1992 жылы Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация туралы Чикаго конвенциясына қосылып, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынымдарын мүлтіксіз орындау жөнінде өзіне міндеттеме алды.
2017 жылғы ИКАО аудитінің нәтижелері бойынша әуежайлардың қауіпсіздік деңгейі 83%-ды құрайды. Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұйымдастырудағы елеулі прогресс пен деңгейді ескере отырып, 2020 жылғы 24 қыркүйекте ИКАО Ассамблеясы аясында Қазақстан әлемнің 190 елінің арасында қол жеткізген нәтижелері үшін ИКАО Кеңесі Президентінің жоғары наградасымен атап өтілді.
Соңғы 3-4 жылда Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 68-қадамы ауқымында тапсырмасын және Президенттің тапсырмаларын орындау үшін азаматтық авиацияны басқару тәсілдеріне түбегейлі реформа жүргізілді. Қабылданған шаралар бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттыруға, Қазақстанның Азаматтық авиациясының халықаралық аренадағы имиджін жақсартуға, қолданыстағы сыбайлас жемқорлық схемаларын «бұзуға» мүмкіндік берді. Бұл тұрғыда Қазақстан қабылдаған шараларды халықаралық авиациялық ұйымдар оң бағалады. UKCAA-ның 2018 жылғы 7 тамыздағы жаңа модельдің азаматтық авиацияны реттеу жөніндегі үздік әлемдік практикаларға және ИКАО талаптарына сәйкестігі туралы қорытындысы алынды.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) және Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық агенттік (EASA) сондай-ақ Қазақстанның жаңа модельді енгізу бойынша ілгерілеуін атап өтті.
«2019 жылғы 1 тамыздан бастап негізгі функциясы ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздік саласындағы техникалық бақылау мен қадағалау болып саналатын мемлекеттің 100% қатысуымен «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ өз қызметін бастады. Құрылған модель мемлекеттік корпорация болып саналатын UKCAA моделіне ұқсас. Әкімшілік халықаралық аэронавигациялық алымдар есебінен қаржыландырылады, бұл да шетелдік практикада қолданылады және ИКАО талаптарына қайшы келмейді. Мұндай тәсіл Қазақстанда және ТМД елдері арасында алғаш рет енгізілді. Басқарудың осындай моделі Еуропалық азаматтық авиация агенттігінің (EASA) барлық елдерінде таралған, дамыған елдерде (Сингапур, БАӘ, Франция және т.б.) қолданылады және ИКАО мен EASA мойындады», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінде.
Азаматтық авиация саласын реттеудің жаңа моделі ИКАО құжаттарына толық сәйкес келетінін атап өту маңызды. Ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздік саласында 2021 жылғы 3 тоқсанда авиациялық әкімшілік:
- 513 инспекциялық тексеру жүргізілді;
- 319 лицензия берілді;
- 26 рұқсат берілді (авиациялық қауіпсіздік, жерде қызмет көрсету).
Сондай-ақ, тексеру нәтижелері бойынша ұшу қауіпсіздігі бойынша талаптарды сақтамайтын 8 авиакомпанияның, оның ішінде «Бек Эйр» авиакомпаниясының, күмәнді жүктерді заңсыз тасымалдаумен айналысқан 3 авиакомпанияның қызметі тоқтатылды.
Осылайша, күрделі сын-тегеуріндер кезінде жаңа модель жеделділік пен икемділік танытып, сол арқылы өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдеді. Оң нәтижелер, соның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар және объективті әрі тәуелсіз шешім қабылдауды қамтамасыз етпеген инспекторлар мен авиакәсіпорындар арасындағы қалыптасқан байланыстарды жою арқасында мүмкін болды. Нәтижесінде, Авиациялық әкімшілік құзыретті, объективті және сыртқы факторларға тәуелсіз жұмыс көрсетеді.
Атап айтқанда, ағымдағы жылғы 2-11 тамыз аралығында виртуалды режимде ИКАО Үйлестірілген валидациялық миссиясы (ICVM) аясында БҰҰ мамандандырылған мекемесі, ИКАО халықаралық ұйымы аудиторларының саланы тәуелсіз тексеруі өтті. Онда алдын ала деректер бойынша Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84% - ға дейін көтерді, бұл орташа әлемдік көрсеткіштен 15% - ға жоғары.
