Тараздық лаңкестерге сот кесімі өзгеріссіз қалдырылды

ТАРАЗ. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Бейсенбі күні Жамбыл облыстық сотының баспасөз орталығында 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында болған лаңкестік фактісі бойынша облыстық сот процесінің апелляциялық инстанциясының аяқталуы туралы ресми ақпарат айтылды.

Брифинг барысында журналистер өз кінәларын мойындамаған бес сотталушының төртеуі облыстық соттың апелляциялық инстанциясына қылмыстық істі қайта қарау туралы шағым бергені туралы ақпараттандырылды.

Облыстық соттың Жаппаров, Дүйсенбиев, Зүнимов және Забираевқа қатысты кесімі өзгеріссіз қалдырылды, деп хабарлады Жамбыл облыстық сотының баспасөз орталығынан.

Естеріңізге сала кетейік, Кәриевтің 2011 жылдың 12 қарашасында жасаған лаңкестік актілері фактісі бойынша тергеу амалдары екі айға жалғасты. 2012 жылдың 15 ақпанында Жамбыл облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында жабық режимде 48 куәгердің қатысуымен сот іс қарады. 2012 жылдың 9 сәуір күні бірінші сатыдағы сот бес айыпталушыны ҚР ҚК-нің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танып, оларға бас бостандығынан айыру жазасының түрлі мерзімдері берілді.

Лаңкестік тобының құрушысы және басшысы болған 1976 жылғы Жаппаров Бақытжан қатаң режимдегі түзеу колониясында өмір бойы бас бостандығынан айыру және түрмеде бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Лесбек Дүйсенбиев (1976 ж.), Ерғали Зүнимов (1976 ж.), Төлеген Забираевқа (1992 ж.) түрлі мерзімдерге (18 жылдан 25 жылға дейін) бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Олар ұлттық, діни алауыздықты өршіткені және лаңкестікті насихаттау, лаңкестік топты құру және оған басшылық ету, қару, жарылғыш заттар мен құралдардың заңсыз айналымы, лаңкестік актілерді ұйымдастыру және жасау, көптеген адамдарды қасақана өлтіруде айыпты деп танылды.

Бұдан басқа, облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты 12 қарашадағы лаңкестік актісіне жанама қатысты тұлғаларды соттады. Кәриев танкқа қарсы гранатаатқышты сатқаны үшін жалпы режимдегі түзеу колониясында бес жылға бас бостандығынан айырылды. Граната ататын қаруды сатушы Жекібаевқа қатысты бөлек іс өндіріске алынды және 2012 жылдың ақпан айында Меркі аудандық соты оны қаруды заңсыз сақтағаны және сатқаны үшін алты жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Бұрын хабарланғандай, 2011 жылдың 12 қарашасында жиһад қозғалысының жақтаушысы болып табылатын 34 жастағы Мақсат Кәриев қару сататын дүкенге қарулы шабуыл жасап, гранатаатқыштан облыстық ҰҚКД-нің ғимаратын атты. Соның салдарынан жеті адам қаза тапты, олардың арасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен екі азаматтық тұлға бар. Сондай-ақ облыстық ІІД-нің үш қызметкері жараланды.

Жол полициясы взводының командирі Ғазиз Байтасовтың ерлігінің арқасында лаңкес тоқтатылды. Қылмыскер қолынан қаза тапқан полиция капитаны Ғ.Байтасовқа Халық Қаһарманы атағы берілді.