Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ауыл-аймақ қайта түлейтін болады

ОРАЛ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ауыл-аймақ қайта түлейтін болады. Бұл туралы Бөрлі ауданы Қанай ауылдық округінің әкімі Құрманғазы Есенәлиев мәлім етті.

Аталмыш ауылдық округ биыл ауданның 75 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Үздік елді мекен» байқауында бірінші орынды жеңіп алып, 1 млн. теңге жүлдені иеленген болатын.

Әкімнің айтуынша, Тәуелсіздік туы желбірегелі 20 жылға аяқ басты. Дамыған елу жылдың қатарынан көрінуге ұмтылған еліміздің алдында тұрған басты міндеттердің бірі - бір кездері құлдырап кеткен ауыл шаруашылығын көтеру. Осыған орай Ақсай қаласынан ауыл шаруашылығын дамытуға ниет қойған Николай Кузнецов есімді кәсіпкер осы іске тартылған. Бүгінде, міне, қора-қопсысын жөндеп, ауласын қоршап алды. Әзірге малды бағып-күтетін бір адамды жұмысқа қабылдап отыр, қысқа қарай тағы 2-3 малшы алмақ. Малшылар тұратын барлық жағдайы жасалған баспананы жеткізіп қойды. Қажетті жемшөбін дайындап алып, Жаңақала жақтан 40 шақты еділбай тұқымды қазақы қойды әкеліп те үлгерді. Бұл - әкелетін малдың алғашқы легі. Алдағы уақытта қойдың саны 140-150-ге жетпек.

Ауылда бұрынғы кеңшар балабақшасының ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, мектеп мұғалімдері үшін алты пәтерлік жатақхана ретінде қайта пайдалануға берілмек. Оның екеуі екі бөлмелік, қалғандары төрт пәтерлік тұрғын жай болмақ. Құрылыс жұмыстарын «Тілмәш» ЖШС (Н.Құдайбергенов) атқаруда. Мұндағы қызу еңбек етіп жатқан 13 адамның жетеуі - жергілікті тұрғындар. Ауыл әкімінің айтуынша, мердігерлер жатақхананы қарашаның ортасына таман пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бұл жатақхананың берілуі кейінгі екі жылда ауылдағы негізгі мектептің педагогтар қатарын толықтырған 15 жас маман үшін баспана мәселесін оң шешуге өзіндік ықпалын тигізері анық.

Баспана мәселесі тек жас мамандар ғана емес, зейнет жасындағы қариялар мен көп балалы отбасылар үшін де оңтайлы шешілуде. Жұбайы Мәрзия екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірген Сатай Тәңірберген 2003 жылы Жаңақала ауданынан Қанай ауылдық округі аумағындағы «Шұғыла» ЖШС-не көшіп келген. Содан бері ұлдары мал бағып, өздері қарауыл болып, техника жөндеуге көмектесіп дегендей, әртүрлі жұмыста болған екен. Серіктестікке жолы түскенде зейнеткерлікке шыққалы бос отырған қарияларды көрген округ әкімі Қ.Есенәлиевтің ойына бірден әкімдіктің қарсысындағы қаңырап бос тұрған үй оралады. Үйдің заңды иесі «Шұғыла» ЖШС басшыларымен келісе отырып, жақында сол үйді қарияларға алып беріпті. Ойламаған жерден баспаналы болғанына қуанған қариялар кірпішпен қапталған, аңғал-саңғалы шыққан тас үйдің тесіктерін бітеп, майлап-сырлап, жұтындырып қойған. «Он бір баланың алтауы аяқтанды, немерелерім Бөрліде жатып оқитын еді. Енді, міне, Құрманғазы Алхамұлының арқасында орталықтан үй алып, мәз болып отырмыз. «Өз үйің - өлең төсегің» дегендей, құдай қаласа, немерелерімізді оқытып, соларға бас-көз болып отырсақ, жарап жатыр», - деді ақсақал риза кейіппен. Сол жердегі тағы бір үйді ауыл басшысы Шыңғырлау ауданынан көшіп келген бес балалы отбасына берген екен, олар да құлап жатқан үйді көтеріп, жөндеп алыпты.

Алдағы уақытта Қанайдан 18 шақырым жерде орналасқан Дәниләкөл деген табиғаты жақсы елді мекенді көркейтіп, сол жерге ірі шаруа қожалықтарын шоғырландыру және демалыс орнын ашу да ойластырылуда.