ИКАО стандарттарына сәйкестіктің өсуі тексерудің келесі салалары бойынша көрсетілді:
- Негізгі авиациялық заңнама (LEG) 61% - дан 81% - ға дейін;
- Азаматтық авиация ұйымы (ORG) 37% - дан 75% - ға дейін;
- Аэронавигациялық қызмет көрсету (ANS) 87% - дан 95% - ға дейін;
- Әуеайлақтар және жердегі құралдар (AGA) 56% - дан 90% - ға дейін;
- Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру (AIG) 47% - дан 53% - ға дейін).
«Қазіргі уақытта осы көрсеткіш бойынша біз Нидерланды – 87%; Бельгия – 87%; Португалия – 87%; Чехия – 87%; Латвия – 86%; Дания – 85%; Исландия – 84%; Польша – 84%; Словения - 82%, Кипр - 82% сияқты көшбасшы елдермен бір қатардамыз», - деп аталып өткен индустрия министрлігі ақпаратында.
Әуе қатынасы
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемнің ірі қалаларымен және халықаралық қаржы орталықтарымен әуе қатынастарын ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Коронавирус инфекциясы пандемиясына дейін Қазақстанда 26 шет мемлекетпен 97 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы болды, онда аптасына 430 рейс орындалды.
2018 жылы қазақстандық және шетелдік әуе тасымалдаушылар Атырау-Франкфурт, Нұр-Сұлтан-Қазан, Нұр-Сұлтан-Түмен, Нұр-Сұлтан-Вильнюс, Нұр-Сұлтан-Челябинск, Нұр-Сұлтан-Краснодар, Нұр-Сұлтан-Душанбе, Нұр-Сұлтан-Томск, Нұр-Сұлтан-Сочи, Рига-Алматы, Новосибирск-Павлодар, Красноярск-Алматы, Мәскеу-Қызылорда, Хельсинки - Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша 14 жаңа маршрут ашты.
2019 жылы қазақстандық және шетелдік авиакомпаниялар Нұр-Сұлтан-Токио, Нұр-Сұлтан-Прага, Нұр-Сұлтан-Ұлан-Батор, Алматы-Джидда, Алматы-Медина, Нұр-Сұлтан-Жуковский, Алматы-Баку, Жуковский-Қарағанды, Жуковский-Көкшетау, Жуковский-Петропавл, Нұр-Сұлтан-Новосибирск және Мәскеу-Семей бағыттары бойынша халықаралық рейстерді ашты.
2019 жылғы 1 қарашадан бастап бірінші кезеңде Қазақстанның 11 әуежайында (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей) рейстер саны бойынша барлық шектеулерді алып тастауды және шетелдік авиакомпанияларға қазақстандық тасымалдаушылар жұмыс істемейтін бағыттар бойынша бесінші дәрежелі «ауа еркіндігін» беруді көздейтін «ашық аспан» режимі енгізілді. 2020 жылы осы режим Түркістан қаласы әуежайында енгізілді.
Қазіргі уақытта халықаралық бағыттар бойынша рейстер аптасына 248 рейс жиілігімен 65 бағыт бойынша 23 елде қалпына келтірілді.
Әуе компаниялар әлеуеті
2001 жылы «Эйр Астана» әуе компаниясы құрылды, ал 2002 жылғы 15 мамырда Алматы – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша өзінің алғашқы рейсін орындады.
Бүгінгі таңда «Эйр Астана» әуе паркі орташа пайдалану мерзімі 4,6 жылды құрайтын, батыста шығарылған 36 ұшақтан тұрады. Компанияның 20 Airbus А320nео әуе кемесін жеткізуге тапсырысы бар. Алғашқы 17 ұшақ алынды және сәтті пайдаланылуда. Айта кету керек, «Эйр Астана» АҚ ТМД аумағында аталған ұшақ түрін іске қосқан алғашқы әуе компания болды. 2017 жылы әуе акомпаниясы 5 Embraer E190-E2 ұшағын операциялық лизингке жеткізу туралы келісімге қол қойды, олар 2018-2019 жылдары пайдалануға берілді.
Авиабилеттердің құнын төмендету және авиатасымалдаушылар арасындағы бәсекелестікті арттыру жөніндегі негізгі шаралардың бірі ретінде бірінші отандық төмен бюджетті «Fly Arystan» тасымалдаушысы іске қосылды.
