Тасқа жазылған тарих: Шығыс Қазақстандағы Ақбауыр үңгірінен репортаж

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстанда ғасырлар сырын сақтап жатқан тылсым мекендер аз емес. Солардың бірі — Ұлан ауданындағы Ақбауыр тарихи-археологиялық кешені. Өскемен қаласынан 40 шақырымдай жерде Бестерек пен Сағыр ауылдарының арасында орналасқан бұл жерді «қазақстандық Стоунхендж» деп те атайды. Kazinform тілшісі Ақбауырдың жұмбағын өз көзімен көріп, тарих сырын фотоға түсіріп қайтты.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Ақбауыр — біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықтардан жеткен тарихи-мәдени кешен. Ғалымдар мұнда қола дәуірі адамдарының ізі сақталғанын айтады. Ал соңғы жылдары бұл мекеннің маңызы одан әрі арта түсті.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Себебі 2019 жылы археолог Зейнолла Самашев осы аумақтан қола дәуірі мен ерте темір дәуіріне жататын қонысты анықтады. Бұл жаңалық ғылыми ортада үлкен қызығушылық тудырды. Өйткені Шығыс Қазақстан аумағынан сақ дәуіріндегі отырықшы қоныстың табылуы ежелгі тұрғындардың өмір салты туралы бұрынғы көзқарастарды қайта қарауға мүмкіндік берді.

Кешенге кірген соң алдымызда созылып жатқан жолмен жүріп кеттік. Көп ұзамай Ақбауыр үңгірі көзге шалынды. Үңгірге жақындаған сайын бойымызды ерекше толқу биледі. Өйткені дәл осы жерде бірнеше мың жыл бұрын өмір сүрген адамдар тұрған, осы аспанға қараған, осы даламен жүрген.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Ақбауыр үңгірі — кешеннің ең танымал бөлігі. Зерттеушілердің бір тобы оны ежелгі астрономиялық бақылау орны болған деп есептейді. Сондықтан бұл жерді «қазақстандық Стоунхендж» деп те атайды.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Үңгір ішінде минералды қызыл түсті охра бояуымен салынған 80-ге жуық белгі бар. 

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Негізгі элементтері крестер, нүктелер, шеңберлер, түзу және иірім түріндегі сызықтар. Сондай-ақ серке ара бейнелерін, адамдар мен басқа да символдар мен белгілерді көруге болады.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Көне адамдар тасқа жануарлардың бейнесін ғана емес, өздерінің сенімін, табиғатқа деген құрметін және аспан әлемі туралы түсінігін де қалдырған.

Күн мен жұлдыздарға көз тіккен бабаларымыз осы жерден аспан құбылыстарын бақылап, уақыт пен маусымның ауысуын болжаған болуы мүмкін. Сондықтан Ақбауырдағы әр белгі мен әр сурет — бізге жеткен тасқа қашалған хат секілді.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Үңгірден кейін басқа нысандарды іздеуге шықтық. Алайда біраз уақыт бағыттан жаңылып қалдық. Кейін ғана кіреберістегі күзеттен кешеннің картасын сұрап алмағаным есіме түсті. Алайда бағыт картасы жеке көрсетілмей, ақпараттық стендтегі фотосуреттердің фонында ғана қалыпты.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Өкінішке қарай, келушілерге арналған жеке карта қарастырылмаған екен. Мұндай тарихи кешен үшін бағыт көрсететін шағын карта болса, туристерге әлдеқайда ыңғайлы болар еді.

Бағытты анықтап алған соң жолымызды жалғастырдық. Бұл жолы көлік іздерімен жүріп отырып, соқпақ жолға түстік. Алдымыздан тостаған тәріздес ойықтары бар тас құрылым кездесті. 

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Ғалымдар мұндай ойықтардың нақты қандай мақсатта пайдаланылғанын әлі анықтай қойған жоқ. Біреулер оларды діни рәсімдермен байланыстырса, енді біреулер тұрмыстық қажеттілікке пайдаланылған болуы мүмкін дейді. Қалай болғанда да, олардың әрқайсысы көне дәуірдің шешілмеген жұмбағы болып қала береді.

Осы нысанның қарсы бетінде тасқа қашалған петроглифтер мен Ақбауыр III қонысы орналасқан.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Сол сәтте тарих оқулығында ғана көріп жүрген қола және ерте темір дәуірі адамдарының мекеніне аяқ басып тұрғанымызды анық сезіндік. Бірнеше мың жыл бұрын осы жерде тіршілік қайнады, от жағылды, тұрмыс құрылды. Бүгін сол өмірдің жұрнағы ғана қалғанымен, ол өткеннің үнін әлі де сақтап тұр.

Мыңдаған жыл бұрын белгісіз бір шебер тас бетіне қашап кеткен таңбалар уақыт сынынан аман өтіп, бүгінгі ұрпаққа жеткен. Жануарлар бейнесі, түрлі таңбалар мен символдар — барлығы да ежелгі адамдардың дүниетанымы мен наным-сенімінен сыр шертеді.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Сапар барысында шатқал беткейлерінде гүлдеп тұрған тау бүлдіргенін де жиі кездестірдік. Бір жағында төрт-бес мың жылдық тарих жатса, екінші жағында табиғат өз сұлулығын жоғалтпаған.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Еске салсақ, осыған дейін Маңғыстауда тарихи Қарақабақ қалашығы зерттеліп жатқаны хабарланған. 

Фото: Kazinform