Тараз мектебінде шағын газ баллоны бүркілді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс орталығындағы мектептердің бірінде шағын газ баллонын бүрку оқиғасы орын алған, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасынан.

«Сағат 10:40-та №7 орта мектебінен оқушы қыздардың іші ауырып тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті. Мектеп ғимаратында шағын баллоннан газ бүркілгені анықталып, оқушылардың өздерін нашар сезінуіне себеп болды. «Жедел жәрдем» дәрігерлері оларға көмек көрсетті, балаларды ауруханаға апару қажеттілігі туындаған жоқ», - деп баяндады ҚазАқпаратқа «Қалалық жедел медициналық көмек стансасы» КМҚК-ның бас дәрігері Венера Балқыбекова. - Аталған іспен полиция өкілдері айналысты».

Мектеп басшысының айтуынша, 9-шы сынып оқушыларының бірінде ата-анасының өзін қорғау үшін берген шағын баллоны болған. Бұл оқушының сыныптасы оны байқап қалып, қабырғаға бүркіп көреді.. «Қыздар әсер алғаннан гөрі, қатты шошынып қалған. Қазіргі кезде олардың жағдайы қанағаттанарлық. Осындай оқиғалар қайталанбас үшін, ұл балалармен жұмыс жүргізетін боламыз», - деп түсіндірді № 7 ОМ-нің басшылығы.