«Таңбалы: Бабалар коды» көрмесі нені баяндайды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы Ұлттық музейде ежелгі петроглифтерді заманауи өнер, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект көмегімен жаңаша таныстырған «Таңбалы: Бабалар коды» көрмесі ашылды. Көрме Қазақстан мен Орталық Азиядағы жартас өнерінің аса маңызды ескерткіштерінің бірі саналатын Таңбалы археологиялық ландшафтына арналған.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Экспозицияда жартас суреттерінің фотосы, петроглифтер негізінде жасалған арт-нысандар, мультимедиялық инсталляциялар мен жасанды интеллект көмегімен әзірленген бейнелер бар.

«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры Бибігүл Дәндіқарақызының айтуынша, көрме тарихи мұраны заманауи технологиялар арқылы әрлеп, түпнұсқаның болмысын толық сақтап қалған.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— «Таңбалы: Бабалар коды» көрмесінің атауының өзі көп нәрсені аңғартады. Бүгінгі шара арқылы бабалар тасқа қашап қалдырған тарихты сөйлетуді мақсат еттік. Дайындық кезінде мультимедиялық технологиялар мен жасанды интеллекті пайдаланылды. Сонымен қатар көрмеде ескерткіштердің түпнұсқа суреттерін тамашалауға болады. Біз ұстанған басты қағидат — тарихи мұраның шынайылығын сақтау, — деді ол.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Таңбалы ескерткіші туралы сөз қозғағанда археологтар оның құндылығы жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтады. Тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашевтің пікіріне сәйкес, Таңбалы — Қазақстанның ғана емес, бүкіл адамзаттың мәдени мұрасына айналған ескерткіш.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Таңбалы — қазақтың тарихы мен мәдениетін танытатын аса маңызды орындардың бірі. Ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен қатар Қазақстаннан алғашқылардың бірі болып ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. 1957 жылы ашылған бұл ескерткіштің қадір-қасиеті жыл өткен сайын артып келеді, себебі оның ашылмаған сыры өте көп, — деді ғалым.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Зейнолла Самашев көрменің негізгі бойтұмары ретінде күн басты бейнелер таңдалғанын атап өтті.

— Күн басты антропоморфты фигураларды Таңбалының ең маңызды белгісі деуге болады. Ғалымдар арасында олардың нақты мәні туралы ортақ пікір жоқ. Меніңше, бұл жазбаларда қола дәуіріндегі діни рәсімдерге қатысқан абыздар немесе бақсылар бейнеленген. Бұл сол дәуірдегі күнге, аспан денелеріне табыну түсінігімен байланысты болуы мүмкін, — деді ғалым.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Көрменің ашылуына қатысқан ЮНЕСКО сарапшысы, тарих ғылымы Виктор Новоженовтың айтуынша, петроглифтер Қазақстанның ең танымал мәдени символдарының бірі саналады.

— Петроглифтерді зерттейтін мамандардың бәрі Қазақстанды «петроглифтер елі», «петроглифтер әлемі» деп атайды. Елде 250-ден астам ірі жартас ескерткіші бар. Қазақстан Орталық Азиядағы осындай бірегей мәдени мұраға ие елдердің бірі. Ал көрме көне мұраны зерттеумен қатар, оны кең аудиторияға түсінікті әрі тартымды түрде ұсынуға мүмкіндік береді, — деді ол.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Таңбалы көрмесінің мазмұны 4 маусымда атап өтілетін Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен де үндеседі. Виктор Новоженовтың айтуынша, ежелгі петроглифтер де өз дәуірінде ұлттық бірегейліктің символы болған.

— Ол кезде кітап та, қағаз да болған жоқ, сондықтан адамдар өз тарихын жартасқа қашап жазды. Кейін түркі дәуірінде пайда болған рулық таңбалар да осы дәстүрдің жалғасы болды. Жартастағы белгілерді түркі халықтары, соның ішінде қазақтар да өзінің ұлттық нышаны ретінде қабылдады, — деді ол.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Тарихшының айтуынша, рәміздерден көруге болатын бейнелер мен ою-өрнектің бастауы ежелгі петроглифтерде кездеседі.

— Жартастардан бүркітті де, кейін ұлттық ою-өрнекке айналған көптеген элементті де көруге болады. Қошқар мүйіз өрнегі, тау ешкілері мен арқар мүйізі уақыт өте келе халқымыздың мәдени символына айналды, — деді ол.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ЮНЕСКО тізіміне тарихи мұра нысандарын ұсынғаны туралы жазған едік.

Дария Ғұмар