Тәуелсіздік тарихы: Елін өрге сүйреген Елбасы

ың 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Осыдан дәл жиырма жыл бұрын қазақ халқының тәуелсіз ел болып қалыптасуына даңғыл жол ашқан тарихи оқиға болды. 1989 жылғы маусымның 22-інде Қазақ КСР-інің астанасы Алматы қаласында Қа­зақстан Коммунистік партиясы Орта­лық Комитетінің ХV пленумы болып, оның бірінші хатшылығына Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.

 Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасып, даму жолына үңілетін болсақ, бұдан жиырма жыл бұрынғы бұл оқиғаның еліміздің кемел келешегі үшін шын мәнінде аса маңызды болғанын байқаймыз. Кеңес Одағының әлі де болса кесірткідей қауқары бар сол тұста билік басына жергілікті ұлттың өкілі келді. Бұл қайсар еліміздің жігеріне жігер қосты. Іс жүзінде ол кезең, яғни 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басы дәурені аяқталып келе жатқан Одақ құрамындағы барлық елдердің азаттыққа ұмтылған, жылдар бойы бір жүйенің мойынға таққан  бұғауынан босауға бет бұрған уақыт болды. Түйіндеп айтқанда, ол заман қазіргі посткеңестік кеңістіктегі басқа да елдердегідей сияқты Қазақстан үшін де  үлкен бетбұрыстардың уақыты болды. Жұртшылықтың санасында қайта құру және қоғамдық жаңғырту тәрізді идеялар етене сіңе бастаған сәтте халық мұндай жұмысты істей алатын көшбасшысын жыға таныды.

Кейіннен бұл оқиға тағы бір тарихи оқиғаның орын алуына ықпал етті. 1990 жылғы қазанның 25-інде  сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депу­тат­тары еліміздің дербестігінің не­гізін қалаған құжатқа - Еге­мен мемлекет туралы деклара­ция­ны қабылдады. Бұл еліміздің тәуелсіздігі тарихындағы жаңа белестерді ашқан тарихи күн болды, ол ресми түрде мемле­кеттік мереке деп жарияланды. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация еліміз Конституциясының не­гізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі болып табы­ла­ды. Бұл құжатта Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сырт­қы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйым­дардың қызметіне қаты­суға құқығы бар» еге­мен мемлекет деп жария­лан­ды. Одан кейін 1991-інші жылғы желтоқсанның 16-сында Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Н. Назарбаев сайланды. Сөйтіп Қа­зақстан Коммунистік партиясы Орта­лық комитетінің ХV пленумы қабылдаған шешім қазақ қоғамына түбегейлі өзгерістер енгізді. Н. Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті болғаннан кейін қол қойған алғашқы Жарлықтарының бірі - 1991 жылғы тамыздың 29-ындағы «Семей полигонын жабу туралы» Жарлық болды. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние жүзіне  мәлім тарихи фактіге және біздің ұлттық мақтанышымыздың мәніне айналды.

Қазақстан  әлемдегі ауқымы жөнінен төртінші ядролық арсеналдан өз ықтиярымен бас тартты. Сондай-ақ Қазақстан ТМД-да алғашқылардың бірі болып Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа және Ядролық сынақтарға баршаны қамтитын тыйым салу туралы Шартқа қосылды. Біздің мемлекет осылайша тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан-ақ аймақтағы және әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге аса  ықыласты екенін айқын әрі нақты ісімен білдірді. Қазақстанның мұндай шешімдері мен қадамдарын бүгінде барша әлем құрметтейді. Одан кейін Елбасының бастамашылдығымен 1993 жылғы мамыр айында «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. Осылайша біздің мемлекет кезінде кертертпа жүйенің кесірінен еліміздің азаттығы мен тәуелсіздігі жолында құрбан болған азаматтарды ақтап, бәзбіреулердің өктем саясатымен жасалған тарихтың қателігін түзеді.

