«Тараз» ФК баспасөз қызметінен хабарлағандай, 2014 жылғы маусымда «Тараз» командасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалған Олимпиада чемпионы, атақты маман, КСРО спорт шебері Евгений Яровенко 2014 жылдың соңында тараздық клубтың Премьер-лигада қалуына біраз күш-қайрат жұмсады (турнир кестесіндегі 11 орын).
Дегенмен биылғы жылы команда алдына жетінші-сегізінші орындардың бірін иелену міндеті қойылса да, Евгений Яровенконың командасы чемпионатта тоғызыншы орынды қанағат тұтты. Осыған байланысты бас жаттықтырушымен келісімшарт ұзартылған жоқ.
2015 жылғы футбол маусымы басталуы кезінде Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевпен ойыншылар мен клуб басшылығының кездесуінде жаңа маусымда командадан лайықты нәтижелер күтілетіні айтылған болатын, ол үшін әзірлікке қолайлы жағдайлар жасалды, трансфер саясатында еркіндік берілді. «Биылғы жылы сұраныс қатаң болады. Біз барлық жағдайды жасадық, енді осындай қайтарым күтеміз», - деп атап көрсеткен болатын сонда өңір басшысы.
Еске сала кетейік, «Тараз» ФК бірнеше жылдан бері ел чемпионатында сәтсіздікке ұшырап жүр. Өткен бірнеше жылдағы чемпионаттар рейтингісіне тараздық клуб үнемі соңғы орындардың бірінен көрініп келеді. 2014 жылдың ортасында жаттықтырушылар құрамы ауыстырылды. Қазақстанда жұмыс жасаған ең табысты шетелдік маман, голландтық жаттықтырушы Арно Пайперс шарттың басты талабы - турнир кестесінің алтылығына кіру орындалмағандықтан өз еркімен қызметінен кетті. Голландтық Арно Пайперстен кейін клубқа Олимпиада чемпионы, Жамбыл облысының тумасы Евгений Яровенко келді.