Тарихты қайта таразылаған дұрыс

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Қазірге дейін қазақ тарихына қатысты деректер мен оқиғалар негізінен Ресей ғалымдары қалыптастырған ескі желімен есіліп келеді.

Елді ғасырлар бойы отарлаған орыс басқыншыларының мәліметтерінен имандай сеніп, батырды барымташы, ханды қарақшы, көшпендіні жабайы, салт-дәстүрдің барлығын анайы деп қабылдадық. Өз алдымызға егемен ел атанған соң дүниенің төрт бұрышына шашылған қандастарымыз отандарына ағылып, олардың ортасында келген көзі ашық, санасы ояу небір ғұлама азаматтар ұлттың басында бағы тұрған заманында асқаны мен тасқанын, тіптен қиянға не үшін қашқанын айғақтайтын тосын мағлұматтарды шығара бастады.

Аңысын аңдап қарасақ, қазаққа, алашқа, түп тамыры сақ пен ғұнға байланысты талай-талай деректеріңіз берісі өзбектің, арысы қытай мен иранның жерінде ашылуын күтіп жатқандай. Көмбенің қайда екендігінен хабар алған бертіндегі ғалымдар Ташкент пен Теһеран асып, одан шығып Бейжіңді барлап, Құлжаға қона қайтуды дәстүрге айналдырды. Дәреже мен атақты еселейтін деректерді бірі астыртын сатып алды, келесісі жалынып-жалпайып сұрап алды. Қысқасы, мемлекеттік деңгейде ресми рұқсат етілмеген соң айтса сөзі, созса қолы жететіндер осындай қадамдармен қадау-қадау дүниелерді жинастыруға кірісіп кетті. Таяуда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин ұлт тарихын қайта зерделеп, жазып шығу жайында бастама көтерді. «Іздегенге сұраған» дегендей, елдің елдігін көтеретін келелі іске мемлекеттік ауқымда кіріскенде өзіміз турасындағы мол байлыққа неге Үкіметтік деңгейде сұрау салмаймыз?

«Қаншама жыл бодандық құрсауында болғандықтан қазақтың тарихын негізінен 1940 жылдан кейін Ресей ғалымдары жазып берді» дейді, кеше «Қазмедиа орталығында» баспасөз мәслихатын өткізген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санында жазып отыр (авторы - Бейсенбай Дәулетұлы).

- Сол кездегі топта белгілі ғалым Е. Бекмаханов болғанымен, оның деректері мен оқулығы қаперге алынбай, қайта соны жазғаны үшін сотталып кеткенін білесіздер. Өкініштісі, бірнеше ұрпақ орыс тарихшылары өздерінің мүддесі мен ыңғайына қарай жазған тарихи оқиғаларды оқып өсті. Ойтаным мен пікір қалыптастырды. Енді екі ай бұрын Мемлекеттік хатшы арнайы жиын өткізіп, қазақ тарихын жеке ұлт ретінде ешкімге жалтақтамай, саяси ықпалдарға түспей дербес жазып шығу керектігін бастама етіп көтеріп, қазақстандық ғалымдар тобына жаңа тапсырма жүктеді. Соған сәйкес білікті және тәжіріибесі мол зерттеушілерден құралған топтар Қытай, Ресей, Өзбекстан, Ұлыбритания сынды жиырма мемлекетті аралап, бұрын-соңды жарияланбаған тың мәліметтерді іздеуге кетті.

Бәрекелді! «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасының жұмысы жайында жан-жақты ақпар беруге тырысқан университет ғалымдарынан құралған топ бірқатар мәліметтерді де жеткізді. Еліміздің білікті зерттеуші ғалымдарынан құралған топтар әлемнің 20 мемлекетіндегі қазақтарға қатысты деректер табылуы мүмкін деген елдердің архивтерін сүзіп, маңызды деректер мен материалдарды жинастырып жатыр. Мұның барлығы талай рет тартыс пен талқыға түскен ұлт тарихын қайта жазу мақсатында жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек Мемхатшының тапсырмасына сәйкес 2 тарихи оқулық және 10 томдық кітап жазылу үстінде. Кейінгі кездері сыңаржақ көзқарастардың басымдық алуына орай шетінен жабылып қалған тарих кафедралары мен сағаттары қалпына келтіріліп жатыр. Ал Білім және ғылым министрлігіне кешегімізді қаузайтын, ертеңімізді екшейтін мамандықтың грантын небәрі 70-ке дейін төмендеткені орынсыз екендігі ескертіліп, көбейту жөнінде міндеттеме қойылды. Ал Гумилев атындағы университет ұжымы тоқсанына бір рет жарық көретін ғылыми-танымдық журналды алдағы қыркүйек айында шығармақшы. Ең маңыздысы, оқу орнында жаңадан тарих факультеті құрылады. Сонымен бірге жалпы қазақстандықтардың қызығушылығын туғызатын соңғы үлгілермен ерекшеленетін сайт құру міндеті тұр.

