Тамыз айында азық-түлік бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға өсті

АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Статистика агенттігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда 2010 жылғы тамызда азық-түлік тауарларының бағасы 2009 жылғы тамыз айымен салыстырғанда 5,8 пайызға өскен.

Ағымдағы жылғы тамызда өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда баға қантқа 23,3 пайызға, кофе, шай және какаоға - 13 пайызға, кондитерлік өнімдерге - 8,5 пайызға, май және тоң майға - 8,3 пайызға, сүт өнімдеріне - 7,2 пайызға, алкогольді ішімдіктерге - 5,3 пайызға, тоқаш пен ұн өнімдеріне - 4,5 пайызға, жемістер мен көкөністерге - 1,1 пайызға өсті. Сонымен қатар, бағаның төмендеуі ұнға 17,5 пайыз, жармаға - 3,5% пайыз, нанға - 1,8 пайыз, макарон өнімдеріне - 1,6 пайыз деңгейінде байқалды.

Есепті кезеңде ет және ет өнімдері бағасының өсімі 10,3 пайызды құраған. Бұдан бөлек, шошқа етіне баға деңгейі 9 пайыз, шұжық өнімдеріне - 7,9 пайыз, қой етіне - 7,5 пайыз, құс етіне - 5,2 пайыз, жылқы етіне - 3,8 пайыз шамасында жоғарылаған.