Тасқалалық кәсіпкер қаз өсіруді қолға алды - БҚО

ОРАЛ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Мерей - Тасқала ауданындағы ең ірі округ. Қалаға бір табан жақын. Мал ұстауға жері қолайлы, егін егуге топырағы құнарлы мекен. Мұнда Ерлан Ниетқазиев есімді іскер азамат осы жылдан бастап асыл тұқымды қаз өсіруді қолға алған.

- Биылғы сәуір айында Орынбор қаласындағы құс фабрикасынан 1300-дей бір күндік қаз балапандарын алдым. Алғаш әкелгенде тәжірибенің әлсіздігінен жетпістей балапанды өлтіріп алдым. Қалғаны аман өсіп келеді. Толық дәрігерлік сараптамадан өткен. Қазан айына дейін бағып, саудаға шығара­мын, - дейді Ерлан Хамитұлы.

Ерланның айтуына қарағанда, өзі бағып отырған «Линди» асыл тұқымды әр қаздан 7-8 келіден ет алуға болады. Қаз етінің бағасы базар нарығында 1200 теңгеден сатылады. Ол қаз етін алушылармен қазірден бастап келісім жүргізуде. Мерейде өскен қаздар күз айларында Орал, Атырау, Ақтау қаласындағы базарларда саудаланбақшы.

Аудан басшысы Қуат Мусин қаз етінің өңірде де сұранысқа ие екендігін жеткізіп, ең алдымен жергілікті тұтынушылардың қажеттілігін толық қанағаттандырып барып, қалғанын ғана өзге қалаларға шығару керектігін айтады.

Мамандар пікіріне қарағанда, қаз етін­де 16 пайыз ақуыз, 35 пайыз май болады. Ал оның майы да өте пайдалы. Әсі­ресе, үсікті емдеуде шипасы мол. Қарап отырсаңыз, қаздан артық қалдық қал­майды. Оның мамығы да жақсы саудаланады. Көрпе-жастық жасаушылар ма­мықтың келісін 300-400 теңгеден алады.

Кәсіпкер жігіт қаздарын айына 160 мың теңге жалақы төлеп бір адамға бақтырып отыр.

- Бұл жұмысты жаңа бастап жатқаннан кейін әлі көп жағдай белгісіз. Егер күзде саудасы жақсы жүріп жатса, қаз өсіруді мықтап қолға алмақпын. Қаз қораларын жабдықтап, қаз етін өндірумен бірге, балапан қаздың өзін де саудаға шығара­мыз, - дейді Е.Ниетқазиев.