Тасқалалық оқушы өз құрбысын құтқарып қалды - БҚО

ОРАЛ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - 16 қаңтар күні сабақтан шығып, үйге бет алған Тасқала ауданы орталығындағы «Сәулет» гимназиясының оқушылары Жанерке Ерланова мен Айша Қадырберлиева әдеттегідей Деркөл өзенін кесіп өтпекші болған.

Сол сәтте мұз ойылып кетіп, алда келе жатқан Айша суға күмп ете түсті.

-Бастапқыда шошып кеттім. Жүгіріп, «көмектесіңдер, құтқарыңдар!» деп айқайладым. Бірақ маңайда ешкім болмады. Сосын келіп, Айшаны тартқылай бастадым. Айша ауыр болды ма, су тартты ма, әлі жетпеді. Бір жерде ұзақ тұрып қалған соң ба, су беті ойыла берді, ойыла берді. Өзім де түсіп кете жаздадым. Айша да жанталасып бақты. Суға бар денесімен батып кетпеу үшін, қолымен тіреп, өзі де шығуға ұмытылды. Шыққаннан кейін Айшаны үйіне жеткізіп тастадым, - дейді Жанерке.

Журналист Ұлпан Жакинаның хабарлауынша, оннан сәл асқан қаршадай қыз өзінің ерлікке пара-пар іс тындырғанын түсінбейтін де сияқты. Сондай қысылтаяң сәтте абдырап-сасып, жанұшырып, кері жүгірмей, құрбысының қасында болып, дер кезінде құтқару әрекеттерін жасай білді.

Сынып жетекшісі Балғаным Жанекенованың айтуына қарағанда, Жанерке сыныптастарының бәрімен тіл табыса алатын, сыныпты соңынан ерте алатын көшбасшылық қабілетке ие екен. Оқу озаты.

-Математика - сүйікті пәнім. Сабақтан бос уақытта билегенді ұнатамын. Әзірше мамандық таңдағаным жоқ, - дейді Жанерке.