Тарихи 20 жылдық елдің есінен ешқашанда ұмытылмайды -Елбасы

ТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Тарихи 20 жылдық елдің есінен ешқашанда ұмытылмайды. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ең үздік магистранттарымен кездесуі кезінде мәлім етті.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында осы кездесу ұйымдастырылып отырғанына тоқталған Мемлекет басшысы, осы жылдардың ішінде істелген шаруалар жайында осы саналы жастардың барлығы хабардар екенін айтып өтті.

«Еліміз үшін оңай жылдар болған жоқ. Қазақстанның бүгінгі жағдайын сараласақ, қазір біз бұрын-соңды болмаған кезеңде өмір сүріп жатырмыз»,-деді Президент.

Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қазақстан халқының қазіргі таңда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, барша әлемге белгілі болған мемлекет қалыптастырғанын жеткізді. «Тарихи 20 жылдық елдің есінен ешқашан ұмытылмайды»,-деп қадап айтты Н. Назарбаев.

Бұл тұрғыда Елбасы осы атаулы жыл ел үшін, барша халық үшін өте қуанышты екенін жеткізді. «Ғаламдану жағдайында мемлекеттің озуы үшін, адамның озуы үшін, бәсекеге сай болуы үшін ең бірінші мәселе - білім мен ғылымның өркендеуі деп қарастыру керек»,-деді Президент магистранттарға қаратып айтқан сөзінде.