Таразда «Мерейлі отбасы» орталығы ашылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда Отбасы күніне ашылған «Мерейлі отбасы» орталығы қызметінің негізгі мақсаттары - ұлттық отбасылық дәстүрлерді сақтау, ұрпақтар сабақтастығы, неке институтына жауапты қатынасты тәрбиелеу болмақ.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында атап өткендей, Мемлекет басшысы бастамашы болған мереке - 2013 жылы Қазақстанның ресми күнтізбесінде пайда болған Отбасы күні біздің қоғамымыздағы отбасының мәртебесін көтеріп, кейбір батыс елдерінен келіп жатқан келеңсіз үрдістерге қарсы тұруға жәрдемдесуі тиіс.

Жоғары оқу орны ректорының пікірінше, отбасы шын мәнісінде ұлттық игілік, әр адамның өміріндегі ең басты бұлжымайтын құндылық.

«Отбасы айналасында біздің бүкіл өміріміз өтіп жатыр. Отбасылық құндылықсыз ешқандай мәдениет, рухани мәселе, не болмаса ұрпақтардың тарихи сабақтастығы, тіпті адамзат өркениеті болуы мүмкін емес. Отбасы қазақтардың ұлттық дәстүрлерінде басты орын алады. Біз аналарымызды, әкелерімізді ардақтаймыз, балаларымызға мейірімімізді төгеміз. Нақ осы отбасында адамның азамат ретінде қалыптасуы жүреді. Отанға деген сүйіспеншілік туған отбасыңа махаббаттан басталады. Онсыз адам ұрпағы жалғаспайды, онсыз адамзатта ілгерілеу болмайды», деп санайды Д.Қожамжарова. Облыстағы байырғы оқу орындары бірінің басшысы «Мерейлі отбасы» орталығының ашылуына өңірдегі барлық жоғары және орта арнаулы оқу орындарының, Қазақстан халқы ассамблеясының, Жамбыл облысы бойынша әйелдер қауымдастығының, мемлекеттік органдардың өкілдері, ТарМПИ оқытушылары мен студенттері шақырылғанын айтты. «Мерейлі отбасы» орталығының тұсаукесеріне біздің облысымыздың 14 құрметті отбасы қатысты. Олар «Мерейлі отбасы» республикалық конкурсының жеңімпаздары - Ережеповтер отбасы, Молдабаевтардың шығармашыл отбасы, біздің оқу орнымыздың мұғалімдері Аладиновтер, жас отбасы, біздің бұрынғы студенттеріміз Нұрсейтовтер және басқалары. Олар өздері туралы әңгімеледі, отбасы бақытының сырларымен бөлісті, сұрақтарға жауап қайтарды», - деді Д.Қожамжарова. Отбасылық дәстүрлер мен басымдықтар кездесулер мен дәрістердің тақырыбы болады, мұндай шаралар ТарМПИ жанындағы «Мерейлі отбасы» орталығында жүйелі өтіп тұрмақ.