ОРАЛ. 2 қазан. ҚазАқпарат - Тасқала ауданы Мереке ауылдық округінің орталығында 170 орынға лайықталған жаңа «Камила» кафесі бой көтерді.
Оның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Сырымбет Серғалиевтің атап өткеніндей, аудан бойынша 800-ге жуық шағын бизнес субъектілері тіркелген. Міне солардың қатары тағы біреумен толығып отыр. Кәсіпкерлік нысандар санының өсуі ел экономикасының ілгерлеруіне оңды әсер етумен қатар, жергілікті бюджет түсімінің ұлғаюына да ықпал етеді.
Жеке кәсіпкер Алмагүл Қазиуллина жаңа кафенің ауылдың сұранысын толық қанағаттандыратына сенімді. Мереке ауылдық округі аудан орталығынан тоқсан шақырым шамасында қашықта орналасқан. Осыған дейін мерекеліктер той-садақаны қолдан құрылған шатырда өткізуге немесе аудан орталығына сабылуға мәжбүр болған. Енді өздері де еңселі тойханаға ие болды. Кафенің әрлеу жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізілгендігін қуанышқа жиналған ағайынның бәрі тамсана айтысты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).