Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауы барысында атап өтті.
«Тәуелсіздік жылдары «Қазақстандық жолдың» базалық құндылықтары, бостандықтың, бірлік пен тұрақтылықтың, өркендеудің жолдары қалыптасты», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
«Менің Жарлығыммен «2011 жыл - Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» деп жарияланды. Мемлекеттік комиссия құрылып, іс-шаралардың жалпы ұлттық жоспары бекітілді. Бұл жалпы халықтық іс», - деп атап өтті Президент.
Осы орайда Елбасы Үкіметке Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған іс-шараларды іске асыру үшін инвесторлардың, бизнес-қоғамдастықтардың, қазақстандықтардың күш-жігерін біріктіруді тапсырды.
«Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы - біздің мерейтойымызды мерекелеудегі басты ұран болмақ», - деді Президент.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы жоғарыда айтылған міндеттерге баршамыз жұмыла кірісуіміз керек екенін қадап айтты.