-Сіз кеңестік кезде де, тәуелсіздік тұсында да прокурорлық қызметте болдыңыз. Екі кезеңнің арасында айырмашылық бар ма?
-Әрине, біздің кезімізде компьютер секілді техникалық кеңсе құралдары болған жоқ. Прокуратураның жұмыстарын, айлық есептерімізді қағазға түсіріп, тікелей өзіміз әкеліп тапсыратынбыз. Қазіргідей электронды нұсқа деген жоқ. Қағазымызды қол машинкамен басып, есебімізді арнайы бланкаларға қолмен түсіретінбіз. Қазіргі жастар жаңа технологияға бейім. Жиналыстың көбі онлайн режимінде өтеді. Ал біз жиналысқа қатысу үшін ай сайын, тоқсан сайын қалаға келетінбіз.
Ерекше айта кететін жағдай - Кеңес үкіметі кезінде басқа мекемелермен салыстырғанда аудандық прокуратураның жабдықталуы нашар болды. Көлігіміз ескі еді. Мен істеген аудандарда прокуратура ғимараттары да кішкентай, сұрықсыз болатын. Қазір ше? Жақында ғана бес ауданда прокуратураға хан сарайындай су жаңа еңселі ғимарат берілді. Бас прокурор Асхат Дауылбаев арнайы келді. Бұл - жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар деген сөз.
-Кеңес кезімен салыстырғанда жұмыс ауқымы, жалақы көлемі, пәрменділігі қалай?
-Аудандарда прокуратура штаты сол күйінде. Бірақ жалақы мөлшері қазір көтеріңкі. Ал пәрменділік, прокурор беделі әр маманның өзіне, қызметіне байланысты. Мысалы, мен Ордада жүргенде аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болдым. Мұндай жағдай сирек болатын. Бөрліде Қабдығали Ахметов қана (кейін Сенат депутаттығына сайланды) бюро мүшесі болды. Кеңес кезінде прокуратура партияға, аупартком хатшысына бағынышты болды. Біз партия ұйымдарын онша көп тексере алмайтынбыз. Ал қазір прокурор әкімдерді тексере алады. Тіпті әкімшілік жазаға тартуына құқығы бар. Мысалы, әкімдік шешімдерін, мәслихат хаттамаларын тексеру, заңсыздық табылған жағдайда наразылық жолдау - прокурордың күнделікті жұмысы деуге болады. Тәуелсіз ел, құқықтық мемлекеттің бір сипаты осы болса керек.
Меніңше, прокуратураның ролі бұрынғыдан да күшті деуге болады.
-Сіз Қазақстанның сол кездегі ең беделді оқу орны - ҚазМУ-ден білім алдыңыз. Бүгінде заңгерді кез келген оқу орны даярлай береді. Қазіргі мамандардың кәсіби біліктілігіне көңіліңіз тола ма?
-Көңілім толмайды. Соңғы кезде жоғары оқу орындары көбейіп кетті ғой. Олардың бәрінде сапалы білім береді деп ойламаймын.
Заңгер мамандығын беру үшін институтта жоғары білімді мамандар болуы керек. Оқытушылардың ғылыми дәрежесі болуы керек. Оқу орнының лайықты кітапханалары болуы шарт. Мысалы, біз оқыған кезде дәріс беруге жан-жақтан профессорлар келетін. Бізге академик Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев секілді ғалымдар сабақ берді. Жаңақала ауданының түлегі Кәлимолла Халиқов менің диплом жетекшім болды. Үлкен ғұлама, оқымысты адам еді. Қазіргі институттарда осындай мамандар бар ма? Заңды жақсы білетін кез келген адам оқытушы бола алмайды ғой. Ол адамда ұстаздық қарым-қабілет, педагогтық тәжірибе болуы керек.
-Ел арасында «Құқық қорғау саласының басшылары біздің облысқа көбіне шеттен келеді, жергілікті мамандар өспейді» деген пікір бар ғой.
