«Жаңа әліпби жаңарған елдің нышаны ретінде көнені келмеске кетіріп, сананы сілкіндіреді. Жадымызды жаңғыртып, тілге тәуелсіздік алып береді. Мәдени тұтастықты орнықтырып, ақпарат кеңістігін дербестікке жетелейді. Әліппе - мәдениеттің өлшемі, сонымен қатар ол ұлттың таңбасы, елдіктің айшығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын символдардың бірі. Бұл тұрғыда "таңба таңдау - өркениет жолын да таңдау" деген мағына береді. Сондықтан осы арқылы Мәңгілік ел мұратын тұғырлы ететін тариxи таңдау жасалды деп ойлаймыз", - деп атап көрсетті Дарxан Қыдырәлі.
«Мысалы, Қазақстан, Казахстан және соның транскрипциясы негізінде Kazakhstan деп жазамыз. Латын қарпіне көшкен жағдайда мұны Qazaqstan деп тілдік ерекшелігімізді сақтай отырып, бір-ақ сөзбен жазуға мүмкіндік аламыз», - деп дәлел келтірді сөзіне ол.
Оның айтуынша, әліппе алмастыру арқылы біз қосамжар орфографиядан құтылып қана қоймай, шет тілдерінен енген сөздерді де ұлттық ерекшеліктерге икемдей аламыз. Сондай-ақ, Латын қарпін қазақ емлесі арқылы қабылдау арқылы бұл мәселе бір ізге түспек.
«Орфографиялық, орфоэпиялық тұтастық тілдік тұтастыққа бастайтынын ескерсек, бұл түрлі этностардың қазақша оқу арқылы тіл сындыруына, сөйтіп мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасуына үлкен септігін тигізеді», - дейді «Егемен Қазақстан» газеті» АҚ басқарма төрағасы.
Сондай-ақ, Дархан Қыдырәлі қазірдің өзінде латын қарпі кеңінен қолданылып жүргенін айтты: «Қазірдің өзінде электронды ақпарат құралдарында латын қарпі кеңінен қолданылуда. Интернет, әлеуметтік желілерде бұған көшіп кеткендер аз емес. Бірақ олар латын әліппесін әртүрлі пайдалануда. Сондықтан білікті ғалымдар тарапынан мақұлданған жаңа әліппенің тезірек енуі бұл мәселені бір ізге түсіреді».