Әрине Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Кеңес Одағының шекпенінен шыққан өзге мемлекеттердегідей Қазақстан үшін де оңайға соқпады. Халық нарық қағидаттарына бірден бейімделе алмады. Одақ кезінде шикізат шығаруға ғана бейімделген, алайда оны өндіруге аса дағдыланбаған біздің еліміздің экономикасы күрт құлдырап кетті. Инфляция шарықтап, халықты жұмыссыздық жайлады. Дүкен сөрелерінде күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлардың тапшылығы байқалды. Қысқасы тоқсаныншы жылдардың басы Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан да, саяси жағынан да аса сындарлы кезең болды. Алайда, Н. Назарбаевтың таңдаған, стратегиялық бағытының арқасында көпұлтты Қазақстанда ең бастысы қандай да бір қақтығыстардың тұтануына жол берілмеді. Тыныштықты ту етіп, бейбітшілікті тал бесікте тербеткен еліміз «алдымен экономика, содан кейін саясат», деген қағиданы қатаң ұстанып, дамудың өзгеге ұқсамайтын өзіндік моделін жасап, соны жүзеге асырды. Алдымен елдің еңсесін көтеруге, экономиканы қалпына келтіріп, қарқындатуға күш салынды. Қоғамдағы саяси реформалар да рет-ретімен жүргізілді. Осылайша бір-бірімен үйлескен әр саладағы іргелі реформалардың нәтижесінде Қазақстан 90-шы жылдардың ішіндегі тоқыраудан сансырап емес, салиқалы оймен әрі нық сеніммен шықты. Ал, жиырма бірінші ғасыр басталғаннан кейін мемлекетіміз дұрыс құрған экономикалық жүйесінің арқасында дамудың даңғыл жолына түсті. Қазақстанның экономикадағы, саясаттағы реформалары аймақ деңгейінде ғана емес, әлемдік ауқымда да мойындала бастады. Елбасы аймақтың ғана емес, дүниежүзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заманауи маңызы зор идеялар мен бастамаларды көтеріп, олардың өмірде іске асуына себепші болып жүр. Жалпы Қазақстанның қай кезеңде көтерген бастамалары болмасын жұртшылық жадында өміршеңдігімен сақталып қалуда. Қазақстанның өмірдің әр саласында  қол жеткізген табыстары бүгінде біздің еліміздің ТМД-дағы жетекші мемлекеттердің біріне айналуына әкелді. Оның үстіне еліміздің қоғамды демократияландырудағы ерен еңбегін ескеріп Еуропа елдері терезесін айқара ашып отыр. Бұйырса 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасаймыз.

Бүгінде Астана сияқты әлемге әйгілі елордасы бар, ынтымағы мен бірлігі, достығы мен берекесі жарасқан Қазақстанға қызығып та, қызғанып та қарайтын елдер баршылық. Еліміз осындай қол жеткізген жетістіктеріне ешқашан тоқмейілсіген емес. Президенттің басшылығымен жарқын болашаққа нық қадам басып барады. Әлемді жайлаған қазіргі дағдарысты да тиімді еңсеріп келеді. Мұны басқа-басқа емес, аузы дуалы халықаралық сарапшылардың өздері айтып отыр. Экономика мен саясаттан бөлек, рухани дүниеміз жаңғырып, «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жаңаруда». Тәуелсіздіктің арқасында халық жылдар бойы қол үзіп қалған қайнар бұлағымен қауышты. Жаңа буын ата тарихымызды біліп, ұлттық салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызбен сусындап өсіп келеді. Тәуелсіздігіміздің арқасында мемлекеттік тіл деп жарияланған Кеңес Одағының тұсында қағажу көрген қазақ тілінің проблемасы біртіндеп шешімін тауып жатыр. Мемлекет құраушы ұлт - қазақтардың  саны Қазақстандағы халықтардың жетпіс пайызына жуықтап қалды. Ең бастысы ел іргесі тыныш, іші бүтін.

Міне, осылардың бәріне тарих безбеніне көз салсақ, осыдан жиырма жыл бұрын Қа­зақстан Коммунистік партиясы Орта­лық комитетінің ХV пленумында қабылданған тарихи шешімнің бастау болғанын байқаймыз. Содан кейін егемендігіміз туралы декларация қабылданды, ал одан соң Тәуелсіздігімізді жарияладық. Өз қолымыз өз аузымызға жеткеннен кейін қазіргідей деңгейге көтерілдік. Егер де осыдан жиырма жыл бұрын, Кеңес Одағының кесірткідей болса да қауқары бар тұста жоғарыдағыдай маңызды шешім қабылданбағанда, кім білсін, мүмкін тарихтың доңғалағы басқаша айналар ма еді. Бағымызға орай, олай болмады. Ел тізгіні, парасатты, сарабдал адамның қолына тиді, оны халқы қостады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында талай қиыншылықтарды еңсеріп келеміз. Бұған шүкіршілік ету қажет.