-Ол рас, айтылып жүрген әңгіме. Әрине, облыс прокуроры Бас прокуратурадан тағайындалады. Әңгіме прокурордың соңынан келетін кадрларда ғой. Мысалы, қазіргі облыс прокуроры өзімен бірге бір адам да әкелген жоқ. Жергілікті мамандармен жұмыс істеуде. Бұл кісінің алдында кейбір прокурорлар болды, топ болып келіп, топ болып кетті. Бірақ соңғы кезде Елбасы да, еліміздің жаңа Бас прокуроры да жергілікті мамандарға көбірек арқа сүйеу туралы мәселе қойып жатыр.
Мұның бір себебі жергілікті мамандардың орталықтағы беделді оқу орындарына сирек баратындығынан да болуы мүмкін. Әйтпесе, білікті маманға қай кезде де жұмыс табылады ғой. Мысалы, мен 4 курста тәжірибелік машықтану курсын Оралдан өттім. Сол кезде облыс прокуроры Мұқатеп Ажыханов ағамыз «Дипломыңды алған соң ешқайда бұрылмай, елге қайт!» деді. Келгенде құшақ жая қарсы алды. Төрт жылдан кейін аудан прокуроры болдым. Аудан прокуроры үлкен қызмет болатын...
-Қазіргі прокурорларға ешкімнен пара алмай, әділеттің ақ жолымен жүруіне мүмкіндік бар ма?
-Әрине. Бұл адамның өзінің тәрбиесіне, адалдығына байланысты. Әйтпесе, бүгінде таза жүруге мүмкіндік жеткілікті. Прокурордың жалақысы отбасын асырауына, күнделікті нанын тауып жеуіне толық жетеді деп ойлаймын. Мысалы, бұрын аудан прокурорына ескі-құсқы қызмет көлігі әрең тисе, қазір көмекші прокурорлардың өзі жеке меншік шетелдің автокөлігін мініп жүр. Бұл тұрмыстың жақсарғаны емес пе?
-Облыстық прокуратура саласы ардагерлерінің ұйымы қашан құрылды?
-Өткен жылы сәуір айында облыс прокуроры Жақсылық Байтұқбаев шақырды. Басқа облыстарда болғанымен, бізде прокуратура ардагерлерінің ұйымы жоқ екен. Жақсылық Ысқақұлы «Аға буын өкілдерінің басын қосатын қоғамдық ұйым құрсаңыз қайтеді?» деген ұсыныс айтты. Содан барлық ардагерді жинап, басын қосып, ақылдастық. Ақыры осы ұйымды құрдық. 2010 жылдың 4 мамырынан бастап жұмыс істеудеміз.
Байқасақ, осындай ұйым ең алдымен өзімізге, ардагерлерге керек екен. Өзіміз анда-санда жиналып, жас мамандармен кездесіп тұрамыз. Қоғамға әлі де қажеттілігімізді сезіндік. Өз арамыздағы қарияларымызды туған күнімен құттықтаймыз, алғыс хат табыс етеміз. Өмірдің заңы ғой, дүниеден өткен әріптестерімізді ақырғы сапарға шығарып салуға көмектесеміз. Санап қарасақ, былтыр 25 ардагеріміз бар еді. Міне, бір жыл ішінде екеуі қайтыс болып кетті...
Сөзімді қорыта айтсам, заңдылықты қадағалауда, азаматтардың құқықтарын қорғауда прокуратура қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер қойылып отыр. Мұны таяуда Бас прокурорды қабылдаған кезде Елбасымыз тағы да қадап айтты. Тәуелсіз ел болғаннан кейін әр азамат өзін толық еркін сезінуі қажет. Ал заңбұзушылық болған жағдайда кім-кім де соған сәйкес жауап беруі тиіс. Тек әділеттің ақ жолынан таймасақ болғаны. Бұл - бәрімізге де ортақ міндет әрі биік абырой.