2019 жылғы 1 мамырда отандық «Fly Arystan» лоукостер Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша алғашқы рейсті жүзеге асырды. Ағымдағы жылы авиакомпанияның әуе паркі 10 Airbus 320 әуе кемесін құрайды.
Қазіргі уақытта Алматыдан Көкшетауға, Петропавлға, Үшарал, Жезқазған, Тараз бен Балқашқа; Нұр-Сұлтаннан Петропавлға, Талдықорғанға, Үшарал мен Балқашқа; Ақтаудан Көкшетауға; Қарағандыдан Өскеменге; Түркістан қаласынан Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Павлодар, Өскемен, Қарағанды, Талдықорғанға 23 субсидияланатын ішкі әуе рейстері орындалады.
Әуежайлар мүмкіндіктері қандай
Қазіргі уақытта елімізде 20 әуежай жұмыс істейді. Оның ішінде 2 мемлекеттік әуежай, 6-сы – жекеменшікте, коммуналдық меншікте – 10 әуежай, сенімгерлік меншікте – 2 әуежай . Қазақстан әуежайларында жердегі инфрақұрылым объектілерін жаңғырту бойынша жұмыстар жоспарлы жүргізілуде, бұл өз кезегінде заманауи әуе кемелерінің барлық типтерін қабылдауға мүмкіндік береді.
Тәуелсіздік жылдары барлығы 18 әуежайда ұшу-қону жолағын реконструкциялау/салу және 13 әуежайда терминалдарды реконструкциялау/салу жүргізілді.
2017 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын орындау аясында Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталды. Өткізу қабілеті сағатына 2525 жолаушыға жетті.
2017 жылы Алматы қаласы әуежайының меншік иесінің қаражаты есебінен ИКАО санатын ІІІВ-ға дейін арттыра отырып, ұшу-қону жолағының бірін реконструкциялау аяқталды. Оның іске қосылуымен ұшу/қону саны сағатына 13-тен 24-ке дейін өсті, бұл авиакомпаниялардың өндірістік қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
2018 жылы Семей қаласы әуежайының ҰҚЖ, рульдеу жолын және аэровокзалын реконструкциялау бойынша жұмыстар аяқталды.
Сонымен қатар Петропавл қаласының әуежайында тұрақ орындарын ұлғайту үшін перронды кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілді.
2019 жылы Қостанай және Балқаш қалалары әуежайларының ұшу-қону жолағы реконструкцияланды. 2020 жылы Түркістан қаласының әуежайы салынды, ол Тәуелсіз Қазақстандағы толықтай жаңадан салынған алғашқы әуежай болды.
2017 жылы әуежайларды жаңғырту бойынша жобаларды қаржыландыру тәсілі қайта қаралды және қазіргі уақытта 5 нысан бойынша жұмыс жүргізілуіп жатыр. Бұл ретте Шымкент қаласында жаңа терминал салу, Орал қаласының әуежайындағы аэровокзал кешенін және Өскемен қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау ескерілген. Сондай-ақ, Үшарал қаласының әуежайында ҰҚЖ, рульдеу жолы мен перронды және Үржар елді мекеніндегі аэровокзал ғимаратын реконструкциялау жалғасуда. Жалпы инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан барлық жұмыс елдің туристік және инвестициялық имиджіне оң әсерін тигізеді.
Маңызды жетістіктердің бірі Нұрсұлтан Назарбаев TSE халықаралық әуежайының үш әріптік кодын NQZ-ге өзгерту болды. 2014 жылдан бастап Қазақстан Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының үш әріптік кодын өзгерту бойынша белсенді жұмыс жүргізді.
ИАТА өкілдерімен бірлесіп, 763 қарарда белгіленген әуежай кодтарын беру және өзгерту бойынша ИАТА тәсілдеріне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Аталған өзгерістер 2019 жылғы 14 қазанда Варшава (Польша) қаласында ИАТА-ның барлық мүшелерінің қатысуымен өткен жолаушылар тасымалы стандарттары (Passenger Standards Meeting) жөніндегі кеңесте қолдау тапты.
IATA-ның 2020 жылғы 6 сәуірдегі арнайы хабарламасына сәйкес, Астана әуежайының үш әріптік кодын өзгерту туралы түпкілікті ресми шешім қабылданды.