«Тарихи күннің қадірін кетірмейік» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 14 желтоқсан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевтың «Әлем таныған жасампаз көшбасшы» атты мақаласы басылды. Онда Қ. Саудабаев елордада өткен ЕҚЫҰ-ның Саммитіне қатысты пікірін айтады. Еліміздің халықаралық ұйымға төрағалық етуге дайындығынан бастап, оның Саммиті өткеннен кейінгі, яғни бүгінгі күнге дейінгі жағдайды зерделеген Мемлекеттік хатшының пікірінше, біздің елордамыз Астана бүгінгі заманның ең бір көкейкесті мәселелері бойынша үнқатысудың маңызды орталығы ретіндегі мәртебесін берік тиянақтады, сөйтіп ЕҚЫҰ-ның самиттерін өткізген Хельсинки, Париж, Лиссабон, Будапешт, Ыстамбұл сияқты қалалармен бір қатарға көтерілді. «Бүгінде Астана Саммиті тарих меншігіне көшті. Ол тарихқа Қазақстан Республикасы, оның елордасы Астана және біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мәңгілікке алтын әріптермен жазылған», - дейді Қ.Саудабаев.

Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Қазақстан - Батыс пен Шығыстың алтын көпірі» атты мақалада жарияланды. Авторы - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі. Мақалаға келесі жылы Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына төрағалық жасайтыны арқау болған. Елбасының халықаралық ұйымға төрағалықты абыроймен атқару керек деген тапсырмасына сәйкес, еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен Үкімет бұл жұмысқа тыңғылықты дайындалып жатқандығына тоқталған Бас мүфти: «Халықаралық ұйымға төрағалық бағдарламасына сәйкес, Дүниежүзілік ислам экономикалық формуының VII отырысын өткізу жоспарланып отыр. Өйткені Давоста өтетін әлемдік саммитке теңдес бұл кездесу еліміздің Азия құрлығындағы елеулі экономикалық орталықтарымен тікелей қарым-қатынастар орнатуға, Қазақстанның экономикалық әлеуетін барынша дамытуға және сауда саласындағы ынтымақтастықты жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бағдарламаға сәйкес, 2011 жылы қыркүйекте өтуі жоспарланған ИКҰ денсаулық сақтау министрлерінің III конференциясы, Су мәселесі жөніндегі конференция мен Азия-Тынық мұхит шеңберіндегі қоршаған ортаны қорғау министрлерінің VI отырысында «Ислам мемлекеттеріндегі жасыл технологияның дамуы» атты конференциясын атап өтуге болады. Бұлардан басқа да түрлі конференциялар мен семинарлар өткізу жоспарланған»,-дейді.

***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің, Республикалық «Желтоқсан-1986-тәуелсіздік қырандарының, Халық қаһарманы» қозғалысы мен «Желтоқсан» республикалық халықтық-патриоттар қозғалысы басшыларының және елімізге белгілі бірқатар азаматтардың Қазақстан халқына жолдаған Үндеуін жариялады.

«
Еліміз тәуелсіздікке ие болған қысқа мерзімде маңызды жетістіктерге қол жеткізе білді. Біз мұны мақтаныш етеміз. Өкінішке қарай, соңғы жылдары еліміз үшін аса маңызды болған 16-желтоқсан Тәуелсіздік күні мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан қайсар ұл-қыздарға құрмет көрсететін 17-желтоқсанды жұртшылық қуанышпен қоса, біршама үрей сезіммен күтетін болып отыр. Өйткені соңғы жылдары өз мүдделерін күйттейтін кейбір саяси-қоғамдық топтар еліміз үшін қадір-қасиеті зор Тәуелсіздік күні мен Желтоқсан оқиғасын еске алу күндерін саясиландырып, әртүрлі наразылық шараларын ұйымдастыруының салдарынан ел ішінде үрей туғызу белең алып қалып жүр. Мұндай шараларды Тәуелсіздік күні мен Желтоқсан оқиғасы туралы теріс ой қалыптастырып, оған қатысушылардың абыройын түсіруге бағытталған деп қарастыруымыз керек.
Сондықтан да Тәуелсіздік күні мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы орын алған тарихи күндерді лайықты деңгейде атап өту үшін ел ішінде дүрбелең салушы топтардың шараларына тоқтау салып, оған жол бермеуге шақырамыз»,- делінген үндеуде.

