ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында Қазталов аудандық мәслихатының сессиясында өңірдің экономикасы мен әлеуметтік дамуына және мәдениетіне үлес қосқан бір топ адамға «Қазталов ауданының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылданды.
Құрметті азамат атанғандар қатарында танымал актер Тұрсынбек Қабатов бар. Қазталов топырағында өмір есігін ашқан ол өнер аспанында жарқырай біліп, кезінде республикалық «Тазша бала», халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы атанды, «Астана kz» командасының белді ойыншыларының бірі ретінде көпшілікке танылды. Қазір «Базар жоқ» театрының жетекшісі. Ол туған жеріне де жиі келіп, ауылдастарының қуаныш-қызығын бөлісіп тұрады.
Құрметті атақты сондай-ақ белгілі театр және кино әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сердеш Қажымұратов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері, әнші-сазгер Баян Қабиева мен журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі Темір Құсайын, республикаға танымал айтыскер ақын, ұстаз Дариға Мұштанова және Ұлы Отан соғысының көзі тірі алты ардагері иеленді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).