Тараз колониясында жедел дайындалатын тағамның арасынан 19 телефон шықты
04:31, 25 Желтоқсан 2016
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараздағы ерекше режимдегі колонияда сотталғандарға ұялы байланыс құралдарын өткізу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісі, түзету мекемесінің әкімшілігіне сілтем жасай отырып.
19 ұялы телефон мен оның қуат беретін құрылғылары, батарейкалар мен телефон чиптері колония аймағында орналасқан дүкенге жеткізілген азық-түліктің арасынан табылды. Тыйым салынған заттар жедел дайындалатын сорпа пакеттерінің арасына салынған.
Бұл заттар колонияның жедел қызметкерлері мен Ұлттық ұланның жауынгерлері тарапынан, «Граф» есімді иісшіл иттің көмегімен анықталған.
Ерекше режимдегі 158/7 колониясының бастығы Нұржан Жолдасбековтың айтуынша, бұны ұялы байланыс телефондарының үлкен партиясы деуге болады. Құрылғылар колония аймағына қалай кіргізілгенін және осы әрекеттердің артында кімдердің тұрғаны алдағы уақытта анықталатын болады.