыстың көбісі елімізде қалады, экономиканың күрделілігі өседі. Жаңа Салық кодексінің жобасында салық ставкасы шығарылатын тауардың өңдеу деңгейіне байланысты болады. Яғни кәсіпорын жоғары өңделген тауар шығарса салық ставкасы төмен болады, ал жәй шикізат шығаратын болса салық жоғары болады. Бұл – өндірістік дамуды ынталандыратын маңызды қадам», - деді ол.