***
«Өңірде суармалы егіншілікті қолға аламын деген шаруа қожалықтары үшін алқаптарды суаруға арналған техникалар аса қажет. Тіпті, облыс орталығында шетелдік жаңбырлатқыш құрылғыларды құрастыру ісі де жоспарланып отыр. Бұндай жақсы жаңалықты Канадалық «Valmont Ine» және «CanAgro Exports Inc» компанияларының басшылары алып келді. Шетелдіктер Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынның қабылдауында болып, бірлескен жобаның мән-жайын айтып берді»,-деп жазылған «Егемен Қазақстан» басылымының Интернеттегі нұсқасында.
Бұл күндері өңірде ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 8 млрд теңге болатын 18 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Соның ішінде суармалы егістік алқаптарын қайта қалпына келтіру бойынша жобалар да бар. Алайда, жаңбырлатқыш техникалар аз. Қазіргі кезде, облысымызда 253 суармалы құрылғылар, соның ішінде 20 канадалық «Valley» маркалы агрегаттар әкелінген. Бұған дейін жаңбырлатқыш құрылғылар құрастыратын кәсіпорынды іске қосу туралы шешім де қабылданды. Бұл материал «Іске сәт, «Valley»!» деген тақырыппен беріліп отыр.
Сонымен қатар осы газетте «Павлодарда кардиохирургиялық орталық ашылды» атты мақала жарық көрді. Жуырда арада 5-6 жылдай уақыт өткенде барып, облыс орталығында өңірлік кардиохирургиялық орталық ашылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл қыркүйек айындағы облысқа сапары кезінде орталыққа келіп көріп, желтоқсан айында пайдалануға беруге тапсырма берген еді. «Алдағы уақытта медицинаның озық технологияларымен жабдықталған орталықта жылына шамамен 2500-ге жуық ота жасалмақшы. Балалардың жүрек ауру сырқатына да, тіпті, туа біткен жүрек ақауы бар жас сәбиге де оталар осы орталықта жасалады»,- дейді мамандар. Облыс орталығындағы №2 аурухананың кардиохиургиялық бөлімшесі орталыққа көшті. Бұл күндері өңірде жүрек ауруларына шалдыққан 600 бала есепте тұрса, оның 150-і операция кезек күтіп келді. Орталықтың жұмысы ғылыми орталықтардың, соның ішінде Астанадағы республикалық ғылыми орталықпен бірлесе жұмыс жасайды. Мұндай орталықтар Ақтөбеде, Оңтүстік Қазақстан облысында, Алматыда, Талдықорғанда, Семейде және Петропавлда бар»,-деп жазады басылым.
***
«Бейжіңдегі Қытайдың бірінші тарихи мұрағатындағы «Әскери басқармаға жолданған ұлықтардың мәнжу тіліндегі мәлімдемелерінің көшірмесі» атты Цин патшалығының мұрағат құжаттары қорынан, ондағы құжаттардың микрофильмдері арасынан сақталу нөмірі 1736-03 және микрофильм бойынша 051-001761 нөмірлі «Шағатай» жазба тілінде хатталған тарихи құжат табылды»,-деп жазылған «Дала мен қала» басылымының биылғы жылдағы алғашқы санында жарық көрген мақалада. Тақырыбы - «Қабанбайдың мөрі».
Осы басылымда «Халыққа жақын қоғамдық қабылдау» атты мақала берілген. «Нұр Отан» ХДП-ның Қоғамдық қабылдау бөлмелері партия мен халық арасындағы алтын арқауға айналған. Ол бұқараның үміт, тілегін тыңдап, іске асуына тиісінше жәрдем беретін бірден-бір қалаулы орын болып тұр. «Тіршілік болған соң, бір түйткіл болмай тұра ма, біреу заңгердің, біреу әлеуметтік қамсыздандыру мамандарының кеңесіне зәру. Елдің бәрі бірдей әділет органдары мен әкімшілік мекемелеріне аяғы жете бермейді. Сондайда «Нұр Отанның» барлық аймақтарындағы филиалдарының жанынан ашылған Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің пайдасы мен көмегі «іздегенге-сұраған» болып тұр. Соңғы кезде көпшілік осынау Қабылдау бөлмелерін шын мәнінде түсіне бастады»,-деп жазады басылым.
***
«Ана тілі» басылымында Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжановпен сұхбат көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Егер осы реформаларды осылай жүргізбесек, кей республикалар сияқты аяғымыздан тік тұрып кете алмас едік. Бізге нарыққа көшу керек болды. Ашық азаматтық қоғам орнатуға күш салдық. Біз қазір сол жолдағы кейбір мәселелерді шешіп жатырмыз. Әрине, мұның қазақ болмысына сай келмейтін тұстары да бар. Мәселен, экономикадағы нарықтық қатынас жайбарақаттықты, қонақжайлылықты, салт-дәстүрді сақтап, уақыт өткізуді көтермейді. Оның тәртібі бойынша, қолға алған істі аяғына дейін жеткізу керек. Ең бастысы біз сондай нарыққа ілесе алған халықпыз. Әрине, кейде тіліміздің, салтымыздың кенже қалып жатқандығы жайында сөз болады. Түйіні шешілмеген түйткілді мәселелердің бары рас. Дегенмен, алдымен экономика сосын идеология деген қағидат нарықтың заңына дөп келеді. Бұл жерде экономикалық заңдылықтан тыс, басқа бір құндылыққа жүгініп отырсақ ұтылып, заманға ілесе алмай қаламыз. Кешегі Кеңестік саясат кезінде халқымыз ашаршылық зауалын бастан кешті, зиялыларымыз репрессияға ұшырады. Сол кезде еліміз әлемдік техникалық үдеріске ілесе алмай қалды. Енді осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Міне осы тұста батыл қимылдамасақ болмайды. Мұндай үрдіске қазақ халқы дайын болды, қиыншылықты жеңе білді»,-дейді Н. Әбжанов. Бұл сұхбат «Тарихты қазақ мемлекеттілігі тұрғысынан жазуымыз керек» деген тақырыппен жарияланды.