Үндеудің толық мәтінімен танысу үшін «Тарихи күннің қадірін кетірмейік» атты мақалаға зер салыңыз. .

Сондай-ақ аталмыш басылымның бүгінгі санында «Алаш күні ресми тойланса игі!» деген тақырыппен мақала басылды. Мақала авторы қазақ тарихындағы мән-маңызы зор оқиғалар мен тарихи тұлғалардың естен шығып бара жатқандығына қынжылыс білдіреді. Автор қазақ тарихындағы Тәуелсіздік үшін күрестің үш бірдей маңызды датасы желтоқсанның ызғарлы күндеріне тұспа-тұс келетіндігін айта келе: «Өкінішке қарай, біздің елімізде Тәуелсіздік күнінің өзі жаңа жылдың тасасында қалып жатқан соң, халықтың тарихи жадында сақталған 13 желтоқсанды еске алып, оны жалпыхалықтық деңгейде атап өту қазірше қиын шаруа сияқты. Бұл күнді бірен-саран журналистер мен ақпарат құралдары, "Аманат" сияқты пікірталас клубы ғана халық есіне қайта салып, игі шаралар өткізіп жатыр. Бірақ оны бүкілхалықтық деңгейге жеткізуге ынталы не билік, не оппозиция өкілдері көрінбейді. Қазақ елі бір жылдан кейін Тәуелсіздіктің 20 жылдығын, екі жылдан кейін Алашорда үкіметінің 95 жылдығын тойлауы тиіс. Бірақ оған дайындық неге бүгіннен басталмайды? Алашорда күнін ресми мерекелер санатына енгіздіруге не кедергі?», - деген сауал тастайды.

***

«Алаш айнасы» басылымы Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңындағы бүгінгі нөмірінде «Алаш қозғалысын жалпыұлттық деңгейде неге атап өтпеске?» деген сауал тастап, оған жауап берген бірқатар ғалымдар мен саясаткерлердің пікірлерін жариялады. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Алашорда үкіметі құрылған күннің ұлт үшін саяси-тарихи маңызы өте зор екендігін айта келе: «Осы Алаш қозғалысының арқасында 1991 жылы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Алаш қайраткерлерінің қажыр-қайратынсыз автономия болар ма едік, 1936 жылы конституция қабылдап, тәуелсіздікті азат ауасын жұтар ма едік деген ой келеді», дейді.

Ал саясаттанушы Айдос Сарымның пайымдауынша, бұл көптің көкейінде жүрген мәселе. «Тәуелсіздігіміз 20 жылға жуықтаған кезде әлі күнге дейін осындай ұлттық мейрамның болмауы ұлт, мемлекет ретіндегі намысымызға арымызға үлкен сын деп есептеймін», дейді ол.

«Алаш айнасы» басылымы сондай-ақ Сыр өңірінің күрішіне қатысты қалыптасып отырған мәселеге алаңдаушылық білдіреді. «Қазақстанның күріші неге қымбат - жер құнарсыз» атты мақала авторының жазуынша, Қызылорда облысында өндірілген күріш өнімі елімізді толықтай қамтамасыз етуге жетеді. Әйтсе де күріш шаруашылығындағы күрмеулі мәселелер көлденеңдеп жүргені жасырын емес. Суармалы жерлер бірте-бірте кеміп барады. Бұл - тек Сыр өңіріндегі жұрттың проблемасы емес. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін ойлайтын болсақ, өз өнімімізді өндіруге жол ашқан болар едік. Өкінішке орай қазір, Қазақстанда шетелден келетін күріш өнімдері көбейіп барады.

***

«Казахстанская прада» басылымының жауынша, «Самұрық -Қазына» қорының дам институттарының қатысуымен 109 жоба іске қосылған. Бұл дегеніңіз 23 мың жаңа жұмыс орындары. Сондай-ақ биыл «Даму» қоры тікелей және екінші деңгейлі банктер арқылы құны 500 миллиард теңгені құрайтын 10 мың жобасы жүзеге асырған. Бұл ретте 20 мың жұмыс орындары ашылған. «Самұрық-Қазына» қорының жыл барысында атқарған жұмыстары жөніндегі мәселелерді «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Фонд укрепляет базу» атты мақаладан біле аласыздар.