Виртуалды әлемде жылдам ақпар беретін «Википедияда» «Сақтарды парсы тілінде сөйлейтін халық» деген мәлімет бар. Расында солай ма, әлде қателік пе? - Бұл қателік - дейді, тарих ғылымдарының докторы «Еуразия» гуманитарлық ғылыми зерттеулер орталығының директоры Зиябек Қабұлдинов. Егер қазақтардың түп-тамыры саналатын сақтар парсы тілінде сөйлесе, түркітілдеске не қатысы болады. Мұндай қателіктер Кеңестік дәуірдегі саясаттың салқынынан туындаған. Рас, парсылар шекаралас шепте қоныстанып, аралас-құралас жүрді. Бірақ сақтардың ол тілде сөйлемегенінің айқын дәлелі жақында айтылып, нақтыланады. Жалпы, тарихтағы көптеген олқылықтардың орнын толтырып, шын мәніндегі деректер мен оқиғалар тізбесін жариялауымыз керек.

Тарихшының айтуына қарағанда 1932 жылдан бастау алған ашаршылық пен жаппай қуғын-сүргіннен ай-күннің аманында қынадай қырылған халық жер бетінде санаулы. Олардың бірі де бірегейі - әрине қазақ. Украин зерттеушілері қанды қасап жылдарындағы өздерінің шығынын 14 миллионға жеткізіп, тіптен оның 7 миллионының нақты аты-жөндерін де тауып, жариялапты. Біздің шығынды ғалымдар әртүрлі сандармен сипаттайды. Енді өткенді зерделеу барысында мүмкіндігінше зұлмат заман құрбандарының нақты аты-жөнін және жалпы қырылғандардың санын анықтауға күш салмақшы.

- Біз үшін тағы бір маңызды деректі табуға - Кенесары ханның басын қайтаруға Ресейлік ғалымдардың көмегі керек. Іздеу жұмыстарын 8 жыл бойы жүргізген қоғам қайраткерлері мен ғалымдардан құралған топ ондағы мұрағаттардың 78 пайызын қарап шықты. Алайда таппады. Енді оны Омбы, Санкт-Петербор, Мәскеу, Ташкент қалаларынан қарау - деген З.Қабұлдинов, Омбыдағы мұражайда Кенесары ханның мылтығы ескерткіш ретінде тұрғанын, мұны да ретін тауып елге қайтару қажеттілігіне тоқталды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың да ашылмаған ақтаңдақтары көп. Кейде жеңіл сенсация іздегендер керек десеңіз өздері түсінбей тұрып, елге қисынсыз да хабарлар таратып жібереді. « Мәселен, КТК телеарнасы таяуда кезіндегі майдан даласынан түсірілімдер жасап, жаңалық ашқандай «Әлия Молдағұлованың ескерткішінің астында мүрдесі жоқ» деп жар салды. Мұндай оқиғаны зерттеу кезінде есте ұстауға міндетті шарттарды ескерулеріңізді сұранамын. Қан майдандағы кескілескен ұрыста бірнеше жүздеген жауынгерлер бір шабуылдың немесе қорғаныстың кезінде оққа ұшып жатады. Оларды жеке тұлғасы анықталған соң әскери жағдайға орай қайтыс болғандардың барлығымен бірге жер қойнына тапсырады. Кейіннен арасындағы даңқты жауынгерлерге ескерткіш белгі қою көзделсе, ол жаңағы аумаққа орнатылады. Жалпы, осылайша орнатылған ескерткіш белгілердің 90 пайызының астында мүрде жоқ. Атақты батырлар А.Матросов, С.Баймағамбетов турасында да осыны айтуға болады. Ал кейбір белсенділер тіптен «мүрдесін қазып алып, елге әкелейік» деп те ұрандатпас бұрын, қиян-кескі соғыс кезі мен аталған жайттарды ескеруі керек». «Мемориалды аймақ» іздеу отрядының командирі, ЛН. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Майдан Құсайынов осылайша өз өкпесін де жеткізді.