Таразда жол ақысы көтерілмейтін болды

ТАРАЗ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Тараз қаласының автотасымалдаушылар қауымдастығы 1 ақпаннан бастап қоғамдық көліктердің жол ақысын көтермек болған еді.

Олар автобус мен троллейбус бағдарларының тарифін - 30 теңгеден 40 теңгеге дейін, микроавтобустардың жолақысын 40 теңгеден 50 теңгеге дейін көтеруді діттеген болатын. Ал мектеп оқушылары үшін жеңілдікті тарифтер қарастырылмақ еді.

Тасымалдаушылар қауымдастығының басшысы Асқар Жанұзақовтың айтуынша, жолақысын көтеруге олар мәжбүр болған. Себебі қазіргі тариф қоғамдық көліктерге кететін шығындарды жаппайтын көрінеді.

«Бұл шешімді қауымдастық өткен жылдың шілде айында анықтаған болатын және ол кезде автотасымалдаушылардың өз тарифтерін жергілікті атқарушы органдармен келісу міндеттілігі заңмен анықталмаған еді»,- деп түсіндіреді қалыптасқан жағдайды А.Жанұзақов.

Дегенмен, тасымалдаушылардың бұл шешімінің заңдылығы және тарифтерді көтеру мәселесі бойынша бұқаралық тыңдаудың өтпеуі жұртшылық тарапынан көп сауал туғызып отыр. Тек «Знамя труда» облыстық газетінде берілген хабарландыру ғана Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша Бәсекелестікті қорғау жөніндегі аймақаралық инспекция (монополияға қарсы агенттік) тарапынан реакция туғызып, инспекция басшылығы тасымалдаушыларға заңнаманың нюанстарын түсіндіруге мәжбүр болған.

«Автомобиль көлігі туралы» ҚР заңына сәйкес, қалалық (селолық) тұрақты автокөлік тасымалдарының тарифтерін жергілікті атқарушы органдар белгілеуі керек. Сондай-ақ тарифтер жергілікті атқарушы органмен, атап айтқанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі бөлімімен келісілуі керек, оның рұқсатынсыз тарифтер енгізілмейді.

Жолақысы көтерілетін болды деп дүрлігіп отырған тараздықтардың көңілдері орнына түсті.