Орталықтың мәліметінше, донорлыққа қарсы көрсетілімдер екі топқа бөлінеді: абсолютті және уақытша.
— Абсолютті қарсы көрсетілімдерге АИТВ инфекциясы, В және С вирусты гепатиттері, мерез, туберкулездің белсенді түрі, қатерлі ісіктер, қан жүйесінің аурулары, ауыр жүрек-қан тамырлары аурулары және басқа да созылмалы аурулар жатады, — деді орталығы Қоғаммен байланыс және ынтымақтастық бөлімінің басшысы Алма Демеуова.
Ал кейбір жағдайда азаматтар бірден донор бола алмайды. Дәрігерлер мұндай адамдарға денсаулығы қалпына келгенше немесе белгіленген мерзім аяқталғанша қан тапсыруды кейінге қалдыруды ұсынады.
— Мәселен, адам жедел респираторлық инфекциямен ауырса, антибиотик қабылдап жүрсе, жақында вакцина салдырса, ота жасатса, жүкті болса, босанғаннан кейін қалпына келу кезеңінде жүрсе немесе татуировка, пирсинг жасатқан болса, уақытша қан доноры бола алмайды, — деді бөлім басшысы.
Маманның айтуынша, бұл талаптар донордың денсаулығын ғана емес, қан құйылатын науқастың қауіпсіздігін де қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Айта кетейік, Қазақстанда соңғы он жылда 140 мыңнан астам тұрақты қан доноры тіркелді.