«Ғалымның рөлі өзгерді. Тарих ғылымына феноменология мен герменевтика әдістерінің енуі тарихи зерттеулердің сипатының өзін едәуір өзгертіп жіберді. Ендігі жерде тарихшы фактілерді тізбелеп, суреттеп отырушы, оқиғаларды тек «тіркеуші» емес. Ендігі жерде тарихшы «пайымдаушыға» - зерттелетін уақыттың ішкі мағынасына ой жіберетін ғалымға, фактілерді жай зерттеп қана қоймайтын, нақты қоғамның құндылықтарын, жөн-жосықтарын, моралін «түсінуге» қол жеткізетін ғалымға айналуға тиіс»,- деді ол.
Мемлекеттік хатшының пайымынша, осылай қараған кезде әрбір ұлттық тарих формациялар мен өркениеттердің абстрактілі хронологиялық жылнамасы ретінде емес, халықтың бүкіл күрделілігі мен бөлек бітімін бойына сыйғызған жанды тарих ретінде бой көрсетеді. Тарихшының міндеті - ұлттық тарихты қайдағы бір әмбебап заңдылықтардың қасаң қалыптарына салып жібермей, ұлттық тарихтың жанды, бөлекше ағзасының қалай дамитынын түсіну.
«Еуропацентризммен әбден уланған шетелдік көпестердің, барлаушылардың, әскери адамдардың немесе географтардың қазақ тарихы туралы куәгерліктерін сыни талдаусыз сөзсіз ақиқат деп қарауға бола ма? Біз ол дереккөздердің бәрін байыпты түрде қайта пайымдауға, бүгінгі ғылымның биігінен қарағанда олардың көбіне-көп қазіргі үлгі-қалыптар бойынша ешқандай сын көтермейтінін түсінуге тиіспіз»,- деді М.Тәжин.